Қазақстанның көлік және коммуникациялар министрлігі отандық компанияларға Украина арқылы ұшпауға кеңес беріп отыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Біз апаттың мән-жайы анықталғанша, Украинаның әуе кеңістігі арқылы ұшпауға кеңес бердік. Кеше "Эйр Астана" өз ұшуларын тоқтатты. Меніңше, жақын арада Еуробақылау, Украинаның авиациялық билігі және халықаралық әуе комитеті өз қорынтындысын ұсынады", - дейді ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінің азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Серік Мұхтыбаев. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Еуробақылау (әуе навигациясының қауіпсіздігі бойынша Еуропалық ұйым - авт.) Украинаның оңтүстік-шығысындағы әуе кеңістігімен ұшуға тыйым салып отыр. "Негізі, бұған дейін де ол арқылы белгілі бір биіктікте ұшуға рұқсат берілмеді. Үлкен биіктікте ұшқандар болды. Енді, ол толығымен жабылды", - деп атап көрсетті Мұхтыбаев.
Бүгінде Қазақстаннан Украинаға, көбінесе, "Эйр Астананың" ұшақтары ұшып жүреді. Бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында компания президенті Питер Фостер Алматы - Киев бағытындағы рейстің тек Ресейдің арнайы рұқсатынан кейін ғана ашылатынын мәлімдеді. Ол жақта әскери аймақтардан айналып өтуға мүмкіндік беретін солтүстік бағыт бар.
Айта кетейік, кеше, шілденің 17-сі күні Украинаның Донецк облысында Амстердамнан Куала-Лумпурға бағыт алған малайзиялық "Boeing-777" жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі ұшақта ел азаматтарының болмағанын мәлімдеді.