Электрмотоциклдер тренді: модельді қалай таңдау керек және оған жүргізуші куәлігі керек пе?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Электрмотоциклдер тренді: модельді қалай таңдау керек және оған жүргізуші куәлігі керек пе? Фото: Елена Никитенко

Электрлі мотоциклдер Қазақстан нарығына енді ғана белсенді шыға бастады және бірте-бірте танымалдылыққа ие болып жатыр. Бұл, ең алдымен, кептелісі көп қала көшелерімен жүруге ыңғайлы көлік. Шағын, маневрлі әрі салыстырмалы түрде үнемді болғандықтан, олар кептеліс жағдайында автомобильдерге балама болып отыр. Tengri Auto мұндай техниканы басқару үшін қандай куәлік қажет екенін және таңдау кезінде не нәрсеге назар аудару керектігін анықтады.


Электрлі мотоциклдер Қазақстан нарығына енді ғана белсенді шыға бастады және бірте-бірте танымалдылыққа ие болып жатыр. Бұл, ең алдымен, кептелісі көп қала көшелерімен жүруге ыңғайлы көлік. Шағын, маневрлі әрі салыстырмалы түрде үнемді болғандықтан, олар кептеліс жағдайында автомобильдерге балама болып отыр. Tengri Auto мұндай техниканы басқару үшін қандай куәлік қажет екенін және таңдау кезінде не нәрсеге назар аудару керектігін анықтады.

Жүргізуші куәлігіне қатысты жайттар

Қазақстан заңнамасы тұрғысынан электрлі мотоциклдер мототехникаға теңестіріледі, демек, оларды басқару үшін жүргізуші куәлігі талап етіледі. Бірақ мұнда ескеретін тұстар бар.

Егер техниканың жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан асса және қуаты 11 кВт-қа дейін болса, жүргізушіге "Жол жүрісі туралы" ҚР Заңының 74-бабы 2-тармағына сәйкес 16 жастан берілетін A1 кіші санаты қажет болады.

Неғұрлым қуатты модельдер А санатына жатқызылады, ол 18 жастан бастап қолжетімді және мотоциклдерді қуатына шектеусіз басқаруға мүмкіндік береді.

Алайда куәлігінде А, В немесе С санаттары бар жүргізушілерге қосымша А1 санатын алудың қажеті жоқ екенін ұмытпаған жөн - олар электрлі мотоциклдерді (және тиісінше мопедтерді) қосымша рұқсатсыз және куәліктегі белгілерсіз басқара алады..

Сондай-ақ, 2025 жылғы 5 сәуірден бастап Қазақстанда мопедтерді, электрлі скутерлерді және соған ұқсас техникаларды міндетті түрде тіркеу енгізілгенін еске саламыз. Есепке қою үшін арнайы ХҚКО-ға жүгіну, құжаттарды өткізу және мемлекеттік баждарды төлеу қажет. Тіркелмеген көлікті пайдалану айыппұл салуға және көліктің тәркіленуіне әкеп соғуы мүмкін.

Фото: Елена Никитенко

Электрлі мотоциклді қалай таңдау керек?

Электрлі мотоциклді таңдағанда, оның нақты қалай және қандай жағдайда қолданылатынына сүйену маңызды.

Жылдам зарядтау және пайдалану сценарийлері

Қала ішіне орташа қуатты, шағын модельдер тиімді - оларды басқару оңайырақ және үнемдірек. Ал егер қала сыртына немесе тасжолмен жүру жоспарланса, қуаты жоғары және бір зарядпен ұзақ жүретін нұсқаларға назар аударған жөн.

Айтпақшы, таңдау көбінесе көлікті қаншалықты жиі пайдалануды жоспарлайтыныңызға байланысты. Күнделікті сапарлар үшін жылдам зарядталатын және зарядтау инфрақұрылымына қолжетімділігі бар модельдер ыңғайлы. Егер техника мезгіл-мезгіл керек болса, олардың зарядталуы ұзаққа созылатынын ескере отырып, жүріс қоры үлкен нұсқаларды қарастыруға болады.

Электрлі мотоцикл қозғалтқышының қуаты

Түрін таңдағаннан кейін қозғалтқыш қуатына назар аудару керек - ол тікелей пайдалану сценарийіне байланысты.

Қала үшін шамамен 3-тен 10 кВт-қа дейінгі қуаты бар электрлі мотоциклдер қолайлы. Бұл жайлы жүруге, қалыпты динамикаға және сағатына 80–100 км шегіндегі жылдамдыққа жеткілікті.

Егер асфальттан тыс жерлерде немесе алыс қашықтыққа жүру жоспарланса, 10 кВт және одан жоғары қуатты нұсқаларды қараған дұрыс. Күрделі жағдайлар үшін көбінесе 15–20 кВт диапазоны ұсынылады: мұндай модельдер жүктемені, жолсыз жерлерді жақсы еңсереді және, әдетте, жетілдірілген аспамен (подвеска) және қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталады.

Жүріс қоры және аккумулятор батареясы

Жүріс қоры - электрлі мотоцикл таңдаудағы негізгі параметрлердің бірі. Ол техниканы қаншалықты жиі зарядтау керектігін, маршруттарды қалай құруды анықтайды және тіпті жүру стиліне де әсер етеді.

Жүріс қоры неғұрлым үлкен болса, жолда соғұрлым еркін сезінесіз: үнемі зарядтау станцияларын іздеп, динамиканы шектеудің қажеті жоқ. Жүріс қоры аз болған жағдайда, сапарларды алдын ала жоспарлап, баяу жүруге тура келеді.

Минималды көрсеткіштер пайдалану жағдайына байланысты. Қала үшін бір зарядпен шамамен 50–70 км жүру жеткілікті. Саяхаттар үшін жиі тоқтамағыңыз келсе, 100-ден 150 км-ге дейінгі жүріс қоры бар модельдерді қарастырған жөн. Жолсыз жерлер үшін маршруттың күрделілігі мен энергияның көп жұмсалуын ескере отырып, 80–120 км диапазоны оңтайлы болып саналады.

Аккумулятор - электрлі мотоциклдің жүріс қоры мен жалпы тиімділігі тікелей байланысты болатын негізгі элементі.

Ең алдымен батарея түрін ескеру маңызды: көбінесе литий-ионды аккумуляторлар қолданылады - олар салмақ пен сыйымдылық арақатынасы бойынша оңтайлы келеді. Оның көлемі де маңызды: кВт·сағ көрсеткіші неғұрлым жоғары болса, аккумулятор соғұрлым көп энергия жинай алады.

Бұл ретте нақты көрсеткіштер тек сипаттамаларға ғана байланысты емес. Энергия шығынына температура, жүру стилі және жүктеме әсер етеді - мұның бәрі нақты жүріс қорын айтарлықтай азайтуы немесе, керісінше, арттыруы мүмкін.

Фото: Елена Никитенко

Электрлі мотоциклдер - салыстырмалы түрде жаңа сегмент және оның айналасындағы инфрақұрылым енді ғана қалыптасып жатыр. Қорытындылай келе, ең маңыздысы - өз мақсаттарыңызға сай модельді дұрыс таңдап қана қоймай, сонымен бірге тиісті жүргізуші куәлігі санатының болуын және көліктің тіркелуін алдын ала қамтамасыз ету.

TengriAuto