Көлікпен саяхаттау - әсіресе бағыт пен қарқын еркіндігі қажет болғанда, ортаны өзгертудің ең қарапайым әрі қолжетімді тәсілдерінің бірі болып қала береді. Бірақ "отырдым да, кеттім" деген сезімнің артында әрқашан дерлік дайындық тұрады. Дайындық неғұрлым жақсы болса, сапар соғұрлым тыныш әрі жағымды өтеді. Tengri Auto редакторы шытырман оқиға қиындыққа айналып кетпеуі үшін бағытты қалай құру керектігін тарқатып жазады.
Фото: Елена Никитенко
Мәселенің мән-жайын зерделейміз
Бәлкім, біреулерге қонақүйлерді алдын ала брондамай, алда не күтіп тұрғанын білмей жолға шығып, кейде қалалардың бірінде көпір астында түнеу ұнайтын шығар... Мұның да өзіндік ерекшелігі ("вайбы") бар екенімен келісемін.
Дегенмен қай жерден жолға шығатыныңызды, қайда бара жатқаныңызды және алда қанша шақырым жол күтіп тұрғанын нақты түсінген жөн әрі маңызды.
Бұл әрі қарай жоспарлауға негіз болады: қай жерде жанармай құю керек, қайда демалуға болады, қажет болған жағдайда қайдан көмек алуға болады? Сондықтан тревел-блогерлердің шолуларын қарауға, баратын елдердегі жағдайды зерделеуге және т.б. уақыт бөлген абзал.
Ал жанармай мәселесін мен әрқашан мұқият зерттеймін - бұл көлікпен саяхаттағанда өте маңызды. Сол Өзбекстанның жанармайы ешқашан жоғары сапасымен танымал болмаған, оның үстіне ірі қалалардан алыс жерлерде оның тапшылығы қатты сезіледі.
Фото: Елена Никитенко
Банкоматтар, ауруханалар және... олардың жоқтығы
Келесі қадам - инфрақұрылым. Бағыт бойындағы жанармай бекеттерін, сервистерді, ауруханаларды, жол полициясы бекеттерін және тамақтанатын жерлерді алдын ала белгілеп алған маңызды.
Кейбір елдерде немесе аймақтарда бұған қатысты өзіндік ерекшеліктер болуы мүмкін - мысалы, медициналық сақтандырудың болмауы шұғыл емделуге кедергі келтірсе, банкоматтардың жоқтығы картадан белгілі бір соманы тез арада шешіп алуға мүмкіндік бермейді.
Жолдардың жағдайын біліп алу да маңызды. Ақылы учаскелер, жөндеу жұмыстары, қаладан шығар жолдағы кептелістер - мұның бәрі жол жүру уақытына тікелей әсер етеді.
Баламалы бағыттарды алдын ала ойластыру - жақсы әдет. Бірақ мұнда бір нәзік тұс бар: танымал айналма жолдарда да кептеліс аз болмайды, ал онша белгілі емес жолдар күтпеген қиындықтарға тап қылуы мүмкін. Сондықтан бірнеше нұсқаның болғаны және жағдайға бейімделуге дайын болған абзал.
Фото: Елена Никитенко
Бағыт: алдын ала жоспарлаймыз және жайлылық үшін бөліктерге бөлеміз
Егер сапар ұзақ болса, бағытты кезеңдерге бөлген жөн. Жайлы қарқын - демалыс үзілістерімен күніне шамамен 400–500 шақырым. Бірден 1000-нан астам шақырымды жүріп өтуге тырысу көбіне саяхатты азапқа айналдырады.
Фото: Елена Никитенко
Тәулік уақытын да ескеру маңызды: ең қиын жағдай түн емес, ымырт жабылған кез, өйткені көру қабілеті нашарлап, жолдағы жағдайды бағалау қиындай түседі. Жол жүруді күндізгі уақытқа жоспарлаған тиімді.
Техника мен гаджеттерді дайындау
Бұл - мүлдем бөлек тақырып. Карталарды алдын ала жүктеп алып, офлайн режимінде жұмыс істейтін бірнеше қосымшаны пайдаланған дұрыс (сонымен қатар баратын еліңізде дәл қазір қай қосымша іркіліссіз жұмыс істейтінін біліп алған жөн).
Скриншот: Елена Никитенко
Жолдағы интернет - әсіресе шетелде болжап болмайтын нәрсе. Сондықтан байланыссыз қалмаудың бірнеше жолы бар: роуминг, e-sim немесе жергілікті SIM-карта. Егер бірнеше телефон болса, барлық нұсқаны қосуға болады - біреуі міндетті түрде істейді.
Жолға қажетті негізгі жиынтық
Заттарға келетін болсақ, жолда артық етпейтін негізгі жиынтық бар:
- су қоры
- жеңіл тамақ
- майлықтар
- алғашқы көмек қобдишасы (кем дегенде негізгі жиынтығы)
- сусыны бар термос
- жанармай канистрі (қажет болған жағдайда)
Сапарда балалар болса, олардың көңілін көтеру жайын алдын ала ойластырған жөн.
Фото: Елена Никитенко
Көбіне ескеріле бермейтін тағы бір жайт - атмосфера. Жолда музыканың маңызы біз ойлағаннан әлдеқайда жоғары. Плейлистті алдын ала дайындап, оны офлайн режимде сақтап қойған абзал - бұл орынсыз үзілістерді болдырмайды және бүкіл бағыт бойына қажетті көңіл күй сыйлайды.
Қорыта айтқанда, бәрі қарапайым қағидаға келіп тіреледі: жолға шықпас бұрын неғұрлым мұқият дайындалсаңыз, жол үстінде соғұрлым тосын жайттар аз болады. Демек, саяхаттың өзіне көбірек уақыт қалады.