Пхукеттен Алматыға жағдайы ауыр жаңа туған нәресте арнайы тасымалдау кювезінде жеткізілді, деп хабарлайды TengriHealth тілшісі Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына сілтеме жасап.
Не болды?
Орталық мәліметінше, 24 наурызда туған нәресте 11 мамырда Қазақстанға медициналық авиация арқылы жеткізілді. Оның жағдайы ауыр болып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосуды және тұрақты оттегімен қамтамасы етуді қажет етті. Осыған байланысты дәрігерлер нәрестені арнайы тасымалдау кювезінде жеткізу туралы шешім қабылдады.
"Тасымалдау Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы медициналық авиация мобильдік бригадасы арқылы жүзеге асырылды. Бригада құрамында дәрігер Жасұлан Жұмғұлов, фельдшер Болат Шәріпов және неонатология департаментінің басшысы Асхат Қуанышбаев болды", - делінген хабарламада.
Алматыға жеткізілгеннен кейін нәресте әрі қарай мамандандырылған ем алу үшін Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жатқызылды.
Бұған дейін Арқалықтан Қостанайға санитарлық авиация екі нәрестені шұғыл жеткізгені туралы жазған болатынбыз. Екеуіне де пневмонияның ауыр түрі және тыныс алу жолдарының бұзылуы диагнозы қойылған еді.