Шри-Ланка Қазақстанды қоса алғанда, 40 елдің азаматтары үшін ETA электронды рұқсатының визалық алымын алып тастады. Енді елге кіру тегін болады, бірақ визалық режим сақталады, деп хабарлайды Tengri Travel.
Не өзгерді?
Шри-Ланка иммиграция және эмиграция департаментінің мәліметінше, жаңа ережелерге сәйкес Қазақстан азаматтары ETA электронды туристік рұқсатын тегін рәсімдей алады. Шешім жалпыазаматтық, дипломатиялық және қызметтік паспорт иелеріне қатысты.
Рұқсат 30 күнге беріледі және осы мерзім ішінде елге екі рет кіруге мүмкіндік береді.
Бұл ретте турист бір айдан астам уақытқа қалуды жоспарласа, мерзімді ұзартуды рәсімдеп, тиісті алымды төлеуге тура келеді.
"Тегін виза алып, Шри-Ланкада 30 күннен астам қалуды қалайтын өтініш берушілер тиісті визалық алымды төлегеннен кейін визаны ұзартуға өтініш бере алады", - деп атап өтті департаменттегілер.
Нені ескеру қажет?
Төлем жойылғанына қарамастан, ETA электронды рұқсатының өзі бұрынғысынша міндетті. Оны сапар алдында ресімдеу қажет, онсыз елге кіру мүмкін емес.
Ал қазақстандықтар 2026 жылдың 25 мамырына дейін төлеп қойған визалық алымдар қайтарылмайды.
"Жоғарыда аталған 40 елдің, сондай-ақ Мальдив, Сейшель аралдары мен Сингапур азаматтары үшін кіруге арналған электронды рұқсат (ETA) тегін рәсімделеді. Дегенмен, 25.05.2026 жылға дейін төленген ETA үшін алымдар қайтарылмайды", - делінген департамент хабарламасында.
Департамент мәліметінше, өзгерістер 25 мамырдан бастап күшіне енді. Визалық алым төлеуден босатылған елдердің толық тізімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
Бұрын виза құны қанша болды?
Алым жойылғанға дейін стандартты ETA онлайн рәсімдеу кезінде туристерге 50 долларға (шамамен 24 мың теңге) түсетін. Әуежайға келген кезде алса, бұл сома 60 долларға (шамамен 29 мың теңге) дейін жететін.
ETA сайтындағы ақпаратқа сәйкес, 2012 жылдан бастап Шри-Ланкаға қысқа мерзімді сапарлар үшін рұқсат алу міндетті болып қала береді. Ол бастапқыда 30 күнге беріледі және қажет болған жағдайда ел ішінде ұзартылуы мүмкін.
Еске салсақ, Шри-Ланка Қазақстанды қоса алғанда, 40 елдің азаматтары үшін визалық алымды алып тастайтыны туралы бірнеше күн бұрын ғана белгілі болды. Бұл туралы ақпарат ел парламентінің 2026 жылғы 7 мамырда иммиграция және эмиграция туралы заң аясында жаңа ережелерді мақұлдаған шешімінен кейін пайда болды.
Тағы оқыңыз: Артық төлемеу үшін билеттерді қай күндері сатып алу керек: сарапшылар кеңесі