24 маусым 2021 11:14

Гёте - Лермонтов - Абай жайлы бірер сөз

ПОДЕЛИТЬСЯ

"Мұхтар Ғалиұлы Арын - белгілі ғалым, ағартушы, профессор.  1995 жылы Ақтөбе облысы Қарабұтақ ауданында ақиық ақын Қуандық Шаңғытбаевтың мерейтойын өткізіу барысында белгілі сазгер Ілия Жақанов Мұхтар Арынның Абай Құнанбаевтың ақындық мұрасының ерекшеліктері туралы ойларын таспабаға жазып алған. Сол сыр шертудің үзіндісі назарларыңызға ұсынылып отырған мақалада берілген"


"Мұхтар Ғалиұлы Арын - белгілі ғалым, ағартушы, профессор.  1995 жылы Ақтөбе облысы Қарабұтақ ауданында ақиық ақын Қуандық Шаңғытбаевтың мерейтойын өткізіу барысында белгілі сазгер Ілия Жақанов Мұхтар Арынның Абай Құнанбаевтың ақындық мұрасының ерекшеліктері туралы ойларын таспабаға жазып алған. Сол сыр шертудің үзіндісі назарларыңызға ұсынылып отырған мақалада берілген"

Ред.

Еуропа поэзиясының классиктерімен данышпан Абай негізінен Лермонтов арқылы танысады. Ал алдымен Гётенің поэзиясымен! Мысалы, "Қараңғы түнде тау қалғып" әні. Оны Лермонтовтың аудармасынан Абайдың аударуы. Табиғатта тосын кереметтер болатынын осы атақты өлеңнен байқадым. Егер Абай аудармасын неміс тіліне бір ерен талант қайта, иә, кері аударса не болар еді. Гётенің алты жол өлеңі сегіз жол боп немісше түзілсе! Гётеде былай, алты жол ... Мен қазір әр жолын сөзбе-сөз тірілтейін:

Uber allen Gipfeln ist Ruh,
Над всеми вершинами покой,
in allen Wipfeln spurest du
во всех кронах чувствуешь ты
Kaum einen Hauch;
едва дуновения.
Die Voglein schweigen im Walde,
Птички молчат в лесу
Warte nur, balde
Подожди скоро,
Ruhest du auch.
Отдохнешь и ты.

Гётенің алға тартқан суреті осы. Лермонтов Гётеге еркін кіріседі. Айтпақшы, Брюсов пен Анненский де осы өлеңді аударған еді. Әуелі Брюсов былай дейді:

На всех вершинах покой;
В листве, в долинах
Ни одной
Не дрогнет черты;
Птицы спят в молчании бора.
Подожди только: скоро
Уснешь и ты.

Брюсов өзін-өзі "тізгіндеп", Гётенің аясынан шыққысы жоқ. Ол оған "только", яғни "бірақ" деген сөзді телиді. "Подожди только" - "Сабыр қыл бірақ"... Бұл тек сырттай ғана ритмдік сурет. Мұнда Гётенің нәзік те жұмсақ, жанға жайлы интонациясы бұзылған, себебі оны ритм еркіндікке, табиғилыққа, сөздің поэтикалық, әуездік үндесуіне жібермей отыр. Брюсов даланы, орманды алады. Бірақ, қалай оқысаңыз да Гёте көксеген тыныштық әуені солғын. Гётенің ойы қайда жатыр! Сезім қуатын айтыңыз!

Енді Анненский не дер екен:

Над высью горной
Тишь
В листве, уж черной
не ощутишь
ни дуновенья.
В чаще затих полет.
О, подожди! Мгновенье –
Тишь и тебя... возьмет.

Көрдіңіз бе, мұнда ритмикалык та, образдық та дәлдік жоқ. Гёте поэзиясының әуезі жоқ, реңсіз, яғни әсері әлсіз. Сондықтан, олар Лермонтов өлеңіндей өмір сүре алған жоқ.

 Гётені ақын еткен, ғалым еткен табиғат. Ол өз көңіл күйін табиғат тынысынан шығарады. Табиғат та адам сияқты шаршайды… Лермонтов оны осы тұрғыда ұғады, таниды, түсінеді. Ол Гётенің құдіретті рухын бойға дарытып, ол көздеген ойды мықтап ұстап, еркін толғайды, Гётенің өзімен ой жарыстырып, онымен иық теңестіреді. Лермонтовтың бұл "еркіндігі" Гётені одан сайын биіктетіп, оған тәңірдей табындырады. Бұл жерде Лермонтовты орыстың "Гётесі" десе қалай болар еді? Осындай да ірілік, тектілік болады екен! Жо-оқ, ол - Лермонтов! Бір ойды Гётемен жарыса жырлаған, дәл Гётенің өзіндей асқақ Лермонтов ол!

Гётені сарылтқан осы көксеу. Лермонтов та сол көксеумен қажыған, әйтпесе, ол Гётенің, күрсінісіне күрсініс қосар ма еді?

Горные вершины
Спят во тьме ночной.
Тихие долины,
Полны свежей мглой.
Не пылит дорога,
Не дрожат листы,
Подожди немного 
Отдохнешь и ты...

Торыққан көңіл тоқырап, мәңгі тыныштық дүниесіне енсе болғаны. О, шіркін соған жетсе! Аласапыран тіршіліктің қым-қуыт әлегі, тауқыметі, әуресі, ызасы, наласы, өкпесі - бәр- бәрі адыра қалады. Бұл ойға дейін Гётенің ғазиз басы көп қоқайды көріп- ақ бақты.

