Бұл жағдай 2023 жылдың ақпанында, Қостанай, Тараз, Ақтау, Атырау және Ақтөбедегі президенттік резиденцияларды балаларға беру туралы шешім қабылданғанда басталған еді. Әкімдіктерге бұл нысандардың балабақшаларға, сауықтыру орталықтарына немесе басқа да мекемелерге тиесілі болатынын өз бетінше анықтау тапсырылған.
Арада үш жыл өткенде бұл бастама қалай жүзеге асып жатыр? Tengrinews.kz редакциясы осы бастаманың іске асу барысын қадағалап отыр. Жамбыл және Қостанай облыстарындағы бұрынғы резиденцияларда арнайы балалар орталықтары ұйымдастырылғаны белгілі болды. Жергілікті аппараттар бізге фотосуреттер ұсынып, облыс әкімдерінің қазір қайда тұратынын айтып берді.
Алайда Ақтөбе облысындағы резиденция төңірегіндегі жағдай күтпеген арнаға бұрылып, оның аумағына балалар кірмейтін болды. Ал Атырау облысындағы резиденцияны 2024 жылы су басқандықтан, оны балалар қажеттілігіне әлі күнге дейін бере алмай жатыр.
Бұл - циклдік материалдардың соңғысы, онда біз Маңғыстау облысындағы резиденцияны неліктен балаларға мүлдем бермеуге шешім қабылданғанын талдаймыз.
Каспий жағалауындағы резиденция үшін сот талқысы
Маңғыстау облысындағы бұрынғы президенттік резиденция тура Каспий теңізінің жағасында орналасқан. Бұл - облыс орталығы Ақтаудың шеті. Бірнеше ғимарат орналасқан аумақ 226 гектар жерді алып жатыр. Оның басым бөлігі игерілмеген.
Маңғыстау облысындағы бұрынғы президенттік резиденция. "Яндекс Карта" сервисінен алынған спутниктік түсірілім
Дегенмен резиденцияның бас корпусының жанында жасыл желек, асфальтталған кірме жол, тіпті тікұшақ алаңы да бар. Каспийге шығар жол да қарастырылған - жағалауда шағын ғимарат пен жеке айлақ орналасқан.
Маңғыстау облысындағы бұрынғы президенттік резиденция. "Яндекс Карта" сервисінен алынған спутниктік түсірілім
2023 жылдың ақпанында бастама жарияланғаннан кейін Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі жергілікті президенттік резиденцияны балаларға беру жұмыстары басталып жатқанын мәлімдеген болатын. Алайда кейінірек жердің жекеменшік иелігінде екені анықталды.
Тек сол жылдың тамыз айында ғана шенеуніктер учаскені мемлекет меншігіне қайтара алғандарын айтқан болатын.
Ал жергілікті жер қатынастары басқармасы бұл учаскенің 2002–2004 жылдары "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ меншігіне берілгенін, кейін сол жылдары Oil Real Estate ЖШС-не сатылғанын мәлімдеді.
Арада 20 жыл өткенде сот жердің заңсыз сатылғанын анықтады. Иесі апелляциялық шағым түсіріп, бірінші сатыдағы соттың бұл шешімінің күшін жоюға тырысқан.
"Ақтау қаласының әкімдігі берудің жалпы тәртібін сақтамаған, яғни жер учаскесі жер комиссиясының қорытындысынсыз және жерге орналастыру жобасынсыз берілген. Департаменттің жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару туралы талабын бірінші сатыдағы сот қанағаттандырды. Жауапкер берген апелляциялық шағым Маңғыстау облыстық сотының шешімімен қанағаттандырусыз қалдырылды. Сот шешімі заңды күшіне енді", - деп түсіндірді Маңғыстау әкімдігі 2023 жылдың тамызында.
Алайда қайтарылған жер учаскесінде нақты не салынатыны туралы сұрақтарға ол кезде жауап бере алмаған.
Балалар орталығы емес, стадион мен мешіт
Мән-жайы тек 2024 жылдың тамызында ғана белгілі болды. Ол кезде Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай резиденцияны өңірдің туристік әлеуетін дамыту үшін қалдыру туралы шешім қабылданғанын айтты.
"Бұрын президент резиденциясы болған аумақтарды президент әкімшілігі халыққа қайтарды. Егер біз қаланың Бас жоспарын бекітсек, бұл 226 гектар жер ірі туристік бағытқа арналатын болады. Орны ыңғайлы, суы жақсы. Біз бұл аумақта ірі туристік жобаларды жүзеге асыруды бастаймыз", - деді шенеунік.
Ал сол жылдың желтоқсанында журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Нұрдәулет Қилыбай 225 гектар жер теліміне он мың орындық стадион, мешіт, балалар алаңдарын, сондай-ақ "жағалаудағы шағын және орта бизнесті дамытуға ықпал ететін нысандар" салу жоспарланып отырғанын мәлімдеген.
Маңғыстау облысындағы бұрынғы президенттік резиденция. "КТК" телеарнасының 2023 жылғы 7 ақпандағы сюжетінен скриншот
Сол кезде Қилыбай аумақтың Ақтаудың Бас жоспарына енгізілгенін, келісу және мемлекеттік сараптамаға дайындық кезеңдері жүріп жатқанын алға тартты.
Алайда 2025 жылдың қыркүйегінде қала әкімі Әбілқайыр Байпақов былай деді:
"Резиденция болған учаскеде тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттар, спорттық және мәдени нысандар қарастырылған. Бұл жобаны жүзеге асырған кезде ол қаламыздың көркіне айналады. Бұл Ақтау қаласындағы ең жайлы заманауи қалалық орта болады".
