Бішкек маңында Boeing 747-400 құлаған Дача-Суу ауылының тұрғындары қайғылы оқиға жайлы айтып берді, - деп хабарлайды РИА Новости.
Бішкек маңында Boeing 747-400 құлаған Дача-Суу ауылының тұрғындары қайғылы оқиға жайлы айтып берді, - деп хабарлайды РИА Новости.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, олар не болғанын аңғармай қалыпты - бастапқыда уілдеген дауысты естіп, кейін жер сілкінісі болды деп ойлапты. Оқиғаның куәгері болған қыздың әпкесі Зумрият Резаханова RT телеарнасына берген сұхбатында қазіргі уақытта оқиға орнында құтқарушылардың жұмыс істеп жатқанын айтып берді. Оқиға орнында құтқарушылар қирандыларды ашып, адамдарды шығарып жатыр екен.
Зумрият Резаханова ұшақтың қалай құлағанын көрмепті, бірақ оның сіңлісі ұшақ бірінші құлаған үйде тұрады екен. Сіңлісінің айтуынша, ұшақ үйдің шатырын қиратып өтіп, келесі үйлерге барып түскен.
"Сол үйде сіңлім тұрады. Ол бастапқыда уілді естігенін, кейін шатырының қирағанын айтты. Сөйтсек, олардың үйі ұшақ қиратқан бірінші үй екен, күшті соққы келесі үйлерге тиген. Бастапқыда олар зілзала басталды деп ойлапты, кейін балаларын алып, далаға шықса, келесі үйлер өртеніп жатыр екен", - деді Зумрият.
Айтуынша, лайнер үй маңында өсіп тұрған ағаштарды жайпап өтіпті. Кейбірінің төбесінде ұшақтың қирандысы ілініп тұр екен. "Қазір құтқарушылар адамдарды алып шығып жатыр, балалар өте көп. Оқиға орнында өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем қызметкерлері жүр", - деді Зумрият.
Boeing 747-400 жүк тасымалдайтын ұшағы ұшып-қону жолағынан 1,5 шақырым жерде құлаған. Әуе апатының салдарынан 32 үй қираған. Түрлі мәліметтерге сүйенсек, қаза тапқандардың саны - 35-37 адам.
"Ұшақ Бішкекте тағы жанармай құйып алуы керек болатын. Содан ұшқыш шамамен сағат 07.17-де біздің диспетчерден қонуға рұқсат сұрады. Ауа райы қолайлы болды, оған дейін сол жақта түнде 11 ұшақ қонған болатын - арасында жолаушылар ұшағы мен жүк тасымалдайтын ұшақ та бар", - деді Қырғызстанның вице-премьері.
Сондай-ақ, вице-премьердің айтуынша, мамандар ұшақтың ара-қашықтықты дұрыс есептемеген, сондықтан қонғанда қателік жасаған.
Zanoza сайты оқиға орны дронмен түсірілген видеосын жариялады.
Еске салайық, оқиға "Манас" әуежайында 16 қаңтарда жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 07.30-да болған. Апатқа ұшыраған жүк ұшағының Turkish Airlines әуе компаниясының иелігінде екені анықталып отыр. Ал кейінірек Бішкек түбінде құлаған ұшақтан кем дегенде 16 адамның қаза тапқаны хабарланды. Агенттік Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап, қазіргі уақытта құтқарушылардың пилоттың және 15 жергілікті тұрғынның денесін тапқанын хабарлаған еді.