Алматыда Саин көшесінің жаңа учаскесінде көлік қозғалысы ашылды, деп хабарлайды Tengri Auto.
Жүргізушілер үшін Рысқұлов даңғылынан Мөңке би көшесіне дейінгі 3,2 шақырым жаңа учаске ашық. Көшені ұзарту жұмыстары 2018 жылы басталған болатын.
Фото: Алматы әкімдігі
Содан бері жұмыстар жер учаскелерінің сатып алынуына қарай кезең-кезеңімен жүргізілді. Соңғы учаске 2025 жылдың қазанында босатылды.
Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, қозғалысты 20 мамырда ашу жоспарланған болатын, бірақ ауа райының қолайсыздығы мен электр желілерін қайта құру жұмыстарына байланысты мерзім кейінге шегерілді.
Қазіргі уақытта учаскеге асфальттың төменгі қабаты төселген. Негізгі жұмыстар аяқталғаннан кейін жолшылар жоғарғы қабатты төсеуге кіріседі.
Сондай-ақ қосалқы жолдар, тротуарлар мен веложолдардың құрылысы жалғасып, жол маңын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жұмыс толық аяқталғанға дейін учаскеде сағатына 40 шақырымға дейін жылдамдық шектеуі қолданылады.
Тағы оқыңыз: Алматыдағы Саин мен Рысқұлов көшелерін ұзарту: мән-жайы