Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Анкарада өткен НАТО саммитінің әрбір қатысушысына ерекше қоштасу сыйлығын - оқ-дәрісімен қоса ежелгі үлгідегі револьвер тарту етті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Turkiye Today және Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Басылымның жазуынша, Ердоған осылайша елдің негізгі экспорттық және сыртқы саяси құралына айналған Түркияның қорғаныс өнеркәсібін паш еткісі келген.
Жәдігер Түркия туы мен НАТО логотипі бейнеленген ағаш витринаға салынған, сондай-ақ онда түрік және ағылшын тілдерінде: "Гүмүшай - елімізде шығарылған алғашқы револьвер" деген жазуы бар.
Испания премьер-министрі Педро Санчестің баспасөз хатшысы барлық көшбасшыға есімдері қашап жазылған бірдей үлгідегі револьверлер берілгенін мәлімдеді.
Сонымен қатар Ердоған әр көшбасшыға бұл қаруға қатысты Түркияның экспорттық бақылауын алып тастау туралы жазбаны жеке тапсырды. Бұл шекарада туындауы мүмкін мәселелерді шешуге бағытталған ерекше қадам болды.
Даунинг-стриттегі дереккөздің хабарлауынша, Стармерге сыйланған тапанша тазалау жиынтығымен және 500 патронмен бірге берілген. Алайда Британ премьері қаруды өз еліне алып кете алмады, өйткені Ұлыбританияда оны әкелу заңсыз болып саналады. Ердоғанның экспорттық бақылауды алып тастау туралы жеке нотасына қарамастан, оның револьвері Анкарада қалып, есептен шығарылатын болды.
Бельгия премьер-министрі Барт де Вевер өзінің құжатын сейфте сақтау үшін Брюссель әуежайының полициясына тапсырды.
Польша президенті Кароль Навроцкийдің көмекшісі RMF FM радиостанциясына берген сұхбатында револьвердің Варшава әуежайында кедендік ресімдеуді күтіп тұрғанын және "біріншіден, қауіпсіздігі үшін, екіншіден, сыйлық ретінде құрметпен қарау үшін" тиісті жерде сақталатынын айтты.
Нидерланды және Швеция премьер-министрлерінің кеңселері револьверлердің Анкарадағы тиісті елшіліктерге жеткізілгенін хабарлады. Голландиялық револьвер істен шығарылуы тиіс, ал шведтік қару импорттық құжаттардың рәсімделуін күтіп жатыр.
Италия премьер-министрі Джорджия Мелонидің револьвері басқа да мемлекеттік сыйлықтармен бірге үкімет резиденциясы - Палаццо Киджиде сақтаулы тұр.
Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен өз жәдігерін әскери мұражайға беруді ұйғарса, Грекия басшысы өзінікін Афинадағы Әскери мұражайға өткізуді жоспарлап отыр.
Қазіргі түрік тапанша өнеркәсібі негізінен жартылай автоматты модельдерге бағытталған, сондықтан Gumusay коллекциялық құнды жәдігер болып саналады.
Түрік қару өндірушілері арзан тапаншалар мен бытыралы мылтықтар ұсына отырып, еуропалық азаматтық атыс қаруы нарығына белсенді түрде енді. Осылайша олар бұрыннан қымбат спорттық және қызметтік қарулармен танымал италиялық және бельгиялық брендтерге бәсекелестік тудырған.
Женевада орналасқан Small Arms Survey ұйымының мәліметінше, Түркия 2019-2024 жылдар аралығында атыс қаруының экспорты бойынша әлемде үшінші орынды иеленді. Осы кезеңдегі экспорт көлемі шамамен 3 миллиард долларды құрап, тек АҚШ пен Италияға жол берген.
Бұған дейін НАТО саммитінде Түркия президенті Режеп Таиып Ердоғанмен өткен кездесуде АҚШ президенті Дональд Трамп Түркияға қарсы санкцияларды алып тастайтынын және Анкараға F-35 жойғыш ұшақтарын сату мүмкіндігі туралы шешім қабылдайтынын мәлімдеген болатын.