Қытай Мьянманың Ракхайн штатындағы "рохинджа содырлары" мен ресми үкімет арасындағы қақтығысқа байланысты "Бір белдеу, бір жол" жобасының тағдырына алаңдаушылық білдірді. Мұны саясат және этникалық қарым-қатынас жөніндегі сарапшы У Мон Мон Со (U Maung Maung Soe) The Irrawaddy басылымына берген сұхбатында айтты.
Қытай Мьянманың Ракхайн штатындағы "рохинджа содырлары" мен ресми үкімет арасындағы қақтығысқа байланысты "Бір белдеу, бір жол" жобасының тағдырына алаңдаушылық білдірді. Мұны саясат және этникалық қарым-қатынас жөніндегі сарапшы У Мон Мон Со (U Maung Maung Soe) The Irrawaddy басылымына берген сұхбатында айтты.
Сарапшы Ракхайн штаты Үнді мұхитына шығатындықтан маңызды екенін түсіндірді. Бұл өңірде құны миллиардтаған доллар болатын жобаларды жүзеге асыру жоспарланған еді - Рамри аралында экономикалық аймақ құру және Кьяукпью портын дамыту. Бұл қаладан Қытайға мұнай және газ құбырлары тартылып та қойған.
ҚХР-дың азиялық мәселелер жөніндегі арнайы елшісі Сан Гаосян (Sun Guoxiang) Мьянманың вице-президенті және оқиғаны тергеу бойынша мемлекеттік комиссияның жетекшісі У Минт Свемен кездесуде Ракхайн штатындағы шабуылдарды айыптаған.
"Біз жазықсыз құрбан болғандар мен жақындарынан айырылған отбасыларға көңіл білдірдік", - дейді ҚХР өкілі 2017 жылдың 4 тамызында. Мұның алдында ол Мьянма билігіне тыныштық пен бейбітшілікті сақтауға бағытталған әрекеттеріне қолдау білдірген.
"Ракхайн штатындағы тұрақтылық бұл жоба үшін маңызды. Мьянма астанасындағы кездесу ҚХР-дың "Бір белдеу, бір жол" жобасына алаңдаушылық білдіріп отырғанын көрсетеді", - дейді сарапшы У Мон Мон Со.
Bloomberg мәліметі бойынша, Мьянма арқылы Қытайға баратын мұнай құбыры 2017 жылдың сәуірінде іске қосылған. Мұнай Түркиядағы Баку - Тбилиси - Джейхан терминалында танкерлерге құйылған. Мұнай құбыры Қытайға тасымал жолын қысқартуға мүмкіндік береді. Құбыр "Бір белдеу, бір жол" жобасының бір бөлігі. Құбырдың жалпы ұзындығы 771 шақырым, ол арқылы жылына 22 миллион тонна мұнай жеткізуге болады. Мұнай Қытайдың Юньнань аймағына жеткізіледі. Ал Мьянмаға екі миллион тонна алуға рұқсат берілген.
Өз кезегінде Андаман теңізінен алынатын газды Мьянмадан жеткізу 2013 жылы басталған. Газ құбыры жылына 12 миллион шаршы метр газ жеткізуге мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, таяуда Мьянмада (ескі атауы - Бирма) үкіметтік күштер мен рохинджа мұсылмандары арасында бір апта бұрын басталған қақтығыстың салдарынан 400-ден аса адам өлтірілгенболатын. Жергілікті биліктің мәліметінше, қақтығыс "рохинджа содырларының" Ракхайн штатында (ескі атауы - Аракан) бірнеше полиция бекетіне және армия казармасына жасаған шабуылынан басталған-мыс. Мьянма әскерінің мәлімдемесінде 25 тамыздан бастап 90 қақтығыс болған, оның барысында 370 "содыр" қаза тапқан. Ал үкіметтік күштердің қатарында 15 адам мерт болған.
Айта кетейік, рохинджалар (рохинья) - этникалық мұсылман бенгалдар, оларды британ колониялық билігі Араканға XIX және XX ғасырдың басында көшірген. Халқының жалпы саны бір жарым миллион шамасында. Қазіргі уақытта олар Ракхайн штатындағы халықтың басым бөлігі. алайда олардың көпгшілігі Мьянма азаматтары емес.
Мұның алдында Түркия президенті Тайип Ердоған пікір білдіріп, Мьянмадағы оқиғаларды "мұсылмандар зұлматы" деп атаған болатын. Ал өз кезегінде Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров бұл қантөгісті бүкіл әлем болып тоқтату қажеттігін айтқан еді.