09 қыркүйек 2022 12:17

"Ең көпұлтты оркестр". Қазақстанда Гиннестің жаңа рекорды тіркелді

Гүлнара Досымшалова Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында 6 қыркүйекте жаңа әлемдік рекорд орнатылды. Ең көпұлтты оркестр құрамында 51 елден 75 ұлттың өкілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында 6 қыркүйекте жаңа әлемдік рекорд орнатылды. Ең көпұлтты оркестр құрамында 51 елден 75 ұлттың өкілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Шара елордада өтетін Әлемдік дін көшбасшыларының съезі қарсаңында ұйымдастырылды. Рекордтың мәні бір сахнада ең көпұлтты музыка ұжымының басын қосу.

"Бейбітшілік сазы" атты жобаға 51 елден 75 ұлт өкілі қатысты. Ал рекордты Гиннестің әлемдік рекордтар кітабының төрешісі Jack Brockbank арнайы келіп, тіркеді.

"Жобаны қолға алған соң нәтиже шығаруға тырысасың. Әйтпесе, бастамай-ақ қою керек. Әрине, "Бейбітшілік сазы" физикалық тұрғыда да, моралдық тұрғыда да шығын қажет етті. Бірақ бізге тылсымнан көмек жеткендей әсерде болдық. Жастардың өмірге деген белсенді көзқарасы қуантты. Кастингіге 500-ден астам өтініш түскен болатын. Оркестрдің ең жас мүшесі Гуляф 11-де ғана. Ұлты - марий.

Осы жобаға титтей де болсын үлесін қосқан әр адамға алғыс айтамын. Назарбаев Университетінің оқытушыларына айрықша рақмет. Өте шығармашыл, алға ұмтылғыш адамдар деуге болады. Адам баласының өмірдегі маңызды миссияларының бірі қайырымдылық жасау деп білемін. Жобаға қатысқан әр адам бүгін сол миссиясын орындағандай", - дейді жобаны ұйымдастырған Дәуіт Шайхисламов.

Көпұлтты оркестр көне қазақ әні делінетін "Қара жорғаны" шырқады. Абайдың "Желсіз түнде жарық айы" мен А.Бородиннің "Игорь князь" операсынан үзінділер орындалды. G.Caccini-дің "Ave Maria"-сы, Vangelis-тің "Conquest of paradise"-ы да оркестрдің сазына арқау болды.

Грузиядан келген Geo Folk Tour ұжымы Абайдың "Көзімнің қарасы" әнін орындаса, Диана Макина украин ұлтының "Я люблю тільки тебе" әнін нақышына келтіріп шырқады. "Туған жер" балалар хоры M.Jackson-ның We Are The World әнін сыйлады.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.2   490.7   4.82 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети