АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды ядролық келісімге қол қоюға шақырып, АҚШ-пен келісімнен бас тартудың салдары "ауыр болатынын" ескертті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.
"Мен Иранға келісім жасауға көп мүмкіндік бердім. Бірақ олар қанша тырысқанымен, қанша жақындағанымен, бәрібір жасай алмады. Мен оларға білетінінен, күткенінен немесе өздеріне айтылғаннан әлдеқайда жаман болатынын айттым", – деп жазды Трамп.
Оның айтуынша, АҚШ "әлемдегі ең озық әрі ең қауіпті қару-жарақты өндіреді, ал Израильде ондай қару көп, әрі ол тіпті көбейе түседі – және олар оны қолдана біледі".
"Кейбір ирандық жоғары шенділер батыл сөйлегенімен, олар не болайын деп тұрғанын білген жоқ. Қазір олардың бәрі өлді, әрі бұл тек бастамасы! Көптеген өлім мен қирау болды, бірақ бұл қырғынды тоқтатуға әлі де уақыт бар, өйткені келесі жоспарланған шабуылдар бұдан да қатігез болады. Иранда ештеңе қалмай тұрып, келісімге қол қойып, бір кездері Иран империясы аталған мемлекетті сақтап қалуы керек. Енді ешқандай өлім болмасын, ешқандай қирату болмасын – жай ғана жасаңыздар, кеш болмай тұрғанда", – деді АҚШ президенті.
Израильдің Иранға шабуылы
Еске салайық, 13 маусымға қараған түні Израиль Иранға әуе шабуылын жасады. Ондаған нысанаға соққы жасалды. Израиль Иранға шабуыл жасау үшін 200 ұшақ пен 330-дан астам зымыран қолданған.
Израиль билігі операцияның мақсаты – еврей мемлекетінің өміріне төнген қауіпті жою екенін мәлімдеді. Израиль әскері мен барлау қызметінің деректеріне сәйкес, Иран ядролық қару жасау ісінде "қайтарымсыз нүктеге" жақындап қалған.
Израиль ӘӘК Иранның әртүрлі өңірлеріне бірнеше толқынды шабуыл жасаған. Оның ішінде Тегеран да бар. Ирандық БАҚ дерегі бойынша, бұл шабуылдар нәтижесінде бірқатар ирандық жоғары лауазымды әскери және ядролық ғалымдар көз жұмған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!