16 ақпан 2021 11:55

Қуғын-сүргін құрбаны Құлымбетов Ұзақбай Желдірбайұлына 130 жыл

ПОДЕЛИТЬСЯ

«Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың жазықсыз жазалан­ғандарды толық ақтау ісін жалғастыру керектігін күн тәртібіне қоюы ерлік пен көрегендік» деп жазды Ханкелді Әбжанов «Қуғын-сүргін және күн тәртібі» деген (Egemen Qazaqstan, 13 қаңтар, 2021 жыл) мақаласында. Қасым Жомарт Тоқаевтың Президент болғанына екі-ақ жыл. Қоғамдағы, мемлекеттегі қордаланып, шешімін таппай жатқан жүздеген проблеманы көтеріп, шешуге, халықтың үнін еститін, демократиясы дамыған мем­лекет құруға ұмты­луы, әлеуметтік жағдайға көңіл бөліп, нақты істерді қолға алуы қоғам тара­пынан оң бағаланды.


«Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың жазықсыз жазалан­ғандарды толық ақтау ісін жалғастыру керектігін күн тәртібіне қоюы ерлік пен көрегендік» деп жазды Ханкелді Әбжанов «Қуғын-сүргін және күн тәртібі» деген (Egemen Qazaqstan, 13 қаңтар, 2021 жыл) мақаласында. Қасым Жомарт Тоқаевтың Президент болғанына екі-ақ жыл. Қоғамдағы, мемлекеттегі қордаланып, шешімін таппай жатқан жүздеген проблеманы көтеріп, шешуге, халықтың үнін еститін, демократиясы дамыған мем­лекет құруға ұмты­луы, әлеуметтік жағдайға көңіл бөліп, нақты істерді қолға алуы қоғам тара­пынан оң бағаланды.

Тоталитарлық саясаттан қиянат көрген тұлға

Х.Әбжанов мақаласында «Қай­ғының үлкені – өлім, ал өлім әділетсіздікпен, зор­лықпен келсе, еш кінәсі жоқ, жазықсыз жандар ұрпақтары, туған-туыс­тары қудаланса, қыл­мыстың ауырлығы арта түспей ме», дейді. Мен сол қорлықты көрдім. Әкем – Қазақ КСР Орталық Атқару Коми­тетінің төрағасы кезінде Ұзақбай Желдір­байұлы Құ­лым­бетов 46 жаста ұсталып, 47 жасын­да атылды. Ана­мыз ҚарЛАГ-та 8 жыл отыр­ды. 20 жыл (1937-1958) бойы «халық жа­уы­­ның қызы» деген «қарғыбау» мойнымыз­дан моншақ боп алынбады. Алматы, Ырғыз, Мойнақ (Қарақалпақта), Ақсу, Мәртөк (Ақтөбе), Талдықорған, Шұбар, Жаркент – қудаланып, көшіп жүр­ген жерлеріміз. 10 жылда жеті жерде оқыдым. Қай жерде жүрсек те, түнде есігі­міз­дің сыртында тың тың­дап жүрген­дерді білеміз. Тілді тістеп, дерті­мізді іште сақтадық. «Халық жауы­ның қызына» үй­ленгені үшін жез­делерім жазаланды.

Үлкен жездем Ақтөре апам­нан ажырап, бас­қа әйелге үйленсе де, бізді қи­май, уайымға беріліп, 28 жасын­да өмірден озды. Кабираның күйеуі Жағыфар Ақсу ауданын­да әскери комиссар болды. Апама үйленгені үшін орнынан алынып, сергелдеңге түсті. Ішімдік ішіп, жылап отыратын. «Құдай-ау, сендерді, балаларымды қа­лай тастап кетемін? Жұмыс із­деп, бір жерден екінші жерге көше­мін, қызмет береді, кейін қу­даланамын. Отбасымды қалай асы­раймын? Мен Ленинградтың Сауда инс­титутын бітірген Қа­зақстандағы жал­ғыз маман емес­пін бе?» деп зілдей жұ­дырығымен маңдайын ұрып-ұрып, өзін өзі жұлып, үс­тін­дегі киімін жыртады. Ме­нің 13 жастағы кезім ғой. Өзін өл­ті­ре ме деп қорқып әрі аяп: «Аға, жы­­ламаңызшы, ма­мамның сөзі­мен айт­қанда, итшілеп күнімізді көрерміз, бізден кетіңіз, бақытты болыңыз» дей­мін, бірақ жүрегім қан жылап тұ­ратын. Жездемнің бойынан ішімдік уы тарқаған соң, жылағанын, күйзелісін ұмытып, маң­­дайымыздан сүйіп, арақтың салдары ғой, ұмытыңдар, түрмеге отырғызып қой­маса, сендерді тас­тап кетпеймін деп жүріп, өмір­­­ден озды...

«1958 жылы Сібірде атылды, бірақ ақталды» деген қағаз келді

Ұзақбай Құлымбетовтің ту­ған әкесі Желдірбай Ырғыз (Ақ­тө­бе облысы) ту­масы, орташа ша­руа, байға жалданып,­ ел ара­сы­на түйемен жүк тасыған, Ұзақ­бай­дан басқа Қарабала, Жол­мұрат және Дәмелі атты қызы бол­ған. Әйелі өлген соң өзінен жас Ка­би шешемізге үйленген. Ша­руа­шылығын жүргізу үшін үй­ленуге шамасы жетпей жүрген, бі­рақ аза­мат атына кір келтірмеген Құ­­­лым­бетті қолына алып, отба­сы­ның мүшесі етіп, төрінен орын бер­ген. Кейін Желдірбайдың ауруы­ асқынып, дәм-тұзы тау­сыл­­ға­нын білген соң, ауыл ақсақал­дарын, балаларын жинап: «көзім жұ­мылған күннен бастап, үйдің тірегі Құлымбет екенін біліңдер. Қырқымды берген соң Кабиге үйленеді, балаларымның әкесі сол болады», депті. Құлымбеттің мейіріне бөленіп өскен Ұзақбай мектепке барғанда тегін Құлымбет Желдірбайұлы деп жаздырған. Қалған балалар, олардың бала­лары Құлымбет болып кеткен. Ұзақбай Құлымбет атын ал­ты алашқа ғана емес, бүкіл Одақ­қ­а танытты. Ал Кеңестік то­та­­ли­тарлық қылмыстың нәти­же­сінде Құлымбетов Ұзақбай Желдір­бай­ұлының атын естіген халық жыланша жиырылып, бойлары түршігіп, шаштары тік тұрып, бет-әлпеттері сұрланып: «елін жапонға сатқан жау, он есе атылса да аз» деген сөзбен 20 жыл бойы әкемізді де, бізді де, бізбен тағдырластарды да қорлады, қаралады. Қалай шы­дағанбыз, жанымыз да, жүрегіміз де темірден мықты болды. Ақы­ры қиялымыздағы әділдік жеңді.

«1958 жылы Сібірде атылды, бірақ ақталды» деген бір жапы­рақ қағаз жетті. Сол сәттегі қуа­ныш­ты айтып, жеткізе алмай­мыз. Алматыдағы Та­тарка көше­сінен жалға алған үйіміздің ішін­­де анам мен әжемнің қуа­ныш­­тан жылаған көз жасы көл­ге ай­налды. Құлымбетовтің ұс­та­лар алдындағы бір айлық жа­ла­­қысы бір мың екі жүз сомды ал­маған екен деп әкеп берді. Тұр­ған үйлеріңіз бұзылған, оны талап етпеңіз деген де қағаз келді. Дүние-мүлік керек емес, ақталды жетеді дедік. Содан бері – 73 жыл. Осы ара­лықта Құлымбетовтің 100, 125 жылдығы орташа дәрежеде аталды. Қайшылықты заман қай­раткері делінді. 2018 жылы тәркілеуден аман қалған баяндамасы бар кітапша табылып, кітап боп шықты. Б.Сапарбаев Ақтөбе қаласынан жаңа мектептің атын бергізді. Ақтөбеде, Алматыда қысқа көшесі бар.

Орталықтың өктемдігіне қарсы тұрған қайраткерлердің бірі

Құлымбетовтің қоғамдық-мемлекет­тік қызметін зерт­теу­шілердің бірі – Талас Омар­бе­ков «Ұзақбай Құлымбетовті Т.Рұс­құ­лов, О.Жандосов, Н.Нұрмақов сияқ­ты қайраткерлердің қатарына қосу керек» десе, М.Қойгелдиев «Өткен ғасыр­дың 20-30 жылдары Қазақстанның жер байлығын жасырын бөліске салғысы кел­ген Орталықтың өктемдігіне қар­сы тұрған қайраткерлердің бірі – Құлым­бетов», дейді.

Құлымбетовпен тағдырлас, қыз­меттес, үзеңгілес болған С.Сей­фул­лин, О.Исаев, Т.Рысқұ­лов, Т.Жүргенов, О.Жан­досов тағы басқа қайраткерлер ха­­лыққа кеңінен танылды. Кі­тап­тары, деректі фильмдер жа­­рық көрді. Мүсін­дері орнаты­лып, мектеп, институт пен ауыл­дарға есімдері берілді. Мем­лекет басшыларының баяндамасында аттары аталады. Ал Құлымбетовке келгенде ке­дергі көп. Қазіргі ұрпақ оның есімін мүлде білмейді. 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласынан кө­ше берерде сызылып қал­ды. 2021 жылы 28 қаңтарда елордада Мәслихат депутаттарының және оно­мастикалық комиссияның жиынында көше беру туралы 15 тұлғаның аты аталды. Тал­қылау кезінде комиссия­ мү­шелері «бел­гісіз адамдар мә­лімет жоқ, білмейміз», депті. Енді Қасым-Жомарт Тоқаев жа­зықсыз жазаланғандарды ақ­тауды күн тәртібіне қойды. Мем­лекет комиссиясы құрылды. Басшысы Қырымбек Елеуұлы Көшербаев және комиссия мү­шелері қуғындалған азаматтар­ды түгел ақтайды, көлеңкеде қал­ған, еңбегі еленбей жүрген Құ­лымбетов сияқ­тыларға өз орнын береді деген сенімдеміз.

Ұзақбай Желдірбайұлы 1891 жылы 18 наурызда Торғай об­лысының Ырғыз уезіндегі Аман­көл болысында туды. 1904 жылы үш жылдық ауыл мектебін, одан кейін Ырғыздағы орыс-қазақ учи­лищесін бітіріп, Ақтөбедегі екі жылдық педагогтік курсты тәмамдады. 1912 жылдан Торғай, Ырғыз ауылдарында орыс тілі, әдебиеті, математикадан сабақ берді. Ауыл-ауылда мектептер ұйымдастырылды. 1918 жылдан бастап саяси өмірге аралас­ты. Ырғыз ауданын басқарды. Ақтөбе губерниясының бөлім меңгерушісі, 1923-25 жылдары Ақмола губерниясының Атқару комитетінің төрағасы болды. Ол кезде бұл губернияға қазіргі Ақмола, Павлодар, Шығыс Қа­зақстан облыстары қарайтын. Осы жылдары Ақмолада жұ­мыссыз кедей жастары үшін арнаулы губерниялық курстар ұйымдастырылды. Панасыз балаларды есепке алу, оларды жұмысқа, оқуға орналас­тыру шұғыл қолға алынып, бір­неше балалар коммунасы ұйым­дастырылады. Ол жаңа кен орын­дарын ашу, завод-фабрика салу ісіне белсене ара­ласты. Осы еңбегі еленбей қал­ған жоқ. Іскер, адал, тиянақты азамат. 1926 жылы Қазақ АКСР Халық шаруашылығы кеңесінің, Жос­парлау Комитетінің төрағасы болды. Халық Комиссарлары Атқару Комитетінің орынбасары, сыртқы-ішкі сауда Ха­лық Комиссары қызметін қоса атқар­ды. 1930-1934 жылдары ҚАКСР Халық Комиссарлары кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, 1935 жылдан Қазақ АССР ОА Комитетінің төрағасы. 1924 жылдан Бүкіл Одақтық Атқа­ру Комитетінің мүшесі. Құлым­бетов қай қызметте жүрсе де, ұлтының мүддесін айтқан, ұлты үшін қызмет істегені оның баян­дамаларындағы сөзінен көрінеді.

1934 жылдары алты облыс­та екі жылдық педагогикалық институттар аштырды. РКФСР халкомсовы жанындағы Түрксіб құрылысына жәрдемдесу ко­митетінің басшысы Т.Рыс­құ­ловпен бірлесе отыра Түр­к­сіб темір жолын салушы құ­рылысшылардың дені Қа­зақ еңбекшілері болуын ұйым­дастырып, Түрксіб құры­лысын ұлттық жұмыс кадрларын әзірлеу және тәрбиелеу мектебіне айналдырды. Өндіріс орындарында қазақ жұмысшыларына үй жалдап, жалақысының уақытында берілуін, азық-түлігін қамта­масыз етіп, жұмысты жақсы мең­герген жастарды іріктеп, елу-алпысын кезең-кезеңімен Ресейдің өндірістеріне жіберіп оқытып, келген соң өндірісті өздері бас­қарсын деген.

Әділ, батыр, батыл тұлға

Ұзақбай Құлымбетов ла­уазымды қыз­метінен айырылып қаламын деп қорық­паған. Оған мына сөзі дәлел: «Қазақстанның эко­номикалық кіріптар­лығын жою үшін өнеркәсіпті дамыту керек, Орталықтың өндірісімен салыс­тыр­ғанда бізде 1,2 пайыз өндіріс орны, мұның ішін­де Қазақстанның жерінде бол­ғанымен пайдасын Кеңес­тер Одағы көретін кә­сіп­орын­дар бар. Ресейдің Халық ша­руашылығы кеңесінің меке­мелері Қазақстанда пайданың артына түсіп кетеді. Олардың сол пайда көріп отыр­ған Қазақстан өнер кәсі­бінің кү­шеюі­не және тоз­ған станоктарды жаңартуға жәр­дем­дес, тілектес болуы керек қой».

«Дұрысында біздің Орта­лықтан алғанымыздан бергеніміз көп, шындап келгенде біз Орта­лықтан алмауға да, оған бермеу­ге де тұ­рамыз. Оған Орталық тұ­­ра алар ма екен? Тұра алмайтын болса, біз­ге қаржы берсін». («Ең­бекші қазақ», 1927 жылы, 1 мамыр, № 92) Құлым­бетовтің білі­мін, іскерлігін, істі жақсы біле­тінін жоғары жақ та мойын­даған.

1925 жылы қаңтарда өткен РҚП(б)-ның пленумы Риддер, Қарсақбай кен орынын дамытуға 23 миллион қаржы бөлді. Бұл түсті металлургия өнеркәсібіне бө­лін­ген Одақтық қаржының жар­тысы болатын. Осы жерде Құ­лымбетовтің дәлелінің өткір­лігінен осыншама қаражатты беріп отыр. РКФСР Халық ша­руа­шылығы Кеңесінің алдына Жітіқара, Аққарға, Бозбие алтын кенішін Қазақ АКСР-іне қайтару мәселесі қойылды, нәтижесінде қайтарылды. Ақтөбеде фосфор тыңайт­қыштарын өндіретін химия комбинаты, Балқаш мыс балқыту, Шымкент қор­ғасын өн­діру зауыттарының құрылысы жеделдетілді. Қазақстандағы пай­­далы қаз­балардың жаңа көз­дері анықталды. Олардың қоры жөнінде республика бірін­ші орынға шықты. Сөйтіп респуб­ли­каның экономикалық базасы құрылды. Республикада шөп­тің күйіп, мал басы кемігенін, ас­тық шықпай қалған елдің жағ­дайының ауырлығын айтып 1931 жылы 22 қазанда КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.М.Молотовқа хат жаз­ды. Салықты және сақтау төле­мінің мөлшерін азайтуды, мал басының 53 пайызға кемі­гендігін, шаруашылық 12 пайызға, тұрғындардың 15 пайызға азай­ғандығын нақты көрсетті. 1932 жылы жазған екінші хатында Қа­зақстандағы мал басын көбей­туді, батыс Қытайдан мал сатып алу үшін Зайсан, Қарқарада сауда жәрмеңкелерін аша отырып, біздің аумаққа мал бағушыларды тартуға болады дегенді көтереді. Моңғолиямен байланыс жасау керегі айтылып, Мәскеудегі Тұрар Рысқұловтың қолдауымен 1936 жы­лы Қазақ Орталық Атқару коми­тетінің төрағасы Ұ.Құлым­бетов Моңғолиядан 8000 бас асыл тұқым­ды түйе алдыртқан.

Қазақстанның алғашқы картасын жасауға тікелей араласты

Тері өңдеу сияқты ұсақ кә­сіп­ші­лікті дамыту – Жоғары индус­трияға өтудің жолы деген бағытты ұс­танады. Қазақстанды аграрлық республикадан өндірісі дамыған индустриялы елге айналдырудың тиімді жолдарын іздейді, нақты ұсыныстар жасағаны мемлекеттік жиын­дардағы сөздерінде тұр. Қы­зыл­ордадан астананы Алма­тыға көшіру комиссиясының тө­рағасы да болды. 1927 жылы 3 нау­рызда комиссия мүшелерінің оты­рысында Алматы шекарасын батысқа 11 000 десятинаға ұл­ғайту, үкімет үйлерін, қонақүй, тұрғын үй, кірпіш, нан, ағаш өң­деу зауытын 300 кВт, 3000 кВт ги­дро­станциясының құрылысын, қуаты 2500 кВт жер асты кабельді желілерін салуды, т.б. шараларды жүргізуді міндеттеді, бақылауда ұстауды жиынның хаттамаларында жазды. Ташкенттегі пединститутты көшіру керегі де айтылып, 1928 жылы институт Алматыға көшірілді. Қазақстанның алғашқы картасын жасауға тікелей ара­лас­ты. Құлымбетов Қазақ АКСР ОА Ко­митетінің төрағасы кезінде Қазақ ав­тономиялы республикасы Одақтық рес­публика мәртебесін алды. Қазақ КСР-інің жаңа конс­титуциясын бекітті. Қазақ КСР­ елтаңбасы туралы қаулы шық­ты. «ҚарЛАГ», «АЛЖИР» ла­геріне жер бермей, олардың сұ­раған жерін колхоздарға беріп жі­беру керек деп, Қарағанды бас­шы­ларына жазған хаты бар. Бірақ то­талитарлық жүйеде ол орын­далған жоқ.

Құлымбетов елдегі ауыр жағ­дайды халықтан жасыруды жөн көр­меді. Сол үшін күресті. 1932 жылы Өлкелік партия комитетінің мәжілісінде «… ком­мунистер, әсі­ресе қазақтар осы былық­тардың бәрін көре отырып неге Өлкелік комитетке айтпайды? Біздер неге ауыл­дағы жағдайды активтердің назарына салмаймыз?» Ораз Исаев екеуі Голощекиннің қа­был­да­уында болып, облыстық комитет хатшыларының кей­біреуі­нің ауыл­дағы жағдайды біл­мей­тіндігін, біл­се де жағ­дайды түзе­туге шара қол­дан­бай жүргендерін ескер­тіп ар­найы кеңес құруды ұсынған. Пле­нумның стенограммалық жазбасында Голощекиннің: «Сіздерге не керек? Маған не істе дейсіңдер? Бір ғана талқылаумен бұл елдің ежелгі көшпелі тұрмыс-салтын өзгерте аласыңдар ма?» деген сөзі бар. Егер облыстық комитеттердің хатшыларын ша­қырмайтын болса, Мәскеудегі Орталық комитет­ке хабарлайтынын ескертеді. Амал­сыздан Голощекин жиын­ды ша­қыр­туға келісімін береді, бірақ жиын­­­­дағы қаулы іске асырыл­мады.

«Мен өз рөлімді аппаратты «бүлдірушілер» қатарына қоспаймын...»

Құлымбетовтің мына сөзіне де құлақ түрейік: «Мен Өлкелік Комитетінің хатшысы Ф.Голо­ще­киннің республиканың мал шаруашылығын басқаруда нақ­тылы басшылық жасай алмауына, егіншілік аудандардың қол­­да­ныс­тағы әдістерін жиі мал ша­руа­шылығы саласына қол­да­нысқа енгізгеніне алғашқы­лардың бірі болып қарсы шықсам да, Өлкелік комитеттің Бюро мүшесі ретінде жіберілген қателік­терге жауап беремін» (1933 жыл, шілде). Болмаса «Мен өз рөлімді аппаратты «бүлдірушілер» қатарына қос­паймын» дей келе, «...осы кем­­шіліктер үшін Өлке­лік ком­и­теттің бұрынғы басшылары ғана емес, бүкіл Қазақстан партия ұйы­­мы кінәлі. Бұл кемшіліктерді ал­­­дағы уақытта қайталамас үшін ай­рық­­ша атап көрсетуіміз керек», дейді.

