Tengri FM Радиосы Радио Жұлдыз FM Қазақстан заңдары Экономика сабақтары
KZ RU EN
Бізге жазба жолдау +7 (727) 388 8124
искать через Tengrinews.kz
искать через Google
искать через Yandex
USD / KZT - 332.80
EUR / KZT - 390.57
CNY / KZT - 49.88
RUB / KZT - 5.60

Сочи сергелдеңі

25 Ақпан 2014, 15:58
0
Сурет zimbio.com сайтынан
Сурет zimbio.com сайтынан
ХХІІ қысқы Олимпиада ойындары аяқталып, барлық мемлекеттің спортшылары туған елдеріне қайтты. Адлер әуежайы – ығы-жығы, сапырылысқан халық. Олардың араларында ұнжырғалары түскен Қазақстан делегациясы да бар...

Иә, Қазақстан делегациясы көңілді емес. Әсіресе спорт басшыларының қабақтары қатулы. Оларға жақындап, сөйлесуге дәтің жетпейді. Бәрі де түнерген қабақтарынан көрініп тұр...

Иә, қазақ спортының басшылары екі жүлде аламыз деп сенді. Нақтырақ айтқанда, үміттенді. Лондон Олимпиадасы қарсаңында да ішкі есептеріне жүгініп, «кемі үш, ал сәті түссе, алты алтын аламыз» деген болатын. Сонда айымыз оңынан туып, алты емес, жеті алтын алғанбыз.

Өкінішке қарай, Сочиде де Лондондағыдай айдарымыздан жел еспеді. Ішкі есебіміз бойынша арық айтып, семіз шыға алмадық. Тіпті керісінше, семіз айтып, арық шықтық...

Ешкім де өзіміз жоспарламаған жүлдеге қол жеткізе алмады. Тіпті үміт артқан саңлақтарымыздың өздері сенім үдесінен шыға алмай, пұшайман болды.

Басшылар негізі екі спортшыға ерекше сенім артқан болатын. Олар – Денис Тен (мәнерлеп сырғанау) және Алексей Полторанин (шаңғы жарысы). Тен үшінші орынға ие болып, қола жүлде еншіледі. Алайда ол қысқа бағдарламада 9-орынмен шектеліп, біраз сарыуайымға салдырды. Абырой болғанда, еркін бағдарламада тамаша өнер көрсетіп, жүлдеге ілікті.

Кім біледі, егер қысқа бағдарламадағы көрсеткіші сәл жоғары болғанда, қоржынға қола емес, құрығанда күміс медаль түсер де ма еді... Пендешілік қой. Кейде солай ойлап, армандап та кетеміз. Бірақ Дениске өкпе жоқ.

Ал Алексей Полторанин жерге қаратты, десек те болар. Әрине, Сочи Олимпиадасында оның жоғары нәтиже көрсетіп жүрген бәйгелерінде (жекелей спринт және 50 шақырымдық аламан) еркін әдіспен жүгіру керек болды. Ал Алексей классикалық әдіске бейім. Десек те, оған сонша жағдай жасалып, ерекше қолдау көрсетілгенде, сенімді ақтай алмағандығы жанға батты...

Одан кейін конькиші Денис Кузинге де «мүмкін жүлдеге ілігіп қалар» деп сенім артылды. Бірақ 1000 метрлік қашықтықта бәсекелестік өте жоғары екендігі әу баста ескерілген болатын. Сол күдік «алдамады». Кузин жүлде жалына жармаса алмай, үздік үштіктен тыс қалды.

Осылай, «бағы жанса, мүмкін жүлдеге ілігіп те қалар» деген спортшыларымыздың енді екеуі фристайлшылар Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхерд еді. Алайда бұл екеуінің де жұлдыздары жарқырап жанбады. Галышева төрешілер кәріне ілігіп, жүлдеден қағылса, Рейхерд күн батыстан таң аттырып, тосын ерлік жасай алмады.

Міне, барымыз – осы. Ванкуверде абыройымызды асқақтатқан Елена Хрусталева қазір бұрынғыдай емес. Спорттық бабын жоғалта бастағандай әрі өзіне сенсек, спорттық күйіне де келтіре алмағандаймыз.

Рас, сол Ванкувермен салыстырғанда, кейбір спорт түрлеріндегі көрсеткіштеріміз біршама жоғарылады. Конькимен жүгіру және фристайлда көшбасшылармен үзеңгі қағыстырып, алғашқы ондықтан ойып тұрып орын алдық. Алайда межелі екі жүлдеге қол жетпеген соң, мұның бәрі көлеңкеде қалып қойды...

Бәлкім, тағдырдың біздің бір жүлдемен шектегені де дұрыс шығар. Егер енді бір жүлде болғанда, «екі жүлде алдық, Ванкуверде бір ғана медаль алғанбыз, яғни қысқы спортымыз алға жылжып келеді» деп тоқмейілсіп жүрер едік.

Негізі, спортымызды ғылыммен ұштастырмай, жүлдеге ілігу мүлде мүмкін емес. Жүлде алу жылдан-жылға қиындап барады. Енді ел спортын ғылыммен сабақтап, дамытуға көңіл бөлу керек.

Енді ешқашан Лондон Олимпиадасындағыдай асығымыз алшысынан түсіп, бағымыз жана бермейді. Ондай БАҚ өмірде бір-ақ рет беріледі. Сондықтан Сочи Олимпиадаы бізге сабақ болғай!

Қазірден бастап кіріспесек, Рио Олимпиадасынан кейін де Бразилиядан тұнжырап, түнеріп қайтуымыз әбден мүмкін.

Нравится
Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай