Қазақстанда Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жарналарын есептеу және қайтару қағидаларына өзгерістер енгізілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ержан Нұрлыбаев 2017 жылғы 30 маусымдағы № 478 бұйрыққа өзгерістерді бекітті. Бұл құжат МӘМС жарналары мен аударымдарын есептеу, ұстау және аудару тәртібін, сондай-ақ артық (қате) төленген сомаларды қайтару тәртібін реттейді.
Бұйрыққа сәйкес, жарналар мен аударымдар мемлекеттік корпорацияға аударылады, ол өз кезегінде қаражатты МӘМС қорына бағыттайды. Мемлекеттік корпорация келесі деректерді көрсетеді:
- жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН);
- аты-жөні (бар болса, әкесінің аты);
- аударылған жарна және (немесе) аударым сомасы;
- қай кезеңге (жыл, ай) төлем жасалғаны.
Сонымен қатар, жиынтық төлем тапсырмаларын рәсімдеуге қойылатын талаптар нақтыланды, оған төлеушінің ЖСН-ін және төлем кезеңін көрсету кіреді.
"Аударымдар және (немесе) жарналар төленетін кезеңді төлеушілер қағаз жеткізгіштерде жасалатын еркін төлем тапсырмаларында "Төлемнің мақсаты" бағанында, ал электрондық форматта жіберілген еркін төлем тапсырмаларында нысанда көзделген "ААЖЖЖЖ" жеке жолағында көрсетеді", – делінген хабарламада.
Мемлекеттік корпорация бұл деректерді МӘМС қорына электрондық форматта жіберілген жиынтық төлем тапсырмасымен бірге тапсырады.
"Мемлекеттік корпорацияның шотына түскен аударымдар мен (немесе) жарналар сомасы үш операциялық күн ішінде қордың шотына жиынтық төлем тапсырмасы арқылы аударылады", – деп көрсетілген құжатта.
Қате аударылған төлемдер қалай қайтарылады?
Құжатта қате аударылған төлемдерді қайтару тәртібі нақты көрсетілген. Атап айтқанда, жеңілдігі бар санаттағы азаматтар үшін төленген сомаларды және белгіленген лимиттен жоғары төленген жарналарды қайтару қарастырылған.
Мемлекеттік корпорация келесі жағдайларда қаражатты қайтарады:
- төлеуші немесе банк екі немесе одан да көп рет қордың шотына қате аударғанда;
- артық есептелгенде (ішінара қайтару);
- жарналарын мемлекет төлейтін аударымдар мен жарналарды төлеуден босатылған адамдар үшін қате төленгенде;
- төлем мақсатының коды дұрыс көрсетілмегенде;
- алушының деректемелері (жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – ЖСН), тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)), төлем жүргізілген кезең дұрыс көрсетілмеген;
- Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратындарды, сондай-ақ қандастарды және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттың талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болғандарды қоспағанда, шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар үшін қате аударылғанда.