Моңғолия туристерді шексіз даласымен, Гоби шөлімен, ежелгі тарихымен және көшпенділердің өзіндік мәдениетімен баурайды. Tengri Travel тілшісі саяхат үшін шетелдік төлқұжат пен виза қажет пе, елге не апаруға және шығаруға тыйым салынғанын және маршрутқа қандай орындарды қосу керектігін баяндайды.
Виза қажет пе?
Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігінің мәліметінше, екі ел арасында визасыз режим орнатылған. Қазақстан азаматтары елде 90 күнге дейін бола алады, кіру үшін тек жарамды шетелдік төлқұжат қажет.
Не апаруға және шығаруға болмайды?
Саяхат алдында саяхатшыларға кедендік ережелермен мұқият танысу ұсынылады.
Моңғолияға есірткі құралдарын, жарылғыш және улы заттарды, шикі ет өнімдерін, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді апаруға тыйым салынады.
Елден шығар кезде де белгілі бір шектеулер бар. Антиквариатты, асыл бұйымдарды және құны 500 доллардан асатын тауарларды шығару үшін сатып алуды растайтын түбіртек қажет болады.
Туристер не нәрсеге назар аударуы керек?
Елшіліктегілер сапар барысында жергілікті заңнаманы сақтау және елдің мәдени ерекшеліктерін ескеру қажеттігін еске салды.
"Моңғолияға сапар кезінде туристер жергілікті заңдарды қатаң сақтауы тиіс, себебі "білмедім" деген сөз заң бұзған жағдайда жауапкершіліктен босатпайды", - деп атап өтті дипломатиялық өкілдіктегілер.
Сондай-ақ туристерге өзін сыпайы ұстау, жергілікті дәстүрлерді құрметтеу және айналадағылардың іс-әрекетіне қарап бағдар алу ұсынылады.
"Ұшу алдында елдің ерекшеліктерін алдын ала зерттеп алған жөн: климаты, қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау ережелері мен заңдары туралы оқыңыз. Моңғол тілінде бірнеше негізгі сөздерді үйреніп алыңыз", - деп кеңес берді елшіліктегілер.
Моңғолияда болған кезде қажет болуы мүмкін қарапайым сөздер:
- Өглөөний мэнд (Углууний мэнд!) - Қайырлы таң!
- Сайн байна уу (Сайн байна уу) - Сәлеметсіз бе!
- Сайн (Сайн) - Бәрі жақсы / Менде бәрі жақсы (сәлемдесуге қысқаша жауап).
- Баярлалаа (Баярлалаа) - Рақмет!
- Зүгээр зүгээр. (Зугээр зугээр) - Оқасы жоқ / Бәрі дұрыс.
- Өршөөгөөрэй. (Уршуугээрэй) - Кешіріңіз
- Энэ ямар үнэтэй вэ? (Энэ ямар унэтэй вэ?) - Бұл қанша тұрады?
- Тооцоогоо авья. (Тооцоогоо авья) - Шотты әкеліңізші.
- Би ... авмаар байна. (Би ... авмаар байна) - Мен ... алғым келеді / Маған ... беріңізші.
- Ус (Ус) - Су.
- Кофе (Кофэ) - Кофе.
- Халуун ногоогүй (Халуун ногоогуй) - Бұрышсыз / Ащы емес.
- Би монголоор ярьдаггүй (Би монголоор ярьдаггуй) - Мен моңғолша сөйлемеймін.
- Та англиар ярьдаг уу? (Та англиар ярьдаг уу?) - Сіз ағылшынша сөйлейсіз бе?
- Туслаарай! (Туслаарай!) - Көмектесіңіз!
Қалай жетуге болады?
Көлік министрлігінің мәліметінше, Астана мен Ұлан-Батыр арасында тікелей рейс ашылды.
"2026 жылғы 2 маусымнан бастап SCAT әуе компаниясы Boeing 737 MAX үлгісіндегі әуе кемелерімен аптасына 2 рет (сейсенбі және жұма күндері) жиілікпен Астана – Ұлан-Батыр бағыты бойынша жаңа әуе қатынасын ашты", - деп атап өтті ведомство.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта Моңғолияның Hunnu Air әуе компаниясы Алматы – Ұлан-Батыр бағыты бойынша аптасына 3 рет жиілікпен тұрақты рейстерді орындайды. 6 маусымнан бастап кестеге тағы бір рейс қосылады.
"Осылайша, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы рейстердің жалпы саны 2 әуе бағыты бойынша аптасына 6-ға дейін ұлғаяды", - деп хабарлады Көлік министрлігі.
Моңғолияда не көруге болады?
Ұлан-Батыр және Шыңғыс хан мүсіні
Туристер үшін басты тартылыс нүктелерінің бірі Ұлан-Батыр болып қала береді. Ел астанасында Гандантэгчинлен будда ғибадатханасына баруға және заманауи қалалық сәулетпен танысуға болады.
Қаладан 54 шақырым жерде Цонжин-Болдог кешені орналасқан, онда Шыңғыс ханның тот баспайтын болаттан жасалған 40 метрлік ат үстіндегі мүсіні бар. Монумент іргетасының ішінде тарихи мұражай жұмыс істейді, ал аттың басы деңгейінде шолу алаңы жабдықталған.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Горхи-Тэрэлж ұлттық паркі
Ел астанасынан шамамен 80 шақырым жерде орналасқан Горхи-Тэрэлж ұлттық паркі де үлкен танымалдылыққа ие. Саябақ өзінің көрікті таулы-орманды ландшафттарымен және ерекше жартас түзілімдерімен, соның ішінде әйгілі "Тасбақа" жартасымен танымал.
Фото: depositphotos.com
Гоби шөлі және Хонгорын Элс "әнші" кұм төбесі
Табиғи көрікті жерлерді ұнататындар Гоби шөліне назар аударғаны жөн. Мұнда ұзындығы 100 шақырымға жуықтайтын Хонгорын Элс құмды массиві орналасқан. Қатты жел кезінде құм төбе төмен жиілікті дыбыс шығаруы мүмкін, сол себепті олар "әнші" деп аталады.
Фото: depositphotos.com
Хубсугул көлі
Тағы бір танымал бағыт - елдің солтүстігіндегі Хубсугул көлі. Бұл биік таудағы тұщы су айдыны Байкалдан шамамен 200 шақырым жерде орналасқан және шығу тегі бойынша оған ұқсас болып саналады. Көл маңында белсенді туризм, балық аулау және этнографиялық экскурсиялар дамыған.
Фото: depositphotos.com
Орхон өзенінің аңғары және Қарақорым
ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген Орхон өзенінің аңғары да саяхатшылар үшін қызықты. Мұнда Моңғол империясының көне астанасы Қарақорым орналасқан. Сақталған ескерткіштер арасында 108 ступамен қоршалған XVI ғасырдағы Эрдэни-Дзу ғибадатханасы бар. Аңғарда Улаан Цутгалан сарқырамасы орналасқан.
Фото: depositphotos.com
Туристерге ұсынылатын тағамдар
Моңғол асханасы қазақ асханасына ұқсайды. Дәстүрлі рационның негізі ет пен сүт өнімдерінен тұрады.
Ең танымал тағамдар ішінде көбіне ірі мәнтімен салыстырылатын бууз, қыздырылған тасқа жабық қазанда пісірілетін ет - хорхог, сондай-ақ ет пен көкөніс қосылған қуырылған қол кеспесі - цуйван бар.
Тағы оқыңыз: 2026 жылы Қазақстаннан ұшатын жаңа рейстер: тізім