Кемеровода өртенген "Зимняя вишня" сауда орталығындағы "Кемеровский кондитерский комбинат" компанияның бас директоры Юлия Богданова ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Кемеровода өртенген "Зимняя вишня" сауда орталығындағы "Кемеровский кондитерский комбинат" компанияның бас директоры Юлия Богданова ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Бүгін "Кемеровский кондитерский комбинат" компаниясының бас директоры Юлия Богданова ұсталды. Сауда орталығында өртенген ғимарат осы кәсіпорынға тиесілі. Тергеу барысында Богданованың өрт қауіпсіздігіне жауапты адам екені анықталды. Алайда Богданова қауіпсіздікпен емес, жаңа сауда орындарын жалға берумен айналысып келген. Өртке қарсы қауіпсіздік шараларын қабылдауға қатысты ешқандай әрекет жасамаған", - делінген РФ Тергеу комитетінің хабарламасында.
Қазіргі уақытта тергеушілердің Богданованың үйін тінтіп жатқаны айтылады.
Осыған дейін Кемеров облысының губернаторы Аман Төлеев қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасына қандай көмек көрсетілетінін айтқан болатын. Губернатордың айтуынша, қаза тапқан адамның отбасына 5 миллион рубль беріледі. Ал өрттен жеңіл жарақат алғандарға - 400 мың рубль, ауыр жарақат алғандарға - 800 мың рубль.
Айта кетейік, Кемеровтің орталық алаңында митинг болған еді. "Кемеровте митинг. 4 мыңға жуық адам әкімшілік ғимараттың маңына жиналып, Аман Төлеевтің отставкаға кетуін талап етіп жатыр. Жиналғандардың ішінде "Зимняя вишня" сауда орталығында болған өрттен қаза тапқандардың туыстары", - деп жазған еді осыған дейін БАҚ өкілдері.
Сондай-ақ, митинг кезінде Кемеров облысының вице-губернаторы Сергей Цивилев қайғылы жағдай үшін тұрғындардан тізерлеп тұрып кешірім сұраған болатын.
Осыған дейін Кемеровтегі "Зимняя вишня" сауда орталығында болған өрттен қаза тапқандардың 41-і балалар екені хабарланған еді. Ресми мәліметтерге қарағанда, 25 наурызда болған төтенше жағдайдан барлығы 64 адам қаза болды.
Ресей президенті Владимир Путин де қазіргі уақытта Кемеровте. Осыған дейін Ресей президенті Кемеровтегі 64 адамның өліміне әкеп соққан "Зимняя вишня" сауда үйінде болған өрттің неден шыққанына қатысты пікір білдірген болатын.
"Бізде не болып жатыр, бұл әскери қақтығыс емес, кен орнындағы метанның шығып кетуі емес қой. Адамдар демалуға келді, балалар. Демография туралы айтып, осынша адамды неге жоғалтып отырмыз? Бұл қылмыстық салғырттықтан, бос белбеуліктен болды", - деген еді Путин өрт салдарын жоюға арналған Кемеровтегі жиын барысында.
Cондай-ақ, осыған дейін ауруханаларда төтенше жағдайдан зардап шеккен 13 адамның жатқаны айтылған болатын. Кейіннен тағы 50 адам медициналық көмекке жүгінген.
Кемеровте өртенген сауда орталығының суреттері