29 маусым 2014 19:15

Мұхит Тұрсынов "Қазақстан Барысы" турнирінің жеңімпазы атанды

ПОДЕЛИТЬСЯ

2014 жылғы "Қазақстан Барысы" - Мұхит Тұрсынов. Фото vk.com сайтынан 2014 жылғы "Қазақстан Барысы" - Мұхит Тұрсынов. Фото vk.com сайтынан

Мұхит Тұрсынов елімізде төртінші рет өткен "Қазақстан Барысы" турнирінің биылғы жеңімпазы атанды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 


Мұхит Тұрсынов елімізде төртінші рет өткен "Қазақстан Барысы" турнирінің биылғы жеңімпазы атанды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

Асыл "Жас сұңқар" Бәрменов (Қарағанды облысы) пен Мұхит "Жалын" Тұрсынов (Шығыс Қазақстан облысы) арасындағы ақтық белдесуде Мұхиттың мерейі үстем болып, "Қазақстан Барысы" атағына қол жеткізді. Ал финалдық бәсекеде жеңілген Асыл Бәрменов "Алтын белбеу" иегері атанды.

Турнирдің қорытындысы бойынша 2014 жылғы "Қазақстан Барысы" Мұхит Тұрсынов 150 мың АҚШ долларын қанжығасына байласа, оның бапкеріне 20 мың АҚШ доллары табысталды. "Алтын белбеу" иегері Асыл Бәрменов 30 мың доллар көлемінде сыйлық алса, Асылдың бапкері 10 мың доллармен марапатталды.

Қола жүлде үшін өткен кездесуде Руслан "Сыр барысы" Әбдіразақов (Қызылорда облысы) пен Дәулетхан "Талас арланы" Жақыпов (Жамбыл облысы) белдесіп, тартысты кездесудің негізгі уақытында "таза жеңісті" еншісіне жазған Руслан Әбдіразақов қола белбеуді беліне тақты. Одан бөлек, "Сыр барысы" 10 000 долларлық чекке ие болса, бапкері де құр алақан қалған жоқ. Оған 3000 доллар сыйақы берілді.

Ал ұйымдастырушылар тағайындаған арнайы "Жеңіске деген жігері" үшін атты сыйлық Дәулетхан Жақыповқа бұйырып, Hyundai Elantra көлігіне ие болды.

Айта кетейік,  боз кілемге "Қазақстан Барысы-2013" деген атағымен шыққан Шығыс Қазақстан облысының үміті Айбек Нұғымаров 1/8 финалдық белдесуде Қызылорда облысының палуаны Руслан Әбдіразақовқа ешкім күтпеген жерден тізе бүкті. 117 келі тартқан Әбдіразақов өзінен 20 келіге ауыр атақты қарсыласынан еш қаймықпай, таза жеңіспен ширек финалға жолдама алды.

Сондай-ақ тағы бір ел күтпеген жеңіске Шығыс Қазақстан облысының палуаны Мұхит Тұрсынов жетті. Ол 2012 жылғы "Қазақстан Барысы" атанған Бейбіт Ыстыбаевтың жауырынын жерге тигізіп, турнирдің қорытындысы бойынша жеңімпаз атанды.

Еске салайық, Мемлекеттік "Допингке қарсы ұлттық орталық" мекемесінің 2014 жылғы 20 мамырдағы допингтік сынама қорытындысына сәйкес, қанының құрамында допингтік зат анықталған Батыс Қазақстан облысының балуаны Дамир Қалақов, Қостанай облысының балуаны Михаил Твердохлебов, Астана қаласының балуаны Нұрғали Байтарақов және Маңғыстау облысының балуаны Манас Иманқұлов финалдық бәсекеден шеттетілген еді. Сондықтан да биылғы "Қазақстан Барысы" турнирінде 28 балуан ғана белдесті.

 

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 448.12   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети