2014 жылдың 19 қыркүйегі мен 4 қазан аралығында Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында XVII жазғы Азия ойындары өтеді. Сары құрлықтың басты додасына Қазақстан құрама командасы алтыншы рет қатысқалы отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігіне сілтеме жасап.
2014 жылдың 19 қыркүйегі мен 4 қазан аралығында Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында XVII жазғы Азия ойындары өтеді. Сары құрлықтың басты додасына Қазақстан құрама командасы алтыншы рет қатысқалы отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігіне сілтеме жасап.
Ұйымдастыру комитетінің таратқан мәліметіне қарағанда, бұл жолғы Азия ойындарына "сары құрлықтың" 45 елінен 13 000 спортшы мен жаттықтырушы қатысады. Ал Азия ойындары барысын бұқаралық ақпарат құралдарының 7000 өкілі қадағалайтын болады.
Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен сайыспен салыстырғанда жарыс бағдарламасына бірқатар өзгерістер енген. Бағдарламадан өткен ойындарда қазақстандық спортшылар чемпион және жүлдегер болған спорттың шахмат, спорттық би сынды түрлері алынып тасталған.
Жалпы XVII жазғы Азия ойындары бағдарламасына биыл 41 олимпиадалық және 9 олимпиадалық емес спорт түрлерінен барлығы 50 спорт түрі енген. Спортшылар 439 медаль жиынтығын сарапқа салады. Бұл байрақты бәсекеде Қазақстан спортшыларының алдына жалпыкомандалық есепте 4-ші орын иеленіп, 20-дан астам алтын медаль жеңіп алу міндеті қойылған.
Айта кетейік, бұл Азия ойындарында Қазақстан командасы 11 спорт түрінен жарысқа қатыспайды. Себебі оның төрт спорт түрі біздің елде нашар дамыса, жетеуі тіпті тарамаған. Олар - софт теннис, кабадди, крикет, сквош, сепактакроу, бейсбол, ВМХ. Гуанчжоудағы өткен Азия ойындарында біздің елімізден 36 спорт түрінен 362 спортшы қатысты. Бұл - спортшылар саны жағынан Азия елдері ішінде 9-шы көрсеткіш. Бұл жолы біздің 420 спортшымыз 39 спорт түрінен сынға түспек. Олардың 207-сі ерлер және 213-і әйелдер.
Биылғы делегацияның құрамында 1998-2010 жылдардағы Азия ойындарының 17 чемпионы бар. Оның жетеуі Гуанчжоудағы Азия ойындарының чемпиондары: Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Маргарита Мұқашева (жеңіл атлетика), Дмитрий Карпов (жеңіл атлетика), Дания Елеусінов (бокс), Дархан Асәділов (каратэ), Рүстем Сағындықов (каратэ), Нұрмахан Тынәлиев (грек-рим күресі).
Еске салайық, біздің спорттық делегацияның ту ұстаушысы - боксшы, Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов.