Украинада Ресейге қарсы жаңа санкция енгізу ұсынылды

04 Желтоқсан 2018, 09:40
0
Украинада Ресейге қарсы жаңа санкция енгізу ұсынылды - © dvinatoday.ru
© dvinatoday.ru

Украинаның бас прокуроры Юрий Луценко ресейліктер мен ресейлік компанияларға қатысты жаңа санкциялар енгізуді ұсынды. Бұл туралы ол ICTV арнасына берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.

Луценконың айтуынша, ол Украина президенті Петр Порошенко мен Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Александр Турчиновқа хат жолдаған.

"Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесіндегілер бекітілген тәртіп бойынша Ресей Федерациясының белгілі бір физикалық және заңды тұлғаларына қатысты арнайы экономикалық немесе басқа да шектеу шараларын қолдану мәселесін қарастыруы қажет деп санаймын. Мысалы, ресейліктердің Украина аумағында активтерін бұғаттау түріндегі шаралар", - деді Украинаның бас прокуроры Луценко.

Оның айтуынша, Ресейдің жеке және заңды тұлғаларының кейбір салаларда монополиясы бар. Сондықтан прокурор мұнда санкция енгізу кезінде мұқият зерттеу жүргізу керектігін айтты.

Мұның алдында ресейліктерге Украинаға кіруге тыйым салынатыны айтылған еді. "Бүгінде шетелдіктердің елге кіруіне шектеу қойылды. Бірінші кезекте, Ресей Федерациясының 16-60 жас аралығындағы азаматтарына, ерлерге", - деген еді Украина Мемлекеттік шекара қызметінің басшысы Петро Цигикал.

Еске салайық, осыған дейін Украинада соғыс жағдайы енгізілгені жайлы хабарланған болатын. Президенттің Жоғарғы Рада сайтында жарияланған бұйрығына сәйкес, соғыс жағдайы Украинада 26 қарашада сағат 14.00-ден бастап енгізілді. Ол 30 күнге дейін созылады - 2018 жылдың 26 желтоқсанына дейін.

Ал кейінірек Украина президенті Петр Порошенко елге Ресеймен соғысу қаупі төніп тұрғанын мәлімдеген болатын.

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай