Бүгін үкіметте қазақстандық автоөнеркәсіпті дамыту мәселесі белсенді талқыланды. Алайда журналистердің бірі қойған сұрақ брифингке қатысушылар үшін күтпеген жағдай болды: олардан қандай көлікпен келгені сұралды,- деп хабарлайды Tengri Auto.
Сұрақты естіген спикерлер бір-біріне қарап, жымиды. Журналист бәрінен кезекпен жауап беруді сұрады.
"Бүгін баспасөз конференциясына қандай маркалы көлікпен келдіңіздер? Өтініш, спикерлердің әрқайсы жауап берсе!" - деген сұрақ қойылды.
Алдымен Қазақстан автокөлік одағының президенті Анар Мақашева жауап берді.
"Менде қызметтік көлік - Genesis GV80", - деді ол.
Оның айтуынша, Genesis автокөліктері қазір Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan базасында шығарылады.
Келесі кезекте - "СарыарқаАвтопром" ЖШС директорының орынбасары Әділ Шайкемелов.
"Сол сияқты - Kia Sportage маркалы қызметтік көлік, бұл өте кең таралған модель", - деп жауап берді ол.
Содан кейін "Астана Моторс" ҚМК бас директоры Бекнұр Несіпбаев жауап берді.
"Алматыда шығарылған Hyundai Staria қызметтік көлігі", - деп қысқа қайырды ол.
Үкіметке жеке көлігімен келген тек Қазақстанның өнеркәсіптік инвесторлар одағының президенті Қайрат Еламанов болып шықты.
"Жеке көлігім Kia Sorento, ол да Қазақстанда өндірілген", - деп жымиып жауап берді Еламанов.
Бұған дейін өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Kia K9 қызметтік көлігін мінетінін айтқан болатын. Бұл - премиум-кластағы толық өлшемді өкілдік седан.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап “сұр“ автокөліктерге қарсы жаңа шаралар енгізілмек