Ұлыбританиялық турист үшін атақты Копакабана жағажайына барған сапары жағымсыз оқиғамен аяқталды. Ол көшеден сатып алған кәдімгі кәуап үшін байқаусызда 10 мың бразилиялық реал төлеген - бұл шамамен 950 мың теңге. Оқиға Рио-де-Жанейро қаласында болған, кейінірек сатушыны полиция ұстады, деп хабарлайды Tengri Travel тілшісі O Globo басылымына сілтеме жасап.
Не болды?
Жергілікті БАҚ мәліметінше, оқиға 14 сәуірде Копакабана жағажайында болған. Күдікті сыбайластарымен бірге туристік аймақтарда жұмыс істеп, шетелдіктерге көше тағамдарын ұсынған. Бұл жолы Ұлыбританиядан келген турист оның құрығына түскен.
Тергеу нұсқасы бойынша, әйелге кәуапты (бразилиялық БАҚ мәліметінше - көше кәуабы) 100 реалға ұсынған, алайда төлем жасау кезінде терминалдағы сома мүлдем басқа - 10 мың реал болып шыққан.
Жергілікті полиция сатушының бірінші рет ұсталып тұрмағанын атап өтті.
"Есірткімен күрес басқармасы бұл қылмыскерлерді бірнеше рет қамауға алған. Алайда жағажайдағы көше саудагерлерін ешкім қадағаламайды, бұл қоғамдық тәртіпсіздік ахуалын тудырып, осындай қылмыстардың жасалуына айтарлықтай ықпал етеді", - деді ведомство өкілдері.
Схема қалай жұмыс істеді?
Полиция тергеуінің нәтижесінде алаяқтық схемасы төлем терминалына негізделгені анықталды: сатып алушыларға бір баға айтылғанымен, төлем кезінде құрылғыдағы сома өзгеріп кетіп отырған. Асығыстық пен зейін қоймау салдарынан туристер экрандағы сандарды тексерместен PIN-кодты енгізіп, алданғандарын кейін бірақ байқаған.
Полицияның пайымдауынша, ұсталған азамат туристік орындарда әдейі шетелдіктерді аңдитын топтың мүшесі болған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бұл схема тек Копакабанада ғана емес, Ипанема және Арпоадор аудандарында да іске асырылған. Қазірдің өзінде анықталған зардап шегушілер арасында Ұлыбритания, Чехия және Аргентина азаматтары бар.
Тергеу амалдары жалғасуда: полиция топтың басқа да қатысушыларын іздестіріп, осыған ұқсас өзге де жағдайлардың бар-жоғын тексеріп жатыр.
Туристерге қандай кеңес беріледі?
Бразилия билігі туристер мен жергілікті тұрғындарды күмәнді жағдайлар туралы дереу хабарлауға шақырды.
Саяхатшыларға мынадай кеңестер ұсынылады:
- PIN-кодты енгізер алдында әрдайым терминалдағы соманы тексеру;
- банктің push-хабарламаларын қосып қою;
- күмәнді көше сатушыларына картамен төлем жасамау;
- құнды заттар мен құжаттарды қонақүй сейфінде сақтау.