Алматы тұрғындары әл-Фараби даңғылында қоршау орнату туралы ұсыныспен петиция жариялады, деп хабарлайды Tengri Auto.
e-Petition порталында 21 наурызда әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесі қиылысында адам өлімі болған жол-көлік оқиғасына байланысты петиция жарияланды.
Петиция авторының айтуынша, қайғылы оқиғаның басты себебі - әл-Фараби даңғылының бұл учаскесінде арнайы жол қоршаулары жоқ.
Ол жолдың техникалық сипаттамаларын уәж ретінде келтіреді.
Әл-Фараби даңғылы - сегіз жолақты, қозғалыс қарқындылығы жоғары және рұқсат етілген жылдамдық 80 км/сағ-қа жететін магистраль.
Мұндай жағдайда ҚР СТ 2368-2013 ұлттық стандартына сәйкес, қозғалысы қарқынды жолдарда қоршаулар орнатылуы тиіс.
Сондай-ақ ол 2025 жылғы 25 қарашада осыған ұқсас жол апаты болғанын еске салды, бұл әл-Фараби даңғылында қауіпсіздікке жүйелі қатер бар екенін растайды.
Қазіргі уақытта петицияға 63 адам қол қойды.
Әл-Фараби даңғылындағы қайғылы оқиға
21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесі қиылысында Zeekr автокөлігі жоғары жылдамдықпен қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes-ті соққан болатын.
Жол апаты салдарынан 29 жастағы жүргізуші мен Mercedes-тің екі жолаушысы – 20 және 22 жастағы қыз оқиға орнында көз жұмды.
Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. 26 наурызда тергеу соты оны қамауға алды.
Оның апат кезінде жеңіл дәрежелі алкогольдік мас күйде болғаны анықталды.
7 сәуірде жол апатына күдікті ауруханадан тергеу изоляторына ауыстырылды, ол сол жерде қылмыстық істі тергеудің аяқталуын күтеді.
Күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бап санкциясында 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.