Голощекин биліктен кетіп, ор­нына Л.И.Мирзоян келісімен, Құлым­бетов қа­былдауында болып, «коллектив­тендіру» мен тәркілеуден, ашаршылықтан кейін тұралап қалған ұлт мәдениетін көтеру жөнінде ұсыныстар жа­саған. Ол үшін сыртта жүрген, бі­лікті мамандарды елге шақыру керек­тігін жеткізді. Өзбекстанда жүрг­ен Т.Қ.Жүргеновті елге ша­қы­ртып ұлт мәдениетін көтеруді тап­сырды. Жүр­ге­нов мұны санаулы жылдарда жолға қойды.

Қолдан қырғын жасағандардың атын атаған Құлымбетов еді

Ұзақбай Құлымбетовтің билік сатысында жүріп жасаған еңбегін айтып тауыса алмайсың. Кремльде отырғандар қазақстандық билікке «қуыршақ» мәр­тебесін берсе де, Құлымбетов, оның үзең­гілестері мүмкіндігінше өз елінің дамуына қызмет жасады. Академик М.Қойгелдиев Құлымбетов Ұзақ­­бай Қазақстанда еліміз­дің мүддесін қор­ғай білген және сауатты қор­ғай біл­ген тұлғалардың қатарында болды. Сондықтан Ұ.Құлымбетовті Қа­зақ­стандағы «контрреволюциялық» топ­тың басшысы деуі тектен тек емес. Голо­щекин геноциді – Қазақ­станда ұйым­­дастырылған 31-33 жылдардағы ашаршылық қыр­ғыны. Сонда оған кім кінәлі дегенде Құлымбетов сөйлеген сө­зінде кінәлілердің аттарын атап және қырғынға Мәскеудің де Қазақстандағы басқарушы топ­тың да қателігі бар, бюро мүшесі болғандықтан мен де жауап беремін деген болатын. Құлым­бетовтерден құтылу керек болды. Жалған жаламен он сегіз қайраткермен қосып, 1938 жылы 21 наурызда Құлымбетовті «Халық жауы» деп атты. Алматы қаласы. Қазіргі Дзержинский көшесі, 108-үйде, бұрынғы НКВД түрмесі, қазіргі КГБ кең­сесі. Олар­ды халқымыз «оққа ұшқан» 19 нарком деп атаған. Сүйектері қап­шыққа салынып, Алматы облысы, Іле ауданы, Борал­дай сайына жергілікті халық осыған бай­ланысты «Қандысай» атап кеткен жерге апарып көмді.

Он тоғыздың ұрпақтары 1988-1991 жылдары аралығында осы жерге ескерткіш қоюды талап етті, өкінішке қарай қо­йыл­ған ескерткіш басқа болды. Сондықтан зұлмат заманын әшкерелеп тұратын, ұр­пақ есін­де мәңгі жүретіндей етіп, 19 нар­комға ескерткіш қойса, өлі де, тірі де риза болар еді.

Екінші, Ұзақбай Құлымбетов­тің Ал­матының ел астанасы болуына, оның рухани-мәдени, сая­си орын болып қалыптасуына сіңірген еңбегі зор. Осы­ған байланысты Алматыға Құлым­бетов­тің ескерт­кіші қойылса дейміз. Алматыдағы Қазақ-британ техникалық университетінің алдындағы аллеяда (Қазыбек би мен Әйтеке би көшесінің арасында) тоғыз тұлғаға ескерткіш қойылған. Қатарында В.Куйбышев, М.Фрунзе, З.Фурманов т.б. мүсіндері тұр. Неге? Сол жерде еңбегі сіңген Құлымбетовтің мүсіні неге тұрмасқа? Билікте отырған ел азаматтарына айтарым осы.

Орынша Қарабалина-Қазыбаева

ҚР еңбек сіңірген қайраткері

Как вам дизайн сайта Tengri News?
Пройти опрос
Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 451.08   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети