Тәуелсіз Қазақстан: 25 жыл жетістіктің жолы

16 Желтоқсан 2016, 13:03
0
© "Түркістан" газеті
© "Түркістан" газеті

Бүгін Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтуде, бұл меже барша қазақстандықтардың жеткен жетістігі мен жұмысының жемісін қорытындылайтын оқиға.
 
Қазақстан Республикасының Парламенті Қазақстан Тәуелсіздігін халқымыздың аса зор құндылығы ретінде бағалай отырып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығы Декларациясын қабылдайды.

"Тәуелсіздіктің  25 жылдық Декларациясын қабылдай отырып өз еліне деген мәртебе мен мақтанышты сезініп, аз уақыттың ішінде толағай табыстарға ие болған ел ретінде тарихтың қойнауында із қалдырғанымызға қуаныштымыз. Қазақстан бүгін дамыған,гүлденген мемлекет. Әлеуметтік саясаты тұрақтанған, халқының өмір сүру сапасы арта түскен, келісім мен бейбітшілікті ұйытып отырған асыл шаңырақ", - деді Сенат депутаты Михаил Бортник.

Өз Тәуелсіздігінің 25 жылында Қазақстан экономикасы қарқынды дамыған, табысқа жетудің бірегей тәжірибесі бар саяси тұрақты мемлекет ретінде қалыптасты. Біздің елімізде экономикалық, саяси және әлеуметтік салаларда аса ірі өзгерістер жүзеге асты. Тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктері мен жеңістері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тегеурінді және дана басшылығымен әрбір қазақстандықтың табанды да тынымсыз еңбегінің арқасында мүмкін болды. Президент Н.Ә. Назарбаевтың саяси ерік-жігері және стратегиялық көрегендігі дамудың қазақстандық үлгісінің табысты болуын айқындап, Қазақстанның орнықты өсіп-өркендеу жолына шығуына мүмкіндік тудырды. Еліміз "Қазақстан-2050" Стратегиясын дәйекті түрде жүзеге асыра отырып, әлемнің озық 30 елінің қатарына қосылуға қарышты қадам басуда. Мемлекет басшысының байыпты және жемісті халықаралық бастамаларымен еліміз биік халықаралық беделге ие болып, ғаламдық ядролық қарусыздану қозғалысының танымал көшбасшысына айналды.

1991 жылы 16 желтоқсанда Парламент "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" Конституциялық заңды қабылдады.

Тәуелсіз Қазақстанның бұл тұңғыш құжаты халқымыздың қуатты және пәрменді мемлекет құру арманының жүзеге асуын айғақтады. Заң Қазақстан егемендігінің оның ұлан-ғайыр аумағында және әлемнің саяси картасында мызғымастығын мәңгілікке бекітіп берді.

Еліміздің басты құжаты - Қазақстан Республикасы Конституциясын 1995 жылғы 30 тамыздағы референдумда бүкіл Қазақстан халқы бірауыздан қабылдады.

Конституция егемендіктің саяси және құқықтық негіздерін бекітіп, адамның өмірін, құқықтары мен бостандығын, тегіне, әлеуметтік жағдайына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге қатыстылығына қарамастан, адам мен азамат құқықтарының теңдігін мемлекеттің жоғары құндылықтары деп жариялады. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы мемлекет пен қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің мызғымас негізіне айналды.

Қазақстанда тиімді демократиялық институттар - президенттік институты, Парламент, сот жүйесі және белсенді азаматтық қоғам қалыптасты.

Елімізде жаһандық сын-қатерлерге төтеп беруге және бүкіл қоғамның мүдделерінің жүзеге асуын қамтамасыз етуге қабілетті мемлекеттік құрылымның тиімді жүйесін құруға мүмкіндік берген тарихи маңызды экономикалық және саяси реформалар жүргізілді. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап еліміздің саясаты ұзақ мерзімге негізделді, қазақстандықтардың әл-ауқаты, өмірдің жоғары сапасына жүйелі де мақсатты ұмтылысы оның басты ұстанымдары болды және солай болып қала береді.

Қазақстан әлемнің бәсекеге ең қабілетті 50 елінің қатарына енді.

Әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруді мақсат етіп қойған "Қазақстан-2050" Стратегиясы жаңа сипаттағы стратегиялық құжат болып табылады. Мемлекет басшысының "100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет" Ұлт жоспары әлемдік қаржы жүйесіндегі аса жағымсыз құбылыстарға қарамастан, елімізде өндіріс пен инновацияны, әлеуметтік саланы дамытуға және жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Қазақстан ядролық қауіпсіздік рейтингінде ең қауіпсіз елдердің қатарына кіреді.

Президент Н.Ә. Назарбаев Қазақстанды еліміздің ұлттық мүдделеріне нұқсан келтірместен ядролық қарусыз мемлекетке айналдыру жөніндегі тарихи маңызды міндетті шеше білді. 1991 жылғы 29 тамызда Елбасы Семей ядролық полигонын жапты. Қазақстан Президенті өз елінің ғана емес, сондай-ақ бүкіл адамзаттың тағдыры үшін өзіне жауапкершілік ала отырып, әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде танылды.

Семей полигонының жабылуымен ядролық қаруды таратпаудың және қарусызданудың жаһандық процесінің жаңа кезеңі басталды. Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады. Қазақстан ядролық қаруды таратпау режимін нығайту жөніндегі нақты ұсыныстарын алға тартып, Ядролық қарусыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын қабылдауды ұсынды.

Тәуелсіздіктің 25 жылында қазақстандық дипломатия әлем елдерінің басым бөлігімен сенімді достық және ынтымақтастық қарым-қатынастар орнатып, халықаралық ұйымдардың қызметіне белсенді түрде араласып келеді.

Біздің еліміз әлемдік қоғамдастықта орнын нық айқындап, лайықты құрмет пен беделге ие болып отыр. Әлемде аумағы жөнінен тоғызыншы орын алатын Қазақстан Республикасының шекарасын делимитациялау мен демаркациялау Президент Н.Ә. Назарбаевтыңтарихи жетістіктері болып табылады. Қазақстан өңірлік және жаһандық процестердің белсенді қатысушысы бола отырып, халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға қомақты үлес қосуда.

"Еуропаға жол" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру Қазақстанның Еуропаның жетекші мемлекеттерімен әріптестік пен ынтымақтастықтың барынша жоғары деңгейіне шығуына жол ашты. Қазақстан ынтымақтастықтың еуразиялық көпіріне айналды.

Біздің еліміз ЕАЭО, ШЫҰ, АӨСШК секілді интеграциялық жобалардың бастамашысы және ілгерілетушісі болып табылады.

Қазақстан ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ЕАЭО, ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, АӨСШК және Түркі кеңесі сияқты ірі халықаралық ұйымдарда табысты төрағалық етудің тәжірибесіне ие.

Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасында алғашқы болып 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды.

Халықаралық қоғамдастық Қазақстанның халықаралық қатынастарды дамытудағы үлесін лайықты бағалай отырып, біздің елімізге ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуді сеніп тапсырды.

Дереккөз: strategy2050.kz


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай