Түркістан облысында жекеменшік емханалар жүздеген миллион теңгеге жалған консультациялар мен стоматологиялық қызметтерді рәсімдеген. Оның ішінде лицензиясыз қабылдаулар мен жоқ емделушілерді "емдеу" деректері де бар, деп хабарлайды TengriHealth.
Не болды?
Түркістан облысы прокуратурасының мәліметінше, мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдарды тексеру барысында ведомство МӘМС жүйесіндегі қаражаттың жұмсалуы бойынша ірі көлемдегі заң бұзушылықтарды анықтады.
Мәселен, облыстағы жекеменшік емханалардың бірінде тиісті рұқсат құжаттарынсыз офтальмолог, гастроэнтеролог, аллерголог, уролог, генетик және басқа да бейінді мамандар 91 миллион теңгеге 28 мыңнан астам консультация жүргізген.
Бұл ретте прокуратура консультациялардың бір бөлігі іс жүзінде көрсетілмегенін анықтады.
"Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабы (Заңсыз кәсіпкерлік) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Кейінірек шығын толық өтелуіне байланысты іс ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылды", - деп нақтылады ведомство.
Бір дәрігер және түрлі емханадағы ондаған пациент
Сонымен қатар облыста 203 миллион теңгенің стоматологиялық қызметі қосып жазылғаны белгілі болды.
Прокуратура қызметкерлері өзара аффилиирленген екі емхана штатқа небәрі үш дәрігерді ресімдеп, төлем жүйесіне (Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры - ред. ескертпесі) жүкті әйелдер мен балаларға көрсетілді деген 40 мың жалған стоматологиялық қызметті енгізгенін анықтады.
Тексеру мәліметтері бойынша, бір стоматолог бір уақытта әртүрлі емханада ондаған пациентті "қабылдап" отырған.
"Қарсы тексерулер мен пациенттерден сауалнама алу мұндай деректердің жалған екенін растады", - делінген хабарламада.
Аталған деректер бойынша арнайы прокурорлар ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы ("Алаяқтық") бойынша тергеу жүргізген. Ведомство ақпаратынша, материалдар сотқа жолданған.
Damumed-тегі қосып жазулар: ҚМА Алматы облысындағы стоматологиялардағы схеманы әшкереледі