1. Басты
  2. Оқы

Індет кезінде дұрыс тамақтану аса маңызды

© Тұрар Қазанғапов © Тұрар Қазанғапов

Карантин өз нәтижесін беріп, елімізде коронавирус қарқыны бәсеңдеді. Алайда, біз бұл індетті толығымен ауыздықтаған жоқпыз. Коронавирус пен пневмониядан өлім-жітім  қатты төмендей қоймады. Бұл індетпен күрес оңай болайын деп тұрған жоқ, бірақ, бастысы біз дұрыс бағыттамыз. Жақсылыққа сене білу керек, халқымыз "Жақсы сөз - жарым ырыс" дейді. Жақсы ой болмаса, сенім болмаса қиындықты еңсеруіміз екіталай.

Осы эпидемия бастау алғаннан бері біздің халық бір-біріне қамқорлық жасап, қолдау білдірді. Біздің азаматтарымыз бен азаматшаларымыздың бір-біріне деген жанашырлығы, бауырластық танытуы, тілектес болуы, бір-біріне тірек, медет болуы, бір жұдырықтай жұмылуы - міне, елімізде коронавирустың бәсеңдеуінің ең негізгі себебі осы. Бұл халықтың үлесі.

Халық қолдан келгеннің бәрін жасады, өз күшімен барлық амалдарды қарастырды. Халқымның ерлігіне, бауырмалдығына тәнтімін.

Еліміз бұрын-соңды болмаған күрделі ахуалмен бетпе-бет келіп отыр. Үкімет тарапынан да қажетті көмек көрсетіліп, індетпен күресте үлкен жұмыстар атқарылды. Мына қауіпті аурудың ерекшелігін ескере келе, баршамызға "Сақтансаң - сақтармын" деген қағидалы сөзді басты назарда ұстағанымыз жөн.

Қазірде әлем болып осы індетті ауыздықтайтын вакцина жасап, мыңдаған ғалымдар қызу жұмыс үстінде. Бұл үміт ұялатады. Дегенмен, қандай ванцина немесе дәрі-дәрмек болмасын аурудан толыққанды айықтырмайды. Бұл жерде адамның иммунитеті маңызды рөл атқарады. Сонда, адам ағзасы ауруға қарсы тұруға шамасы жетпесе, он жерден мықты вакцина салсаң да үлкен нәтиже бермейді. Сондықтан, бәрімізге алдымен иммунитетімізді жақсарту қажет. Мұны басты назардан шығармауымыз тиіс.

"Ас - адамның арқауы" деп тегін айтылмаса керек. Расымен, адам денсаулығының басты кепілі - уақытылы әрі дұрыс тамақтану.

Мына карантин кезінде көпшілігі қымбат дәрі-дәрмектерді жаппай сатып алып жатты. Әрине, дәрі-дәрмек ауыр науқастарға аса қажетті, алайда өзгелеріне дәрілерді үймелетіп алудың еш керегі жоқ. Оның орнына тамақ алған жөн. Турасын айтқанда, қаражаттың басым бөлігін тамаққа жұмсау қажет болады.

Үкімет тарапынан үлкен қолдау болуы керек. Жұмыссыздыққа жол бермей, жұмыс орнын қысқартпай, азаматтарымыздың қаражатсыз қалмауын жіті қадағалауы қажет. Тұрғындарымыз табыссыз қалмауы тиіс, егер бұл жағдай еленбейтін болса, зардабы ауыр болмақ.

Кішісінен бастап үлкені болсын дұрыс тамақтанулары тиіс. Қандай тағамдарға басымдылық беру керек десе, әрине - бұл сүт өнімдері. Сүт, айран, қымыз, шұбат, сүзбе, йогурт. Сондай-ақ, сұйық тағамдарды көп ішу керек. Ет және тауық сорпасы. Одан бөлек көкөністер, жеміс-жидектер тағам рационында міндетті болуы шарт. Майлы тамаққа әуес болмау қажет, оны аздатқан дұрыс. Және "нан соғарлықты", нан өнімдерін көптеп тұтынуды доғару қажет.

Енді ішкен тамақты дұрыс қорыту үшін, жаяу жүруді, саябақтарда немесе көшеде кешкі серуен құруды әдет еткен жөн. Індетпен күресудің нәтижелі болуы үшін ең әуелі адамға сабыр, төзім керек. Психологиялық тұрғыдан адам өзін жайлы сезінуі аса маңызды.

Сарапшылар әлем бойынша коронавирустың екінші толқыны күздің ортасына келеді деген болжам жасап отыр. Біз бұған дайын болуымыз қажет.

Үкімет тарапынан қандай шаралар тиянақты жасалуы керек? Ең алдымен, дәрігерлердің дайындықтарын, біліктіктерін қайта шыңдау. Оларға жағдай жасалып, төлемақыларын еселеп беру. Жедел жәрдем көмегінде қажетті құрал-жабдықтар тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде болуы шарт. Ауруханалардың ахуалы жақсы болуы керек.

Көзбояушылықтың заманы бітті. Халық бәрін жақсы біліп, түсінеді. Біз ешнәрсені жасырмай, барды бар, жоқты жоқ деп айта білуіміз керек. Коронавирус көп нәрсенің бетін ашты, кім екенімізді, қандай осал жеріміз барын, қай бағыттарды дұрыс қолға алғанымызды.

Мына карантин бітсін-бітпесін бізге бастысы еш босаңсымау. Бұрынғыдай жеңіл көзқарас танытуды ұмытқанымыз абзал. Құлағымызға үйреншікті болған қарапайым сақтық шараларын - маска тағып жүру, қоғамдық орындарда арақашықтықты сақтау, гигиена, отырған орныңды таза ұстауды еш доғартпау қажет. Осы кезде бізге үлкен жауапкершілік таныту қажет болады. Аман қалуымыз, індеттің кең таралуына жол бермеуіміз тікелей өзімізге байланысты.

Ырду-дырду, той-томалақты ұзақ мерзімге тоқтату керек. Ешқандай мерекені де атап өтудің қажеті де жоқ.  Қазір той тойлаудың, салтанатты шаралар жасаудың еш қисыны жоқ. Мына карантин біткеннен соң да биылғы жылға және келер жылға да осындай дүниелерді өте қатаң шектеген жөн.  Заң жүзінде шектеу қойылса тіпті жақсы.

Мемлекеттік қаржыны тек қажетіне жаратып, мұндай індет кезінде қисынсыз шығындардың орнына - халыққа көмек молынан болу қажет. Халық аш отырмауы тиіс. Істейтін жұмысы, алатын тиісті жалақысы болуы шарт.

Індет ауламыздан әлі кете қоймады, күн санап бір-бірлеп азаматтарымызды әкетуде. Әр қазақ менің жалғызым. Өзіміз аз ғанамыз. Бізге екінші рет мүмкіндік берілмеуі мүмкін, сондықтан қырағылық танытуымыз керек.

Жоғары қырағылық таныту арқылы бұл індетті міндетті түрде жеңеміз.

Ләйім солай болғай.

Автор: академик Төрегелді Шарманов