Кемеров облысының губернаторы Аман Төлеев тұрғындарға үндеу жасады. Жазба облыстық әкімшіліктің баспасөз қызметінің YouTube арнасында жарияланды.
Кемеров облысының губернаторы Аман Төлеев тұрғындарға үндеу жасады. Жазба облыстық әкімшіліктің баспасөз қызметінің YouTube арнасында жарияланды.
Видеожазбада Төлеев Кемеровтегі жағдайдан кейін ресейліктермен бірге бүкіл әлемнің қайғырып отырғанын айтады. Сондай-ақ, губернатор кейбір адамдардың осы жағдайды өз пайдасына қолданып жатқанын айтты.
"Белгілі бір күш өкілдері біреудің қайғысы арқылы адамдарды әдейі айдап салып, өшіктіріп жатыр. Олар тіпті қаза тапқандардың отбасыларының үйіне барып, олармен жұмыс істеп жатыр", - дейді өңір басшысы видеода.
Сондай-ақ, Төлеев украиналық пранкер Евгений Вольновты айтып өтті. Айтуынша, ол мәйітханаларға хабарласып, өзін сот-медициналық сарапшы ретінде таныстырып, "Зимняя вишня" сауда орталығындағы өрттен 300 адамның қаза болғанын айтып жатыр.
Мұнымен қоса, Төлеев 28 наурызда Кемеровтегі бес ғимаратқа жарылғыш зат қойылды деген мәліметті естігенін айтты.
Сонымен қатар, губернатор қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасына қандай көмек көрсетілетінін айтты. Губернатордың айтуынша, қаза тапқан адамның отбасына 5 миллион рубль беріледі. Ал өрттен жеңіл жарақат алғандарға - 400 мың рубль, ауыр жарақат алғандарға - 800 мың рубль.
Айта кетейік, Кемеровтің орталық алаңында әлі де жаппай митинг жалғасып жатыр. "Кемеровте митинг. 4 мыңға жуық адам әкімшілік ғимараттың маңына жиналып, Аман Төлеевтің отставкаға кетуін талап етіп жатыр. Жиналғандардың ішінде "Зимняя вишня" сауда орталығында болған өрттен қаза тапқандардың туыстары", - деп жазған еді осыған дейін БАҚ өкілдері.
Сондай-ақ, митинг кезінде Кемеров облысының вице-губернаторы Сергей Цивилев қайғылы жағдай үшін тұрғындардан тізерлеп тұрып кешірім сұраған болатын.
Осыған дейін Кемеровтегі "Зимняя вишня" сауда орталығында болған өрттен қаза тапқандардың 41-і балалар екені хабарланған еді. Ресми мәліметтерге қарағанда, 25 наурызда болған төтенше жағдайдан барлығы 64 адам қаза болды.
Ресей президенті Владимир Путин де қазіргі уақытта Кемеровте. Осыған дейін Ресей президенті Кемеровтегі 64 адамның өліміне әкеп соққан "Зимняя вишня" сауда үйінде болған өрттің неден шыққанына қатысты пікір білдірген болатын.
"Бізде не болып жатыр, бұл әскери қақтығыс емес, кен орнындағы метанның шығып кетуі емес қой. Адамдар демалуға келді, балалар. Демография туралы айтып, осынша адамды неге жоғалтып отырмыз? Бұл қылмыстық салғырттықтан, бос белбеуліктен болды", - деген еді Путин өрт салдарын жоюға арналған Кемеровтегі жиын барысында.
Cондай-ақ, осыған дейін ауруханаларда төтенше жағдайдан зардап шеккен 13 адамның жатқаны айтылған болатын. Кейіннен тағы 50 адам медициналық көмекке жүгінген.
Кемеровте өртенген сауда орталығының суреттері