Мальдивтегі түсірілім кезінде блогер әрі әнші Настя Витоноваға акула шабуыл жасады, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Daily Mail басылымы мәліметінше, оқиға Мальдив аралдарында туристер арасында танымал саналатын акулалармен жүзу кезінде болған.
Жарияланған кадрларда қыздың қолы қанға боялғаны көрінеді. Туристік қайықтың экипаж мүшелері жараны тұщы сумен жуып, алғашқы көмек көрсетуге тырысқан.
"Мені акула тістеп алды", – дейді Витонова, көз жасын әрең ұстап.
Қатты қан кету мен үрейге қарамастан, Витонованы жедел түрде жақын аралға жеткізіп, медициналық көмек көрсетілген. Кейінірек Настя басынан өткен оқиғаны бөлісті.
"Акула қолымды тісімен 2-3 секундтай қапсыра ұстады. Бүкіл қорқынышты сценарийлер көз алдымнан өтті. Бірақ өзімді сабырлы ұстап, қайыққа қарай тез жүзе бастадым", – деп жазды ол.
Ол бастапқыда күліп, әзілдегенін, алайда бұл қорғаныс реакциясы болғанын айтты.
"Ішім алай-дүлей болды, тұла бойым дірілдеп кетті. Кейін барлығын түсініп, еңкілдеп жыладым – тіпті кейде шоктан дем ала алмай қалдым", – деп бөлісті блогер.
Витонованың айтуынша, акула оның саусағын сүйекке дейін тістеп алған.
"Қазір кішкентай ісік бар, бірақ жара жазылып келеді", – деді ол.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!