Осылайша, баяғы "балалар игілігі" туралы енді айтылмайтынын, есесіне тұрғын үйлер салу жоспары пайда болғанын көріп отырмыз. Бұл ретте резиденцияның өзі туралы өткен шақта "болған" деп айтыла бастаған.
Ақтаудағы бұрынғы резиденцияның қазіргі жай-күйі қандай?
Редакциямыз бұрынғы резиденция аумағының қазіргі жай-күйін білу үшін Маңғыстау облысының әкімдігіне ресми сауал жолдады. Сондай-ақ біз осы жердің қазіргі суреттерін жіберуді сұрадық.
Әкімдік ұсынған суреттерде резиденция аумағы өзгермегендей көрінеді.
Ақтаудағы бұрынғы президенттік резиденцияның аумағы. Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі
Учаскенің басым бөлігі игерілмеген, бірақ президенттік резиденцияның корпустары өз орындарында тұр.
Ақтаудағы бұрынғы президенттік резиденцияның аумағы. Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі
Суреттерді сұратқанда, біз нысанның ішін де, сыртын да көрсетуді өтінген едік. Алайда шенеуніктер тек осы екі фотосуретті ғана жіберді.
Бұл ретте әкімдіктегілер бұл нысанды бұдан былай президенттік резиденция деп атағысы келмейді.
"Маңғыстау облысының аумағында Мемлекет басшысының резиденциясы жоқ және бұрын жұмыс істемеген. Аталған аумақ бұрын жеке кәсіпкердің меншігінде болған. Сонымен қатар жер учаскесінің шамамен 224–226 гектар болатын бөлігі мемлекет пайдасына қайтарылды", - делінген сауалымызға берілген жауапта.
2026 жылдың басына қарай бұл жер учаскесі "Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық аймағына (АЭА) рәсімделгені айтылды.
"2026 жылғы жағдай бойынша аумақ пайдаланылмайды, оның едәуір бөлігі игерілмеген күйінде қалып отыр. Аумақты одан әрі игеру мақсатында егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленіп, тиісті жобалау жұмыстары аяқталды", - деп жауап берді әкімдік.
Сондай-ақ қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өту үшін дайындық шаралары жүргізіліп жатқаны хабарланды. Дегенмен өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбай мемлекеттік сараптамаға дайындық туралы 2024 жылдың желтоқсанында-ақ айтқан болатын.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қайда тұрады?
Шенеуніктердің айтуынша, бұрынғы резиденция аумағы мен онда орналасқан нысандарды күтіп ұстауға бюджет қаражаты бөлінбейді, өйткені олар пайдаланылмайды.
"Аумақ мемлекет меншігіне (қала меншігіне) қайтарылғаннан кейін жөндеу жұмыстары мен нысандарды реконструкциялау жүргізілген жоқ, аталған мақсаттарға бюджет қаражаты жұмсалмады", - деп түсіндірді әкімшіліктегілер.
Материалдардың осы сериясы үшін біз дәстүрлі түрде әкімдіктердің баспасөз қызметтерінен өңір басшыларының қайда тұратынын сұраймыз. Өйткені кей әкімдер осындай резиденция аумағында тұратын еді.
Сондықтан осы өңірдің әкімшілігіне жолдаған жақындағы сауалымызда біз әкімнің қазіргі уақытта қайда тұратынын да сұрадық. Жауап айтарлықтай қысқа болды.
"Маңғыстау облысының әкімі өзінің тұрақты тұрғылықты жері бойынша тұрады. Қызметтік тұрғын үй пайдаланылмайды, соған байланысты оны күтіп ұстауға бюджет қаражаты бөлінбейді".
Бұрынғы президенттік резиденциялар туралы материалдар сериясының қорытындысы
"Балалар қажеттілігіне" берілуі тиіс болған барлық бес президенттік резиденцияның тағдыры не болғанын анықтадық.
Бұл мәселені зерттеу нәтижелері бойынша 2023 жылы жарияланған бастаманың әзірге толық іске аспағанын айтуға болады.
Тек екі бұрынғы резиденция ғана балалар игілігіне берілді - олар Жамбыл және Қостанай облыстарында:
- бірінші жағдайда "Мөлдір бұлақ" оқу-сауықтыру орталығы,
- екіншісінде мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығы ашылды.
Атырау облысында Жайық өзенінің иінінде салынған резиденцияның орнында үш жылдан бері "Жас Дарын" оқу-демалыс балалар лагерінің құрылысы жүріп жатыр. Шенеуніктер оны биыл аяқтауға уәде беріп отыр. Бірақ мұндай уәделер 2024 жылы да берілген болатын.
Сондай-ақ біз тағы екі бұрынғы резиденцияның аумағы жеке қолға өтіп кеткенін білдік. Егер осы материалда сипатталған Маңғыстау облысында мемлекет жерді сот арқылы қайтарып алса, Ақтөбе облысында жағдай күрделірек болып шықты.
Онда ұзаққа созылған бюрократиялық текетірестен кейін шенеуніктер резиденция нысандарын басқа ғимараттарға айырбастау туралы шешім қабылдаған. Мәселе мынада, Ақтөбе облысындағы резиденция "Қазхром" трансұлттық компаниясының қолында болып, ол оны өз меншігінде сақтап қалған. Есесіне әкімдік Ақтөбе қаласының кәдімгі жеке секторында психологиялық көмек көрсету орталығын ашқан.
Авторы: Никита Данилин
Аударған: Нұрила Ермекбаева