Иран әскерилері жұма күні Сирия, Оман, Катар, Бахрейн, Кувейт және Иорданиядағы АҚШ-тың әскери нысандарына соққы жасағанын мәлімдеді. Бұл әрекет АҚШ-тың Иран аумағына жасаған шабуылдарына жауап ретінде жүзеге асқан, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новости-ге сілтеме жасап.
Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) мәліметіне сәйкес, шабуылдар радиолокациялық станциялар, тікұшақтар мен әскери ұшақтар орналасқан базалар, қолбасшылық орталықтар, казармалар және логистикалық нысандарға бағытталған.
ИРСК Катардағы АҚШ-тың Аль-Удейд базасында америкалық жанармай құюшы ұшақтар мен алыстан анықтайтын радиолокациялық станцияға соққы жасалғанын мәлімдеді. Сондай-ақ Иорданиядағы истребительдер мен жанармай құюшы ұшақтар, Бахрейндегі Сахир базасында тұрған АҚШ Әуе күштерінің тікұшақтары мен ұшақтары нысанаға алынғанын хабарлады.
Бұдан бөлек, ИРСК Кувейттегі HIMARS зымыран кешендері жойылғанын, сондай-ақ америкалық әскерилер мен «АҚШ пен Израильдің антиреволюциялық жалдамалылары» шоғырланған орындарға соққы жасалғанын мәлімдеді. Корпус бұл шабуылдар кезінде көптеген адамның қаза тапқанын алға тартты.
Сондай-ақ Иран күштері Сирияның оңтүстік-батысындағы Ат-Танф ауданында орналасқан қарсыластың арнайы операциялар күштерінің қолбасшылық орталығына соққы бергенін хабарлады.
«Шабуыл салдарынан радиолокациялық станция, бірнеше арнайы операциялық тікұшақ және көптеген әскери қызметкер жойылды», – делінген ИРСК мәлімдемесінде.
Иран тарапы Омандағы америкалық радарларға да соққы жасалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Саламе ауданындағы теңіз бақылау радары мен Ганам ауданындағы әуе бақылау радары жойылған.
Сондай-ақ ИРСК Иорданиядағы бірнеше америкалық жанармай құюшы ұшақ пен истребитель баллистикалық зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының соққысынан жойылғанын айтты.
ИРСК Әскери-теңіз күштерінің қолбасшылығы Таяу Шығыстағы АҚШ флотына қарсы операция жасалуы мүмкін екенін ескертті.
«Америкалықтар әр сәт сайын аймақтық сулардағы АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) теңіз күштеріне қарсы операцияға жақындап келеді», – делінген ИРСК таратқан мәлімдемеде.
Сонымен қатар, ИРСК Иранның «қызыл сызығы» бұзылып, елдің инфрақұрылымы мен тұрғындарына шабуыл жасалған жағдайда АҚШ пен оның әскери базалары орналасқан елдерге қатаң жауап берілетінін мәлімдеді.
«Бұл соғыс тарихында қалатын қарымта әрекеттер болады», – деді Сақшылар корпусы.
Еске салайық, АҚШ пен Иран арасындағы әскери шиеленіс 8 шілдеде қайта өршіді. Сол кезде АҚШ президенті Дональд Трамп ИРСК-ны Ормуз бұғазындағы коммерциялық кемелерге шабуыл жасады деп айыптап, бұған дейін жасалған бітімнің күші жойылғанын мәлімдеген еді. Ал жексенбіге қараған түні Тегеран Вашингтон аймақтағы әрекетін тоқтатпайынша Ормуз бұғазын жабатынын жариялаған.
Осылайша, қақтығысты тоқтатуға бағытталған меморандумға қол қойылғаннан кейін небәрі үш апта өткен соң өңірдегі жағдай қайта ушықты.