Гёте "Жас Вертердің күйзелісі" романын жазар алдында "Маған жалғыздық жарасады" деген. Бұл не сөз? Қоғамнан, адамдардан өз ортасынан безіну ме? Дәл сол кезде ол Франкфуртте адвокат боп жүрді. Жиырма төрт жаста. Сол уыздай бозбала кезінде көп опындырған мақсат-мұратына қоса, махаббат мұңы да бар еді. "Маған төзімді жүрек біткен" дейтіні де сондықтан. Менің Гётеге көп үңілуім - оның поэзиясы неміс тілінің мәйегі. Оған зейін сала жүріп, оның азаматтық рухының әлуеттілігіне күні бүгінге дейін таңғалам. Ол Батыстағы Рудаки сияқты.    

Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап,
Даланы жым-жырт дел-сал ғып,
Түн басады салбырап.
Шаң шығармас жолдары,
Сілкіне алмас жапырақ.
Тыншығарсың сен-дағы,
Сабыр қылсаң азырақ, -

деп қоңырлата толғағанда адамға қандай ой, көз алдыңа қандай cypeт келеді!

Абайдың жым-жырт даланы "дел-сал" ғып, түнді "салбыратуы" Лермонтовтан да бөлекше, ірі екеніне әдебиетшілер шек келтіре қоймас. Дәл осы ойдың, қисынды жерінде Абайды қазақтың "Гётесі" десе... Жо-оқ, ол Абай! Лермонтов арқылы Гётемен ой жарыстырған Абай ол! Ал, Гётенің өзінен де, Лермонтовтан да Абайдың артықшылығы табиғат тыныштығы мен адам өмірінің тыншитын сәтін мәңгі тыныштық реквиемі еткен терең толғанысты әуез шығаруында, яғни әнге айналдыруында емес пе?!

Бұл өлеңге Гётенің досы Карл Фридрих Цельтер және Франс Шуберт музыкасын жазған. Көзі тірісінде Гёте Цельтердің әнін ұнатқан. Цельтер Шуберт сияқты профессионал композитор болмаған. Бірақ, оның әндерін неміс халқы өте сүйіп айтқан.

Шуберт Гётеге үлкен цикл жазған. Бірақ, Гётеге жолай алмаған. Гёте оған мән бермеген. Ал жан досы Бетховен қайтыс болғанда, бейітіне барып тағзым етіп тұрғанда оның қасында жатқан жас қабірді көріп, Гёте "О, тәңір, Шуберт те дүниеден өткен бе?" деп көзіне жас алыпты.

Бүгінде Германияда Шуберттің әні ғана айтылатын көрінеді.

Орыс композиторлары да осы Гётенің өлеңіне музыка жазған. Рубинштейннің ғана романсы бар. Бірақ таралмаған. Гётені көп аударған А. Н. Струговщиков деген орыс ақыны болған. Ол өзінің бір естелігінде ақын Соллогубтың үйінде Лермонтовты кезіктіргенін, Гётенің әлгі өлеңінің бірінші шумағын аударып, екінші шумағын ыңғайға келтіре алмай жүргенін айтады. Ал Лермонтов болса, өлеңнің екінші шумағын аударғанын айтады. Кейін Струговщиков өзінің шумағы мен Лермонтов шумағын қосып, композитор Глинкаға көрсетеді. Глинкаға өлең қатты әсер етеді. Бірак, оған ол музыка жазды ма, жазбады ма, еш дерек жоқ. Ол Лермонтовты жақсы білген. Глинканың бұл өлеңге кез болуы 1840 жылдың шамасы.

Абайды данышпан ақын дейміз, оны біз көбіне Гёте сияқты ұлы тұлғамен теңескенде айтамыз. Мен өзім бір ғана осы "Қараңғы түнде тау қалғып" әні үшін Абайды әлемдік классикалық әдебиеттің төріне отырғызам. Бұл неткен дара бітім? Неткен өзгеше жаратылыс? Сонау Семей топырағына Гётені, Байронды, Лермонтовты әкелу, оларды қазақша "сөйлету" арғы-бергі ақындарымыздың қайсысында болып еді?! Бір халықтың рухани рухын Абай бір өзі көтереді. Бұл не деген керемет!

Бұл Ильменау шыңында "Қараңғы түнде тау қалғып" өлеңінің талықсыған жүректің зары боп туатын сәті. Гётенің сол сөзі жеке басының мұңы ма еді? Ол мезгілге, заманаға, қоғамға... қоғамды билеген адамдарға айтылған нала... торығу... адамның беймаза өмірінің рахатын ана дүниеден іздеу... Соны төзіммен аңсау емес пе? Лермонтов осы өлеңді 1840 жылы аударыпты дедік. Абай оны 1893 жылы аударады. Осыдан екі жыл өткенде Абай Лермонтовтың:

"Соққан дауыл сияқты өмір өтер,
"Соққан дауыл сияқты өмір өтер,
Қайғырмаймын, білемін, көзім жетер.
Кеудемде осы жүрек тұрған шақта,
Жақсылық жоқ, өзіме мен дәметер.
Ол жүректің жалынын басар бірақ,
Өлсе көрде бастырған су топырақ.
Кеудемде осы жүрек шақта,
Жақсылық ж Өлсе көрде бастырған су топырақ.
Өзі сүйіп, өзгеден сүю іздеп,
Таппаған сорлы адамнан сөнер шырақ"

дейтін өлеңіндегі құсалы ойды Гётенің "Қараңғы түнде тау қалғып" өлеңіндегі ойға апарып ұштастырады. Абайдың бейопа өмірден көңілі қалғандығына, сөйтіп Гётеге баруына негізгі себеп осы болар деп ойлаймын.

Автор: Мұхтар Арын

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 447.35   490.7   4.75 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети