Маңғыстау облысында салынып жатқан Кендірлі әуежайын 2026 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Бұл ретте алғашқы жылы әуе айлағы тек жаз мезгілінде жұмыс істейді. Tengri Travel оның себебін анықтап, құрылыстың қалай жүріп жатқанын білді.
Әуежайдың сырты қандай болады және құрылыс қашан аяқталады?
Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы болашақ Кендірлі әуежайының макетін ұсынды.
Әуе айлағының сыртқы түрі мынадай болады деп күтіледі.
Суретті Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ұсынды
Ведомство мәліметінше, құрылысты 2026 жылы аяқтау жоспарланған. Дегенмен, басқарма нақты мерзімдерді атамады.
Қазіргі уақытта болашақ әуежай аумағында келесі жұмыстар атқарылып жатыр:
- жасанды ұшу-қону жолағы (ЖҰҚЖ), перрон және жүру жолдары (РЖ);
- сыртқы инженерлік желілер тартылып, алаң ішіндегі және периметрлік жолдар салынып;
- ғимараттар мен құрылыстар бой көтеріп жатыр.
Сонымен қатар, жұмысшылар метеорологиялық, аэронавигациялық және жарық-сигналдық жабдықтарды монтаждап, қоршаулар орнатып жатыр.

Сурет: Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ұсынған
Ведомство өкілдері әуежайға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу мен орнату жұмыстары әлі аяқталмағанын айтты.
"Жабдықтаушылармен шарттар жасасу жұмыстары жүргізіліп жатыр, сондай-ақ аванстық төлемдер аударылып жатыр", - деді басқармадағылар.
Әуежай маңында тағы не болады және жобаның құны қанша?
Терминал айналасында инфрақұрылым құруға уәде берілді: 100 орындық тұрақ, жасыл желектерді автоматты түрде суару жүйесі, жарықтандыру және кірме жолдар жасалады.
Басқарма жобаның түпкілікті құны мемлекеттік сараптамадан кейін белгілі болатынын хабарлады.
Сондай-ақ әуежай "Қазаэронавигация" РМК-ның жеке қаражаты есебінен салынып жатқаны айтылды.
Әуежай қалай жұмыс істейді?
Азаматтық авиация комитетінің болжамы бойынша, жұмыстың алғашқы жылы әуе айлағы жылына шамамен 18 мың жолаушыға қызмет көрсетеді.
Жолаушылар ағынының аздығына байланысты әуежайды тек жазда пайдалану жоспарланған.
"Жұмыстың алғашқы жылында жолаушылар ағыны аз (жылына 18 мыңға жуық жолаушы) болады және аптасына 3-4 рейс орындалады деп болжануына байланысты, әуежайды тек жазғы кезеңде пайдалану жоспарланып отыр", - деді басқарма өкілдері.
Кендірліге қай әуекомпаниялар ұшады?
Кендірліге қай әуекомпаниялар ұшатыны және Астана немесе Алматыға билет құны қанша болатыны туралы мәселелер әзірге ашық қалып отыр.
"Маршруттық желіні қалыптастыру және ұйымдастыру туралы шешім құрылыс аяқталғаннан кейін және әуежайлардың пайдалануға дайындығы бағаланған соң қабылданады. Бұл ретте Көлік министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың және авиакомпаниялардың маршруттық желіні дамыту жоспарлары ескеріледі. Тарифтер бағыттардың ұзақтығына, қызмет көрсету класына және рейстер ашылған кездегі нарықтық жағдайларға қарай айқындалады", – деп хабарлады ведомство.
Еске сала кетейік, бұған дейін Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев алғашқы сынақ рейстері биыл-ақ іске қосылуы мүмкін екенін, ал тұрақты рейстер 2027 жылға жоспарланғанын айтқан болатын.
"Негізгі рейстер келесі жылы басталады. Билет құнына қатысты мәселе әзірге ашық қалып отыр", – деді ол.
Министрдің айтуынша, әуе билеттерінің бағасы әкімдіктерге, олардың туристерді тартуға деген қызығушылығы мен рейстерге бөлінетін субсидиялар көлеміне байланысты болады.