Белгілі нутрициолог Мира Панова Tengri Life-қа берген сұхбатында күнделікті қара және жасыл шай ішу қаншалықты пайдалы екенін, олардың ағзаға әсерін және қандай шай түрлері зиян болуы мүмкін екенін түсіндірді.
Күнде шай ішуге бола ма және қайсысы денсаулыққа пайдалы?
Нутрициологтың айтуынша, жасыл шай құрамында катехиндер мол, ол антиоксиданттық және сергітетін әсерге ие. Сонымен қатар, жүрек-қан тамырлары және нейродегенеративті аурулардың алдын алуға көмектеседі. Алайда оны ашқарынға ішуге болмайды, себебі шай асқазанды тітіркендіруі мүмкін.
Қара шай елімізде кең таралған күнделікті сусындардың бірі. Ол таниндерге бай, бірақ мөлшерден тыс тұтыну қан қысымын көтеруі мүмкін, әсіресе, гипертонияға бейім адамдар үшін.
Шөп шайлар ең қауіпсіз саналады. Әсіресе, түймедақ, жалбыз, итмұрын, мелисса және имбирь шайларының пайдасы зор.
Ал жеміс шайларының құрамына көбіне жасанды хош иістендіргіштер мен қант қосылады, сондықтан олардың құрамын мұқият тексерген жөн.
Нутрициолог күніне 2-3 шыны шай ішуді ұсынады, әсіресе жапырақты шайға басымдық берген дұрыс. Себебі жапырақты шайда белсенді заттар көбірек сақталады және өндіріс кезінде тотығу процесіне азырақ ұшырайды.
Жүрек-қан тамырлары аурулары кезінде қандай шай ішуге болады?
Гипертониясы бар адамдарға каркаде шайы пайдалы. Ол қан тамырларын кеңейтіп, несеп айдаушы әсерге ие, артериялық қысымды төмендетуге көмектеседі.
Қандағы қант деңгейі жоғары адамдар даршын, бойдана немесе қаражидек қосылған шай ішуге болады. Бұл өсімдіктер құрамындағы полифенолдар инсулинге сезімталдықты жақсартады және қант деңгейін тұрақтандыруға көмектеседі.
Сондай-ақ, қаражидек жапырағы мен бұршақ қабығынан жасалған фитошайлар пайдалы. Олар гликозидтер мен антиоксиданттарға бай, бұл дәстүрлі еуропалық тәсіл қант деңгейін реттеуге септігін тигізеді.
Ең пайдалы шайды дайындау тәсілі
Мира Панова "Алтын шай" дайындау тәсілін бөлісті. Бұл сусын денсаулыққа қауіпсіз, жұмсақ әсер етеді және барлық жастағы адамдарға пайдалы.
Құрамы:
- 1 шай қасық кептірілген итмұрын;
- 1/2 шай қасық түймедақ;
- 1/2 шай қасық долана жемісі немесе гүлдері;
- 1 стақан (90°C) ыстық су.
Дайындау әдісі:
Шөптерді ыстық сумен демдеп, 10-15 минутқа қалдырыңыз. Қалауыңызға қарай алма немесе даршын қосуға болады.
Пайдасы:
- ттмұрын – С дәруменінің көзі, қан тамырларын нығайтады;
- түймедақ – асқорытуды жақсартады, қабынуды азайтады;
- долана – жүректі қолдайды, қан қысымын тұрақтандырады;
Бұл шайдың қарсы көрсетілімдері өте аз, оны асқазан аурулары бар адамдар да іше алады, жүкті әйелдерге де жарамды, бірақ дәрігермен кеңескен жөн.