Денсаулық сақтау министрлігі шетелге шығуды жоспарлап отырған қазақстандықтарға ескерту жасады. Бұған ДДСҰ Бас директорының мәлімдемесі себеп болды. Онда Конго Демократиялық Республикасы мен Угандадағы Эбола безгегінің өршуі халықаралық маңызы бар қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай деп танылды, - деп хабарлайды TengriHealth тілшісі ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Індет туралы не белгілі?
Індетке Эбола вирусының сирек кездесетін Bundibugyo (Бундибугйо) штамы себеп болды. Қазіргі уақытта әлемде оған қарсы тіркелген вакцина да, арнайы ем де жоқ.
"Ол алғаш рет 2007 жылы Угандада анықталды. Вирус ауа-тамшы жолымен берілмейді", — делінген хабарламада.
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, Эбола вирусы жұқтырған адам немесе жануарлармен тығыз байланыс кезінде, олардың биологиялық сұйықтықтары арқылы беріледі.
Қазақстандықтарға не ұсынылады?
Сапарға шықпас бұрын азаматтарға баратын елдегі эпидемиологиялық жағдаймен алдын ала танысуға кеңес беріледі. Сондай-ақ мынадай ұсыныстар берілді:
- мүмкіндігінше Bundibugyo штамды Эбола жағдайлары тіркелген елдерге барудан тартыну;
- қолды үнемі жуып, антисептиктерді қолдану;
- инфекция жұқтырғандардың қаны және басқа да биологиялық сұйықтықтарымен жанасудан аулақ болу;
- тек қауіпсіз ауыз суды пайдалану;
- шикі немесе термиялық өңдеуден жеткіліксіз өткен етті жемеу.
"Жеке гигиенаны сақтау және сапар кезінде сақтық таныту ерекше маңызға ие. Оралғаннан кейін денсаулық жағдайын мұқият бақылау қажет. Қандай да бір белгілер пайда болған жағдайда дереу дәрігерге қаралып, сапар туралы хабарлау керек. Өз бетінше емделуге жол берілмейді", - деп ескертті министрліктегілер.
Ауру белгілері
- айқын әлсіздік пен тез шаршау;
- бас және бұлшықет ауруы;
- тамақтың ауруы;
- жүрек айну және құсу;
- асқазан-ішек белгілері (диарея және басқалары);
- ауыр жағдайларда — мүшелер жұмысының бұзылуы;
- кейбір жағдайларда — геморрагиялық (қан кетумен байланысты) көріністер.