Реклама +7(700) 388 81 09
  1. Басты
  2. Оқы

"Бұл - біздің тарихымыз". Тазы тұқымын жойылып кетуден қалай сақтауға болады?

Қызық әрі пайдалы мақала ✅ "Бұл - біздің тарихымыз". Тазы тұқымын жойылып кетуден қалай сақтауға болады? ⚡ Tengrinews.kz интернет-порталында өзекті тақырыптағы жарияланымдарды онлайн оқыңыз.
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Vkontakte
  • Facebook
  • Twitter
  • Одноклассники
  • Telegram
  • WhatsApp
  • Қате таптыңыз ба?

Фото: Тұрар Қазанғапов/Tengrinews.kz Фото: Тұрар Қазанғапов/Tengrinews.kz

Тазы тұқымды иттердің жойылып бара жатқаны туралы қазақстандық мамандар бірнеше жылдан бері айтып келеді. Кинолог мамандардың айтуынша, асылтұқым аралас тазы мүлде қалмауы мүмкін. Бірақ бүгінгі күннің басты мәселесі – қазақ тазысының әлі күнге дейін халықаралық кинологиялық қоғамдастықта танылмай келе жатқаны. Тазы өсірудің негізгі мәселелері туралы Tengrinews.kz тілшілерінің материалында.

Қазақстанда бейресми деректер бойынша, үш мың басқа дейін қазақ тазысы бар. Мұндай мәліметтерді "Қансонар" аңшылар және аңшылық шаруашылығы қоғамдық бірлестіктерінің республикалық бірлестігі бас кинологы Инна Назаренко айтты.

"Заңнамалық деңгейде бұл иттерді міндетті түрде тіркеуге қойылатын талаптар жоқ. Сондықтан бәрі ерікті деңгейде. Біз де, басқа кинологиялық ұйымдар да есепке алуды жүргіземіз. Бірақ бізде елге ортақ республикалық база жоқ, осыған байланысты ресми жалпы деректер де жоқ", - дейді Инна Назаренко.

Кинологтың айтуынша, қауымдастықтың филиалдарына күшіктерді баға белгілеу үшін әкелуге барлық селекционерлердің мүмкіндігі бола бермейді. Мұның себептері - шалғайда тұруы, қаржылық шығындар.

"Тіркеу не үшін қажет екенін түсінбейтіндер де бар. Олардың сөзінше, олар бар мәліметті үйінде журналға жазып, өздігінен есеп жүргізеді. Бірақ, өкінішке қарай, құжатсыз күшіктің таза қанды екенін дәлелдеу қиын. Бұл мәселені біртіндеп шешу үшін ел бойынша экспедиция жүргізу керек. Бұл мамандар қажетті талдау жүргізіп, тексеруі үшін қажет", - дейді республикалық "Қансонар" бірлестігінің бас кинологы.

Инна Назаренконың сөзінше, қазақ тазысы халықаралық деңгейде мойындалуы үшін тіркеудегі басқа иттерден айырмашылығын дәлелдеу керек.

"Келіп, осындай ит бар екенін айта салу жеткіліксіз. Біз қазақ тазысының ерекшелігін, басқа иттерден айырмашылығын дәлелдеуіміз керек. Мысалы, қазақ тазысының орыс немесе түрікмен итінен айырмашылығы не? Әрине, бұл мәселе шешілуі үшін бар күшімізді салып жатырмыз. Бірақ тек кинолог мамандар емес, сол иттерді асырып отырғандар да әрекет етуі керек. Бір жағынан, иттердің осы түріне назар аударуын сұрап және олар жоғалудың аз-ақ алдында тұрғанын айтып, мемлекеттен қолдау сұраймыз. Тағы бір жағынан, құжат мәселесі жағынан иттерді асырайтындардың өзі де әрекет етуі керек", - дейді Инна Назаренко.

Сондай-ақ, маман тазы және басқа да иттердің санын есепке алу мен тіркеуге қауымдастықтар ақша бөлмейтінін атап өтті.

"Кейбір ит асыраушы бізге бұл үшін ақша беріп жатыр деп ойлайды, сондықтан өз қаражатына тіркегісі келмейді. Бұл, әрине, үлкен қате ұғым. Барлық жұмыс демеушілер көмегі арқылы жүзеге асады. Мысалы, бірнеше жыл бұрын төбет тұқымы туралы деректер жинау үшін шағын экспедиция болды. Осының бәрі игі ниетті адамдардың көмегімен жасалды", - деді Инна Назаренко.

"Асыл қазына" тазы асыраушылар бірлестігінің басшысы Алмас Оралбек те деректер жинайтын экспедицияларды қаржыландыру мәселесіне тоқталды. Ол басқа да ниеттес адамдармен бірге бірнеше жыл бұрын курсинг ұйымдастырған.

Курсинг - бұл иттерге өзінің қасиеттерін көрсетуге мүмкіндік беретін, далада жануарды қуып, ұстауды имитациялайтын далалық сынақ.

"Біздің ата-бабамыз тазы итті бекер ұстамаған. Бұл өте таза әрі ақылды ит болған, пайдасы орасан. Өлексе жемейді, тамақтың өзін таңдап, талғап жейді. Алып-ұшатын қасиеті жоқ, қамқорлықпен ұстау керек. Мысалы, тазы ит жылы жерде ұйықтауы керек. Сондықтан үйде иелерімен бірге өмір сүреді немесе жылытылатын үйшік дайындап беру керек. Ал аңға шыққанда нағыз қасиетін байқай аламыз", - дейді Алмас.

Алмас Оралбек тазы асырап жүргеніне 10 жылға жуық уақыт болған. 2016 жылы ол Қырғызстанда өткен Бүкіләлемдік көшпенділер ойынына қатысқан соң ұлттық ит жарыстарын өткізуді, курсингпен айналысуды ұйғарған.

"Тазымен айналысуға болатын идея көп. Бірінші кезекте тазы асырау және ит жарыстарын ұйымдастыратын федерация ашқым келеді. Бірақ ол үшін өзге қалаларда филиалдарын ашу керек, құжатын рәсімдеу керек. Осындай ұйымдастыру қызметімен айналыс деген ұсыныс айтсам, жұрт басын ала қашады. Құжаттан алшақ жүргісі келеді. Кейбірі тіпті олардың атына несие артып жіберетіндей көреді", - дейді ол.

"Асыл қазына" асылтұқымды тазы мал шаруашылығы бірлестігінің жетекшісі Алмас Оралбек басты мәселе дамуға септігін тигізетін қаржы тапшылығында деп есептейді. Оның айтуынша, қазір бәрі бұл мәселеге бейжай қарамайтын адамдардың қоғамдық бастамаларына тіреледі.

"Бізге Қазақстанның түкпір-түкпірін аралайтын, тест жинайтын, иттерді тіркейтін жұмыс тобы керек. Бұл жұмысты жүргізетін мамандар, атап айтқанда кинологтар, мал дәрігерлері жеткіліксіз. Өйткені тазыларды қарайтын да мамандар жоқ. Басқа елдерде тазы тұқымының тарихын, оның ерекшеліктерін білмейді, сондықтан олар онша сауатты емес. Өкінішке қарай, бізде ондай мамандар дайындалмайды. Олар өте қажет", - деді ол.

Тазыға бейжай қарамайтындардың бірі – аңшылықтың арқасында осы иттерді өсіруге әуестенген Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Темірхан Әлкен.

"Шындығында, тазы өсірушілер көп. Бірақ бұл кәсіпке жаны құмарлар аз. Әлеуметтік желіде ондай адамдарды тауып, жазбаларын зерттеп, хабарластым. Бұған дейін тазыны тек аңшының көмекшісі деп ойлаушы едім, кейін тазы өсірумен кәсіби түрде айналысуды ұйғардым. Қазір алты тазым бар, оның үшеуі еркек, қалғаны - күшік", - дейді Темірхан Әлкен.

"Тазының тарихын, шежіресін зерттей отырып, осы тұқымның ерекшелігіне таңғаласың. Ата-бабаларымыз тазыны үйге кіргізіп, дастарқан басында иесінің қасында отыруға рұқсат еткені тегін емес. Бұл - баланы, адамды ешқашан ренжітпейтін, үйде отырса ешнәрсеге тиіспейтін ит тұқымы.

Ең қызығы - аң аулау кезінде тазы өзгеретіні. Ол сабырлы иттен батыл аңшыға айналады. Тарихта бір тазының бүкіл ауылды асырағаны туралы жиі айтылады. Иелеріне деген адалдық туралы, тіпті айтпаса да түсінікті. "Тазы - көшпенді қазақтың жеті қазынасының бірі" деп бекер айтылмаған. Сондықтан біз осы саладағы өзекті мәселелерді шешіп, осындай құнды тұқымның жойылып кетуіне жол бермеуіміз керек. Бұл біздің тарихымыз ғой", - деді астаналық.

Суреттер: Тұрар Қазанғапов. Мәтінін жазған: Айгерім Әбілмажитова.




Join Telegram