02 қазан 2014 11:57

Инчхонда қазақ журналистері Әнұранды жаппай орындап жүр

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фотоны түсірген – Анвар Ильясов (Өзбекстан) Фотоны түсірген – Анвар Ильясов (Өзбекстан)

 ХVІІ жазғы Азия ойындарында Қазақстан спортшылары алтын медаль алған сайын, біздің елдің журналистері Әнұранды қосыла шырқап, Азия елдерін таңдандыруда һәм сүйсіндіруде, деп жазады Оңтүстік Кореядан "Алаш айнасының" арнаулы тілшісі.


 ХVІІ жазғы Азия ойындарында Қазақстан спортшылары алтын медаль алған сайын, біздің елдің журналистері Әнұранды қосыла шырқап, Азия елдерін таңдандыруда һәм сүйсіндіруде, деп жазады Оңтүстік Кореядан "Алаш айнасының" арнаулы тілшісі.

Еліміздің жиырма шақты журналисі күн сайын Инчхондағы дода-жарыстарға бөлініп-бөлініп барамыз. Әрине, маңыздыларына, алтын медаль болады-ау дегендеріне долбарлап екі-үш топқа бөлінеміз.

Біз барған сайыс, жарыс, дода түрлерінде сенім артқан саңлақтарымыз топ жарып, жеңімпаз атанса, бәріміз бір жерге шоғырланып, Әнұранды қосыла шырқауға тырысамыз.

Көбінесе бізге Қазақстан делегациясының сапындағы спорт мамандары мен қайраткерлері қосылады. Мысалы, ескекшілер бес алтын олжалған күні ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің вице-министрі Тастанбек Есентаев бастаған басшыларымыз да қосылды.

Бәлкім, олар бізге емес, біз оларға қосылдық дегенім дұрыс шығар. Өйткені, басшылар тек қана "Қа-зақ-стан, ал-ға!" деп қана емес, "Құт-тық-тай-мыз!" деп айғайлап, біз оларды қоштап отырдық. Әрине, бірнеше қайтала ұрандап, спорт кешенін басына көтергенбіз...

Мұндайда, яғни біз Әнұранды қосыла шырқай жөнелгенде, спорт кешенінің ішіне жиналған халық жалт етіп қарайды да, артынан сыртылдатып фотоға түсіре бастайды. Бұған біз үйреніп алғанбыз. Мән бермейміз.

Ал кеше жеңіл атлетикадан финалдық сайыс-жарыстар өтіп жатқан стадионға бардық. Үш алтын аламыз деп үміттеніп барып, үш қызымыздың да сенімді ақтап, Азия ойындарының чемпиондары атанғандарының куәсі болдық.

Жеңілатлеттер ХVІІ жазғы Азия ойындарының ашулу салтанаты өткен сәулетті стадионда бәйгеге түскен болатын. Бағымыз жанып, үш қызымыз да жеңімпаз атанды. Қазақтың Әнұраны Инчхон төрінде үш рет шырқалды.

Біз Әнұранды қосыла шырқап жөнелгенде, суретке түсіріп алушылардың арасында Өзбекстан делегациясының кәсіпқой ресми фототілшісі де болыпты. Анвар Ильясов жай ғана суретке түсіріп алмай, сол фотосын әлеуметтік желіге салып, астына былай деп жазып қойды да:

Қазақ бауырларым стадионда үш рет Әнұрандарын шырқады. Олар үшін қуаныштымын. Осылай жалғаса берсе, олар өздерінің журналистикалық қызметтеріне әнші мамандығын да қосар-ау!

Сонда оншақты адам атшаптырым стадионды басына көтердік па екен?! Өзімізге білінбейді. Бірақ аянбаймыз, әйтеуір. Арамызда дауыстары ашық әрі зор жігіттер де бар.

Читайте также
Join Telegram
Тоқаев Қытайға барады

Валюта бағамы

 448.12   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети