Петропавлда ауыр дертке шалдығып, төсекке таңылған және бірінші топтағы мүгедектік алған әйел ауруды жеңіп, аяғынан тік тұрды. Қазір ол белсенді өмір сүріп, өзгелерге сенім ұялатып жүр. Үмітсіз болжамдарға қарамастан, мақсатына табандылықпен жеткен кейіпкер өзінің ерлікке толы оқиғасын TengriHealth тілшісіне айтып берді.
Елена Аличева осы жазда 65 жасқа толады. Ол зейнеткер және он жастағы немеренің әжесі. Бірақ осы бір белсенді, жарқын жүзді әйелге қарап, "зейнеткер" деп айту қиын.
Ол үшін жас мөлшері төлқұжаттағы цифр ғана, өйткені оның бойындағы күш-қуатқа, өмірге құштарлыққа, оптимизмге және спорттық сымбатына жастар қызыға қарайды.
"Мұның бәрі күнделікті дене шынықтыру мен көтеріңкі көңіл-күйдің нәтижесі", - деп күлімсіреген Елена өзіне айтылған мақтауларға жауап беріп, керемет қалпын сақтаудың құпияларын бөлісті.
Елена қайтадан аяққа тұрып, қазір өзгелерді жігерлендіріп жүр. Фото жеке мұрағаттан
"Мен үнемі емдік дене шынықтыру, скандинавиялық жүріспен айналысамын, жазда велосипед тебемін, ал қыста - шаңғы тебемін. Суды өте жақсы көремін, бассейнге барамын, сондай-ақ өзенге алғашқы мұз қатқанша шомыламын".
Ал бір кездері Елена кенеттен келген ауыр дерттен қозғала алмай қалған еді. Оның аяғы толықтай сал болып, қолдары тіпті қасық ұстауға келмеген. Қайтадан жүріп кетуіне ешқандай мүмкіндік болмады деуге келеді.
Дәрігерлер: "Егер науқас көп жаттығатын болса, бәлкім, төсектен мүгедектер арбасына отыра алар", - деп "үміттендірген". Бірақ біздің кейіпкеріміз оңайлықпен берілетіндер қатарынан емес!
Елена өзінің өмір бойы күрескер болғанын растайды.
Елена анасы және әпкесімен. Кішкентай Лена анасының құшағында. Фото жеке мұрағаттан
"Менің әпкем бар. Одан кейін әкем мен анам ұл күткен екен, бірақ мен дүниеге келдім. Сондықтан олардың үмітін ақтамаған соң, бала кезімнен саналы түрде бірдеңеге қол жеткізуге, бірдеңені дәлелдеуге тырыстым. Әкем де маған ұлы сияқты қарайтын болуы керек, рульге бойым жетпесе де, көлік жүргізуді үйрететін. Өзім де ер бала сияқты пысық, қайсар, алғыр болдым, спортпен үнемі айналысатынмын - волейбол ойнадым, секірдім, жүгірдім", - дейді кейіпкеріміз.
Сонымен қатар Елена әрқашан шығармашылыққа жақын болған: мектеп қойылымдарында ойнап, өлеңдерді мәнерлеп оқыған, хорда ән айтқан. Актриса болуды армандаған, бірақ анасының қалауымен байланыс маманы болу үшін Новосибирск электротехникалық байланыс институтына оқуға түскен.
Институттың соңғы курсында ол курстасы Борис Аличевке тұрмысқа шығады. Ол Алтай өлкесінен, бірақ 1983 жылы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жарының соңынан оның туған жері Петропавлға келеді. Елена отбасында ұлы, содан кейін қызы дүниеге келгенін еске алды. Бәрі де жақсы еді...
Елена зейнетке шыққанға дейін. Фото жеке мұрағаттан
Күл-талқаны шыққан өмір
2005 жылдың жазында 44 жасқа толған Елена Аличева қызы Ольгамен Қара теңізге демалуға барады. Үйге оралған соң, біраз уақыттан кейін оның қол-аяғы мен арқасында қатты ауырсыну басталады.
"Бүкіл денем тырысып, тартылғандай болды. Мұндай ауырсынуды бұрын-соңды сезген емеспін. Бірден ауруханаға жүгірдім, бірақ дәрігерлер бұл "біртүрлі" ауру екенін айтып, бастарын шайқады", - деп еске алады кейіпкеріміз.
Күн өткен сайын жағдайы нашарлай берді, кейін бұл дертке бұлшықет әлсіздігі қосылып, аяғын баса алмай қалған. Дәрігерлер Еленаға "шашыраңқы склероз", "полиневропатия" деген күмәнді диагноздар қойып, ауруханаға жатқызады. Бірақ нәтиже болмады, ауырсынуды басатын дәрілер мүлдем көмектеспеген.
Елена күйеуі Борис және немересі Арсениймен. Фото жеке мұрағаттан
Не болып жатқанын ешкім нақты айта алмады, ал ауру өте жылдам өршіді. Елена таяқсыз жүре алмайтын жағдайға жетті. Ауырсыну басылмай, тамақ ішу, тіпті тыныс алу қиындаған. Бір күні әйел неврология бөліміне қабылдауға жазылады:
"Облыстық аурухананың кіреберісінде құлап қалдым, аяғым бағынбай қалды. Сол кезде жағдайдың өте нашар екенін, аяғымның біржола істен шыққанын түсіндім. Ал ауру басталғалы небәрі бір ай ғана өткен еді...".
Күйеуі Еленаны үйге мүгедектер арбасымен алып барған.
"Сол сәтте мен төсекке таңылдым, тіпті үйдің ішінде жүре алмайтынмын. Не сезінгенімді айтып жеткізу қиын. Қорқыныш, түңілу, дәрменсіздік... Диагноз жоқ, ем жоқ", - дейді Елена Аличева.
Содан кейін науқасты квотамен Астанаға, Ұлттық ғылыми медициналық орталыққа жіберген. Онда бірден "Гийен - Барре жедел инфекциялық-аллергиялық полирадикулоневриті" деген диагноз қойылды.
Гийен-Барре синдромы (ГБС) - өте сирек кездесетін патология (миллион адамға 10 жағдай), ол кез келген жастағы адамдарда дамуы мүмкін, бірақ көбінесе ересек ер адамдарда кездеседі. Синдромның себептері әлі толық зерттелмеген, бірақ көп жағдайда ол вирустық немесе бактериялық инфекциядан кейін пайда болады.
Астанада Еленаға иммунограмма жасалған, нәтижесінде пациенттің иммунитеті нөлге дейін төмендегені анықталды.
"Дәрігерлер иммунитетімнің мүлдем таусылғанын түсіндірді - тұрақты стресс пен шаршау өз дегенін істеген. Мен жұмыс деп жанып жүрдім, белестерді бағындырғым келді, тіпті отбасыма да уақыт қалмайтын. Сараптама қанымның өмір жолы таусылуға шақ қалған 90 жастағы әйелдің қанындай екенін көрсетті. Міне, жұмыс деп жүріп осындай күйге жеттім", - дейді кейіпкеріміз өкінішпен.
Терезе сыртындағы өмір
Диагноз қойылды, дәрігерлер шұғыл емдеуге кірісті, бірақ уақыт өтіп кеткен еді - пациенттің аяқтары толықтай сал болып қалды. Қолдарын сәл-пәл қимылдата алғанымен, Елена кесені де, қасықты да ұстай алмайтын - оны бала кезіндегідей анасы Ольга Георгиевна тамақтандырған.
"Дені сау адам ойланбастан жасайтын қарапайым нәрселерді істей алмадым: аяқты тарту, қолды көтеру, бұрылу, екінші бүйірге аунау. Осы күнге дейін шалқамнан ұзақ жата алмаймын, бойымды үрей билейді - дереу аунауым керек. Анам - менің періштем, ол күтушіме айналды, мені аударып-төңкеріп, бәріне көмектесті. Жалпы, кейде ойланамын: сорлы анам мұның бәріне қалай шыдады екен. Мені мүгедектер арбасында сүйреп жүріп: "Осы жасымда қызымды арбамен тасимын деп ойламаппын" деп жылайтын. Мұның бәрі өте қорқынышты..." - дейді кейіпкер.
Ол жүректі тебірентерлік бір сәтті еске алады: анасы екеуі клиниканың залында серуендеп жүргенде, терезе сыртында Астана жарқырап тұрады. Елена қауқарсыз, қозғала алмайтын күйде сол жарқын, тірі әлемге қарап отырып былай ойлайды:
"Шынымен де мен сол жаққа, қалыпты өмірге ешқашан оралмаймын ба?"
Түңілуден...
Медициналық орталықта қолдан келгеннің бәрін жасады, Еленаға моральдық қолдау көрсетіп, ауруханадан шыққаннан кейін де денсаулығын сұрап тұрды. Оның физикалық тұрғыдан жағдайы өзгермесе де, психологиялық күйі айтарлықтай нашарлады. Депрессия басты: ғажайыпқа деген сенім сөнді, әрқашан қуатты да белсенді болған ол төсекке таңылды, диагноз белгілі, бірақ болжамдар көңіл көншітпейді. Миы бұл дәрменсіздікті қабылдаудан бас тартты.
Елена күйеуі және балаларымен. Жеке мұрағаттан алынған сурет
Күйеуі Боря оны көлікке жатқызып, қажет болмай қалған арбаны жүк салғышқа салды. Қайтар жолдың бойында Елена үнсіз қалды, оның ештеңеге, тіпті өмір сүруге де зауқы болмады...
"Сол бір сұмдық сәт есімде. Үйге түнде келдік, Боря мені пәтерге көтеріп кіргізіп, диванға отырғызды, содан бері отырмын... Қандай үмітсіздік! Мен еңіреп жыладым, анам да менімен бірге. Әрі қарай не болмақ? Емделу аяқталды, барар жер жоқ, сенім де, үміт те жоқ, ақша да таусылды... Бұл ең ауыр сәт еді, депрессия басты. Тіпті асүйге дейін еңбектеп барып, пышақ алсам ба деген ой да келді... Бәрін тоқтатқым келді!" - дейді Елена Аличева ағынан жарылып.
...күреске
Бірақ сол сәтте жақын адамдары көмекке келіп, Еленаға былай деді:
"Күресу керек! Бұл қиындықты жеңуің керек! Біз саған сенеміз! Сен бәрін де істей аласың!"
Әйелге қымбат дәрі-дәрмектер тағайындалды, оңалту шаралары да аз шығынды қажет етпеді - ал ақша болса жоқ еді...
Бұдан хабардар болған Еленаның әріптестері қомақты қаражат жинап береді. Содан бері ол біреудің қайғысына бейжай қарай алмайтынын, әрқашан көмектесуге тырысатынын айтады. Ең ауыр кезеңдерде қасында болып, сенім ұялатқан жақындарына, достарына және әріптестеріне алғысын білдіреді. Оған басты қолдау көрсеткендер - анасы мен күйеуі.
"Кейін күйеуіме: "Сол кезде қасымда болғаның үшін, осындай сенімді әрі шыдамды болғаның үшін рақмет" дедім. Ал Борис болса таңғалып: "Сен маған күмәндандың ба? Басқаша болуы мүмкін бе еді?! Негізі мен сенің аяққа тұрып кететініңе кәміл сендім! Бұл сенсің ғой!" деді. Сондықтан мен қайғыммен жалғыз қалғандай сезінген жоқпын, өзімнің керек екенімді сезіндім!" - дейді кейіпкеріміз жымиып.
Осылайша Елена көп әрі табанды түрде еңбектене бастайды. Ол жақында ғана берілген бірінші топтағы мүгедектік статусынан тезірек құтылуды ұйғарды. Күн сайын әйелдің үйіне массаж жасаушылар, оңалту мамандары, ЕДШ (емдік дене шынықтыру) нұсқаушылары мен екпе егіп, жүйелі дәрі қоятын медбикелер келіп тұрды.
Спорт Елена үшін құтқарушы болды. Жеке мұрағаттан алынған сурет
"Мен кенеттен өз-өзіме келдім де, ұйымдастырушылық қабілетімді іске қостым. Қолдарым қимылдамайтын, қарындашты тісіммен тістеп алып, не қажет екенін жазып отырдым. Телефонды қолдана алмайтынмын, анам нөмірлерді теріп, керек жерлерге қоңырау шалып беретін. Күйеуім тапсырмаларды орындап үлгеріп жатты: дәрігерді алып кел, мен тартыла алуым үшін планка байлап бер, оларды тартуым үшін резеңке эспандерлер бекіт... Осылайша ақырындап жаттығулар жасай бастадым, мозаика жинап, тәспі тарту арқылы ұсақ моториканы дамыттым", - дейді Елена.
Еңбектеп жүріп, жеңіске жету
Шамамен үш айдан кейін аяғының сезімталдығы қайта орала бастады.
"Табаным мүлдем жансыз еді. Бірде жақын құрбым Таня мен анам төсегімнің қасында тұрып: "Лена, аяғыңның бас бармағы қимылдап жатыр!" – дегені есімде. Мен болсам: "Әй, солай көрінген шығар", – дедім. Кейін өзім мұқият қарасам, шынымен де діріл қағыпты... Қатты қуандық! Содан кейін мені тоқтату мүмкін болмады. Бұл нағыз бетбұрыс сәті еді, мен күш-жігерімді үш есе арттырдым", - дейді кейіпкеріміз.
Осылайша процесс алға басты. Алдымен бір саусағы жан бітіп қимылдаса, кейін екіншісі, содан соң әйел еңбектей бастаған.
"Анамнан волейбол ойнағанда киетін тізеқаптарымды тауып беруін өтіндім. Оны киюдің өзіне демалып жүріп бір сағатым кеткен шығар. Жығылып қалмас үшін төсектен қалай сырғып түсу керек екенін әбден ойластырдым. Содан сәбилердің нөлден бастап еңбектейтіні сияқты мен де талпындым. Алдымен жатын бөлмеден дәлізге дейін, кейін асүйге дейін жеттім. Анам маған қарап жылап тұр, ал мен бақыттымын! Келесі кезекте алдыма залдағы диванға дейін еңбектеп бару, сосын диванға шығу мақсатын қойдым", - деп Елена алғашқы "қадамдары" туралы естеліктерін бөлісті.
Әрі қарай іс тіпті оңға басты. Алғашқы жеңістерінен қанаттанған әйел велотренажерде жаттыға бастады. Бастапқыда аяқтары жақсы тыңдауы үшін және тайып кетпеуі үшін оны педальдарға байлап қоятын. Кейін жүруге көмектесетін арба сатып алды – алдымен пәтер ішінде, сосын күйеуінің демеуімен далаға шыға бастады.
Ол бірінші топтағы мүгедектікті 2005 жылы алған, ал 2007 жылы екінші топқа, 2008 жылы үшінші топқа ауыстырылып, Елена жұмысқа қайта оралды. Бұрынғы лауазымына дейін қайта көтеріліп, 2017 жылы зейнетке шықты. Сөйтіп, ол зейнетке шыққанда бәрі енді басталады деп шешті! Бүгінде Елена белсенді әрі бақытты өмір сүріп жатыр.
Фото Елена Аличеваның жеке мұрағатынан
"Өз жасымды жақсы көремін!"
"Адамдардың зейнеттен неге қорқатынын және бірден кәрілікке дайындалатынын түсінбеймін. Бұл жаста өмір енді басталады ғой! Ақыры өзіңе және өзіңе ұнайтын іске уақыт бөлуге мүмкіндік туады!" - дейді зейнеткер күлімсіреп.
Ол - қалалық белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мүшесі: тамаша ән айтады, билейді, спектакльдерде ойнайды, қалалық мерекелерде өнер көрсетеді. Сонымен қатар Елена театр сүйер қауым өкілі, облыстық филармонияның барлық концертіне, мұражайлардағы көрмелерге барады. Достарымен кездеседі, саяжайда және табиғат аясында демалады.
"Құдай мені осы мүгедектік арқылы тоқтатып, өмірге жаңаша қарауға мәжбүр етті. Мен бүкіл өміріңді тек жұмысқа арнауға болмайтынын түсіндім. Өйткені өмірдің соңында шексіз жұмыс пен күйбең тірліктен басқа еске алатын ештеңе болмайды екен", - дейді кейіпкеріміз.
Ол жастық шағынан бері армандаған шығармашылықпен де айналыса бастады. Аурудан айыққан соң, өмірдің қызығына тоймай келеді.
Мақсат емес, маңыздысы - жол
Әрине, Елена қазір өмірін дене шынықтырусыз және белсенді демалыссыз елестете алмайды.
"Жоқ, мен аурудан толық айыққан жоқпын, жүйке жүйесінің зақымдануы мен парездер әлі де бар. Бірақ мен барынша жақсы нәтижеге қол жеткіздім. Өйткені болжамдар өте нашар еді - ең жақсы жағдайда мүгедектер арбасы немесе таяқ болатын. Бірақ шыныққан бұлшықеттер мен тұрақты жаттығулар денемді тік ұстап тұр. Қозғалыс - бұл өмір! Мен сол жапон самурайы сияқтымын: менде мақсат жоқ, тек жол бар, ол - физикалық белсенділік жолы", - дейді Елена Аличева.
Ол дүниетанымы қатты өзгергенін мойындайды және: "Мен өзіме ұнайтын іспен айналысқым келеді, өзіме жағымды әрі қызықты адамдармен араласқым келеді", - дейді.
Фото Елена Аличеваның мұрағатынан
"Мен зар илегенді, өмірге көңілі толмауды ұнатпаймын. Әрине, менде де бәрі сияқты келеңсіз жайттар болады, бірақ оған қадалып қалмаймын. Тұнжырап жүретін, депрессияға бейім адамдардан алшақ болуға тырысамын, ұрыс-керісті қаламаймын. Мен жақсылық жасап, адамдарға қуаныш сыйлағым келеді және өзім де қуанғым келеді. Күн сайын: "Таңертең тұру, өз бетіңше таңғы ас ішу, өзіңе қызмет ету, жүру, жүгіру - қандай бақыт!" - деп ойлаймын. Өмір сүрудің өзі қандай бақыт!" - дейді кейіпкеріміз.
Сондай-ақ Елена өз миссиясын - түрлі ауыр дертке шалдыққан адамдарға өз үлгісі арқылы көмектесу деп біледі. Гийен-Барре синдромы туралы білетіндер аз. "Менің тәжірибем біздің дәрігерлердің бұл дертті анықтап үйренуіне септігін тигізді", - дейді ол.
Кейіпкеріміз әлеуметтік желілерде парақша ашып, онда диагнозы мен салауатты өмір салты туралы айтып, оптимистік және жігерлі роликтер түсіреді. Белгілі ресейлік дәрігер Александр Мясников жүргізетін "О самом главном" атты денсаулық туралы шоуға барып қайтқан.
Өз тарихын айтып берді. Көптеген адам үшін Елена Аличева тіпті жазылмайтын дертті де жеңуге болатынын, әрқашан шығар жол бар екенін, тек күресу, сену және кішкентай қадамдармен мақсатқа қарай жүру керек екенін көрсетті.
"Мен түрлі елден ондаған адаммен таныстым, маған әлеуметтік желілерде жаза бастады. Біреуі басқа дертпен ауырады, біреуінің диагнозы менікімен бірдей - біреуге болсын үміт сыйлағаныма қуаныштымын".
Әр күнді бағалау! Фото жеке мұрағаттан
Ол адамдармен өз тарихын бөлісуді жалғастырып: "Маған қараңыздаршы – мен ауруды жеңдім және басқаша өмір сүре аламын, сіздердің де қолдан келеді!" - деп қайталаудан жалықпайды.
"Өмір бойына мүгедек болып қалсам да, ештеңе етпейді, есесіне мен әрбір өткен күнімді шын мәнінде бағалай бастадым. Өмір деген тамаша ғой - қуана білу керек! Таңертең тұрдың ба - қуан, тіпті бір жерің ауырып тұрса да қуан, демек сен тірісің. Бәрін де еңсеруге болады! Ең бастысы - ешқашан берілмеу!" - деп түйіндейді Елена Аличева.
Күрескер, самурай және жай ғана ғажайып әйел!
Авторы: Елена Бережная
Дайындаған: Дина Шәріпхан