Қазақстанда амбулаториялық қамтамасыз ету аясында дәрі-дәрмекті дербес сатып алу жүйесіне көшу жоспарланып отыр. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов айтты, деп хабарлайды TengriHealth.
Мән-жайы
Қазақстанда амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағдарламасы айтарлықтай кеңейтілді: егер 2018 жылы бұл мақсатқа 87,2 миллиард теңге бөлінсе, 2026 жылы жоспарланған қаржыландыру көлемі 337 миллиард теңгеге жетеді.
Тегін дәрі-дәрмек алатын азаматтардың саны 2018 жылғы 1,9 миллионнан 2025 жылы 3,4 миллионға дейін өсті. Осылайша, бүгінде елдің әрбір алтыншы тұрғыны дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету түріндегі мемлекеттік қолдауды алып отыр.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету реформасы
Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысы кулуарында журналистер сатып алу жүйесі препараттардың құны мен жеткізушілер тұрғысынан ғана емес, пациенттердің нақты қажеттілігі тұрғысынан талданды ма деп сұрады.
Сұраққа жауап бере отырып, вице-министр қолданыстағы жүйенің өзгеретінін атап өтті.
"Айта кетейін, Қазақстанда 3,4 миллион адам тегін амбулаториялық дәрі-дәрмек алады және біз бұл көрсеткіш бойынша көптеген елден алда шығармыз. Бірақ қолданыстағы модельде препараттардың нақты тұтынылуы әрдайым ескеріле бермейді. Сондықтан биылдан бастап біз дербестендірілген өтінімдерге көшеміз", - деді вице-министр.
Оның айтуынша, жаңа жүйе "дәрігер не тағайындаса, сол сатып алынады және пациентке беріледі" деген принцип бойынша құрылады.
"Жаңа модельге көшу медициналық ұйымдар мен цифрлық жүйелерді интеграциялауды талап етеді. Бұл цифрлық платформа, цифрлық мониторинг. Біз биыл осы жүйеге көшеміз, ал 2027 жылы пациентке қажетті, оған тағайындалған препараттарды береміз", - деп атап өтті Мұратов.
Журналистер жаңа модель пациенттерді препараттармен қамтамасыз етуде іркілістерге әкеп соқтырмай ма деп нақтылады. Вице-министр бұл жерде мәселе созылмалы аурулары бар пациенттерді жоспарлы және үздіксіз қамтамасыз ету туралы болып отырғанына сендірді.
"Мұнда мәселе қамтамасыз ету туралы болып отыр. Қазір жинайтын өтінімдеріміз бойынша дәрігер жүрек-қан тамырлары аурулары, гипертония, диабет және тағы басқа созылмалы дерті бар нақты бір пациентке дәрі тағайындайды", - деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ ол егер пациенттер дәрі-дәрмекті жүйелі түрде қабылдамаса, асқынулар туындауы мүмкін екенін атап өтті.
Вице-министрдің айтуынша, жаңа жүйе адамның жеке ерекшеліктеріне назар аудара отырып, терапияны жеке таңдауға мүмкіндік береді.