ДСМ қазақстандықтардың дәрі-дәрмек тапшылығына қатысты шағымдарына жауап берді

ПОДЕЛИТЬСЯ

Дәрі-дәрмектер Фото depositphotos.com

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов қазақстандықтардың тегін дәрі-дәрмектің кешігуі мен препараттардың баламасына ауыстырылуына қатысты шағымдарына пікір білдірді. Ол мұндай жағдайлардың ара-тұр болып тұратынын мойындап, бақылауды күшейту мақсатында дербестендірілген дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне көшу жоспары туралы айтты, деп хабарлайды TengriHealth.


Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов қазақстандықтардың тегін дәрі-дәрмектің кешігуі мен препараттардың баламасына ауыстырылуына қатысты шағымдарына пікір білдірді. Ол мұндай жағдайлардың ара-тұр болып тұратынын мойындап, бақылауды күшейту мақсатында дербестендірілген дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне көшу жоспары туралы айтты, деп хабарлайды TengriHealth.

Ауа райының қолайсыздығынан дәрі-дәрмек кешікті

Жыл бойы түрлі дертке шалдыққан қазақстандықтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде берілуі тиіс препараттардың жоқтығын жиі хабарлап жатады. Сондай-ақ пациенттер тағайындалған дәрілердің баламасына ауыстырылатынын айтады.

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов бұл мәселе бар екенін растады.

"Расында, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі іркілістер мен кемшіліктерге келсек, мұндай эпизодтық жағдайлар жыл ішінде болып тұрады. Жекелеген жағдайларда, соның ішінде ауа райына байланысты препараттар азаматтарға әрдайым уақытылы жетпей жатады", - деп атап өтті ол.

Алайда Мұратовтың айтуынша, биылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігі дербестендірілген дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге көшуді жоспарлап отыр.

"Яғни, әрбір пациентке дәрігер нақты бір препараттың атауын тағайындайды және адам дәл осы дәрімен қамтамасыз етіледі. Біз өтінім бергеннен бастап пациенттің дәріні алғанына дейінгі бүкіл процесті бақылауға тырысамыз", - деп түсіндірді вице-министр.

Дәрі-дәрмек қоры және қайта бөлу

Сондай-ақ ол тізімге жаңа пациенттер енгізілген кезде дәрі-дәрмектің төмендетілмейтін қоры жұмыс істеуі керектігін айтты. Оның сөзінше, пациенттерді жедел қамтамасыз ету үшін препараттар өңірлер арасында қайта бөлінеді.

"Әрине, бұл жұмыста белгілі бір қиындықтар бар. Соған қарамастан, қазір "СК-Фармация" мен Денсаулық сақтау министрлігі жедел режимде жұмыс істеп жатыр: егер кейбір өңірлерде пайдаланылмаған препараттар қалса, олар жаңа пациенттерді немесе бұрын дәрі алмағандарды уақытылы қамтамасыз ету үшін басқа өңірлерге қайта бөлінеді", - деді ол.

Денсаулық сақтау вице-министрі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің ауқымды екенін және оны одан әрі жетілдіру, соның ішінде бүкіл процесті бақылау мен мониторингтеудің цифрлық құралдарын енгізу қажеттігін баса айтты.

Бұған дейін Қазақстан дәріханаларында "СК-Фармация" арқылы сатып алынған және пациенттерге тегін беруге арналған препараттардың сатылғаны туралы хабарланған болатын.

Таңбалау жүйесі енгізілгеннен кейін заңбұзушылықтар анықталды. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті 74 нысанға жоспардан тыс тексеріс жүргізді.

31 нысан жалпы сомасы 12,3 миллион теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 43 нысанға заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.

Тағы оқыңыз:

Астана тұрғыны кене шаққаннан кейін иммуноглобулин тапшылығына шағымданды

TengriEdu