Павлодарда 102 жасына қараған шағында Ұлы Отан соғысының ардагері Мария Құрбатова өмірден өтті. Мерген, Украина, Польша және Чехословакияны азат ету ұрыстарына қатысқан, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оның қайтыс болғаны туралы жақындары хабарлады. Мария Құрбатованың ерлікке толы өмірі туралы Tengrinews.kz бірнеше рет жазған болатын. Биыл Жеңіс күні қарсаңында ардагердің үйінде қонақта болдық. Мария Даниловна қонақтарды күліп қарсы алады. Бұл күлкі оның өмір бойғы серігі.
Соғыс кезінде ол эвакуациялық госпитальда болған. 1943 жылы, 19 жасында, Мария өз еркімен майданға аттанды. Мәскеу маңындағы мергендер мектебінде оқып шыққаннан кейін ол Суворов орденімен марапатталған 138-Қызыл Ту дивизиясының 650-атқыштар полкінің құрамына кірді.
Аға сержант Құрбатова Украина, Польша және Чехословакияны азат ету ұрыстарына қатысқан. Мария Даниловна еліне "Ерлігі үшін", "Жауынгерлік еңбегі үшін", "Германияны жеңгені үшін" медальдарымен, сондай-ақ Отан соғысы ордені және Жуков орденімен оралды.
Соғыстан кейін ол бастапқы әскери дайындықтан сабақ беріп, бухгалтер мамандығын игеріп, тұрмысқа шығып, отбасын құрады.
Жақындары Мария Даниловна ешқашан шағымданбағанын еске алады. Керісінше – өмірдің тек жақсы жағын көруге тырысып, айналасындағыларға жылу сыйлап, әрдайым бір ғана нәрсені тілейтін – бейбіт өмірді.
"Мен соғыстың болмауын қалаймын. Балалар саябақта, бақта ойнап жүрсе екен. Жастарға не тілеуге болады... Мықты денсаулық, табыс, өздерін және жақындарын қорғауды тілеймін", – деген еді Мария Құрбатова Tengrinews.kz берген соңғы сұхбатында.
Жақында ғана Мария Құрбатова Павлодар облысындағы ең егде жастағы соғыс ардагері еді. Қазір өңірде Ұлы Отан соғысына қатысқан жеті ардагер ғана қалды.