Егер 60 күн ішінде түпкілікті келісімге қол жеткізілмесе, Америка Құрама Штаттары Иранды бомбалауды қайта бастайды. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Францияның Эвиан қаласында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.
"Бұл өзара түсіністік туралы меморандумда жазылған. Егер (түпкілікті мәміле - ред. ескертпесі) 60 күн ішінде жасалмаса, онда тұрған ештеңе жоқ. Біз қайтадан бомбалауға кірісеміз", - деді ол.
"Мен оларға: "Тыңдаңыздар, егер келісімді сақтамасаңыздар - мен мұны істегім келмейді - бірақ біз күл-талқаныңызды шығарып бомбалаймыз" дедім. Олар келісімнен бас тартады деп ойламаймын... Жоқ, егер олар келісімді бұзса, біз оларды аяусыз бомбалайтын боламыз", - деп толықтырды Ақ үй басшысы.
Трамп Иранмен байытылған уранды елден шығару бойынша техникалық талқылаулар дереу басталатынын айтты. Сонымен бірге ол келісімге бейсенбі немесе жұма күні қол қойылуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
Америкалық көшбасшы келісім жасалмаса, АҚШ Ислам Республикасына "апталар мен жылдар бойы" бомба тастауды жалғастыруы мүмкін екенін атап өтті. Ол сондай-ақ белгілі бір сәтте Вашингтон Иранның бұғатталған активтерін қайтаруы тиіс екенін, әйтпесе ешкім долларға инвестиция салмайтынын мойындады.
Ол АҚШ пен Иран арасындағы бұл келісім бүкіл Таяу Шығыс бойынша әлдеқайда ауқымды уағдаластықтың бастауы болады деген үмітін білдірді.
Дүйсенбі күні Трамп тараптардың меморандумға қол қойғанын жариялады, бірақ оның нақты қалай жүзеге асқанын нақтыламады. Бұған дейін келісімге қол қою 19 маусымда Женевада жоспарланғаны хабарланған болатын. Вашингтон ақпаратынша, сол күні Ормуз бұғазындағы кеме қатынасы толықтай қалпына келеді.