Қостанайлық полицейлердің жүректі елжіреткен әрекеті желіде тарады. Патрульдік полиция қызметкерлері аққуды балапандарымен бірге жолдан қауіпсіз өткізу үшін көлік қозғалысын тоқтатқан, деп хабарлайды Tengri Life.
Аққулар қозғалыс қарқынды тасжолдың ортасында қалып қойған - көліктердің толассыз ағыны құстардың жолдан өтуіне мұрша бермеді. Оларға полицейлер көмектесті: тәртіп сақшылары қозғалысты уақытша тоқтатып, аққулардың жолдың арғы бетіне аман-есен жетуіне жағдай жасады. Бұл видео әлеуметтік желіде тез тарап, қолданушылар оны кейінгі кездегі ең мейірімді бейнежазбалардың бірі деп атады.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
"Бүгінгі күннің ең мейірімді видеосы", "Осындай жаңалықтар көбірек болса екен", "Еуропадағыдай жоғары деңгейдегі мәдениет деген осы", - деп жазды қолданушылар видео астына қалдырған пікірлерінде.
@kst_pulse_media Күн видеосы: полицейлердің игі ісі қостанайлықтарды сүйсіндірді Дереккөз: Threads/maratkorea
♬ Idea 10 - Gibran Alcocer
Видеода Қостанай аудандық патрульдік полиция взводының инспекторы, полиция аға лейтенанты Әли Ерланұлы екені белгілі болды. Жеті жылдық қызмет өтілінде мұндай ерекше оқиға оның басынан алғаш рет өтіп отыр.
"Әріптесім Айдарбек Әлсейітовпен бірге патрульде жүріп, жол жиегіндегі балапандары бар аққуларды көргенде, балалық шағым есіме түсті. Бірде ауылымыздың маңына көшпелі аққулар қонғаны есімде. Ол кезде бала болсақ та, құстарды үркітпей, керісінше, олардың ары қарай аман-есен ұшып кетуіне көмектесетінбіз. Бүгін де еш ойланбастан көлік қозғалысын тоқтатып, аққулардың балапандарымен бірге жолдан қауіпсіз өтуіне мүмкіндік бердік. Біреулер үшін бұл бірнеше минут күту болса, біз үшін сақталған өмір мен әлемді біршама мейірімді етуге деген мүмкіндік", - деді Әли Ерланұлы.

Зоологтардың айтуынша, аққулар жолға түрлі себеппен шығуы мүмкін: жаңа су айдынын іздеу кезінде, балапандарын қорғау мақсатында немесе жыртқыштардан қашқанда. Сондай-ақ ауа райы қолайсыз кезде құстар бағыт-бағдарынан жаңылып, көліктердің арасында қалып қоюы ықтимал, бұл олардың өміріне үлкен қауіп төндіреді.