Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі автонесие беру кезіндегі қолданыстағы жеңілдікті ұзартуды ұсынды, оған сәйкес банктер қарыз алушының борыштық жүктеме коэффицентін (БЖК) ескермейді. Бұл туралы ведомство басшысы Ерсайын Нағаспаев айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Журналистердің сұрағына жауап бере отырып, министр тиісті ұсыныс Үкіметке жолданғанын айтты.
"Қолданыстағы жеңілдік жыл аяғына дейін сақталады. Біз Үкіметке бұл шараны ұзарту туралы ұсыныс енгіздік және Ұлттық банк бізге қолдау көрсетіп, ұстанымымызды ескергенін қалаймыз. Әзірге реттеуші бұл ұсынысты қолдамай отыр, бірақ біз бұл мәселені пысықтауды жалғастырамыз. Біз үшін бұл принципті ұстаным", - деді Нағаспаев.
Кез келген автонесие берген кезде борыштық жүктеме коэффиценті ескерілмей ме деген нақтылаушы сұраққа министр мақұлдап жауап берді.
"Иә. Бұл ретте халықтың борыштық жүктемесін біз кез келген жағдайда қадағалап, мониторинг жүргізіп отырамыз", - деді ол.
Мән-жайы
Қазір Қазақстанда автонесие рәсімдеу кезінде уақытша жеңілдік қолданылады. 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін банктер жаңа автокөліктерді, сондай-ақ белгіленген шарттар сақталған жағдайда ескі автокөліктерді сатып алуға қарыз берген кезде борыштық жүктеме коэффицентін (БЖК) есептемейді. Бұл уақытша шара ретінде енгізілген және биылғы жылдың соңында аяқталуы тиіс болатын.
Бұған дейін Өнеркәсіп министрлігі БЖК бойынша талапты алып тастау автонесие қолжетімділігін арттырып, отандық автоөнеркәсіпті қолдауы тиіс екенін бірнеше рет айтқан болатын.
Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұған дейін қолданыстағы жеңілдік ұзартылмаса, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап автонесие беру кезінде борыштық жүктеме коэффиценті бойынша талаптар қайта қолданыла бастайтынын хабарлаған еді.