Иранда 4 шілдеде АҚШ пен Израиль соққысының салдарынан қаза тапқан елдің бұрынғы жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеимен қоштасуға арналған аза тұту рәсімдері басталды. Мемлекеттік телеарна Тегерандағы Мосалла мешітіне қойылған Хаменеидің табытын көрсетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі DW-ге сілтеме жасап.
Әли Хаменеимен бірге Израильдің әуе соққысынан қаза тапқан оның отбасының төрт мүшесі — қызы, күйеу баласы, келіні және немересі жерленеді.
Иран билігінің мәліметінше, Тегеранның өзінде қоштасу рәсіміне 15-тен 20 миллионға дейін адам қатысуы мүмкін. Кешенге кіреберісте ондаған қауіпсіздік қызметкері жұмыс істеп жатыр, ал келушілер арнайы рұқсат қағазын көрсетуге тиіс.
Ирактың Хашд әш-Шааби қозғалысының жоғары лауазымды тұлғалары Шейіт болған көшбасшы аятолла Сейед Әли Хаменеидің аруағына тағзым етті. pic.twitter.com/A7IW6QFBaQ
— Iran Embassy in Indonesia (@IraninIndonesia) 2026 жылғы 3 шілде
Мешіт алдындағы алаңға жиналған халық қаралы дұғалар оқып, қайғы белгісі ретінде кеуделерін ұрды. Рәсім барысында Қасиетті Құран оқылды. Кейбірі ұлттық киіммен келді.
Бір күн бұрын Тегеранға шетелдік жоғары лауазымды тұлғалар келді. Бейнежазбада Қытай, Ресей, Беларусь, Ирак, Түрікменстан және басқа да елдерден келген делегациялар көрсетілді.
Хаменеидің денесі Тегеранда үш күн болады. Содан кейін қаралы рәсімдер Құм қаласында, сондай-ақ, Иракта өтеді. Бейсенбі, 9 шілдеде Хаменеи туған қаласы Мәшһәдте, Имам Реза кесенесінің жанында жерленеді.
Әли Хаменеи 28 ақпанда Иран астанасындағы резиденциясына жасалған Израильдің нысаналы әуе соққысынан қаза тапқан болатын. Осыдан кейін Израиль мен АҚШ бес аптадан астам уақыт бойы Иранға қарсы соғыс жүргізді. Сәуірдің басынан бері бітімгершілік орнады.
Мемлекеттік жерлеу рәсімі бастапқыда наурызға жоспарланған еді, бірақ әскери қимылдар мен халықтың көп жиналуына қатысты қауіптерге байланысты шегерілді. Иран билігі рәсімнің өткізілу мерзімін — 4-9 шілде аралығы деп маусымда ғана жариялады.