“Қауіпсіздік мәселесі туындайды“: Қазақстанда автокөліктерді параллель импорттауға неге рұқсат берілмейді?

ПОДЕЛИТЬСЯ

“Қауіпсіздік мәселесі туындайды“: Қазақстанда автокөліктерді параллель импорттауға неге рұқсат берілмейді? Фото © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қазақстанға автомобильдердің параллель импортына рұқсат беру идеясын қолдамайды. Ведомство мұндай көліктердің өндіруші кепілдігі болмауы мүмкін және қауіпсіздікке қосымша қатер төндіреді деп санайды, деп хабарлайды Tengri Auto.


Үкіметте өткен брифингте журналистер бейресми жолмен әкелінген көліктердің дилерлердегі бағадан әлдеқайда арзан екеніне назар аударды.

Бұдан бөлек, параллель импортты заңдастыру салық түсімдерін арттырып, автомобиль тапшылығын азайтуға және оларды сатып алушылар үшін қолжетімді етуге мүмкіндік берер еді.

Алайда өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев бұл ұстаныммен келіспеді.

"Мұндай көліктер қандай болмақ? Олар кепілдіксіз болады. Біздің ресми дилерлер бейресми жолмен әкелінген көліктерге кепілдік бермейтінін білесіздер. Егер біз мұндай әкелуге рұқсат берсек, онда олар кепілдік қызметі көрсетілмейтін көліктер болады. Тиісінше, қауіпсіздік мәселелері туындайды", - деді шенеунік.

Оның айтуынша, тағы бір мәселе техникалық стандарттарға қатысты.

"Әртүрлі елдерде қолданылатын стандарттар өзгеше. Мысалы, Қытайда бір стандарттар болса, Қазақстан еуропалық стандарттарға бағытталған. Бұл автомобильдерді қыс мезгілінде пайдалану талаптарына және басқа да көптеген техникалық мәселеге қатысты", - деп атап өтті министр.

Нағаспаев министрліктің отандық автомобиль өндірісін бұдан былай да қолдауға ниетті екенін қадап айтты.

"Мемлекеттік орган ретінде біз "сұр" әкелім мен параллель импортқа қарсымыз. Біз отандық өндірісті дамытуды және Қазақстанда шығарылатын автомобильдер қатарын барынша кеңейтуді қолдаймыз. Бұл - жұмыс орындары, салықтар және экономиканың дамуы", - деп мәлімдеді ол.

Қазақстан автомобиль одағының президенті Анар Мақашева, өз кезегінде, ресми және "сұр" көліктер арасындағы баға айырмашылығы расымен де бар екенін мойындады:

"Иә, бұл - қатерлер. Бұл су астында қалған, ауыр жол апатына ұшыраған, қайта боялған, кепілдігі жоқ - кез келген көлік болуы мүмкін. Бірақ халық тиімді бағаны таңдайды. Және бұл, бәлкім, біз әзірге оң шешімін таба алмай отырған ең үлкен мәселе шығар".

Қазақстан автомобильдердің әкелінуін қалай бақыламақ?

Автомобильдердің "сұр" импорты тақырыбы қайтадан назарға ілікті. Премьер-министр Олжас Бектенов он күн мерзім ішінде автомобильдерді заңсыз әкелудің алдын алу бойынша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды. Кедендік әкімшілендіру мен техникалық реттеудегі жаңа тәсілдер 1 қыркүйектен бастап іске қосылуы тиіс.

Бұл ретте кейінірек Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жаңа тыйымдар салу жоспарда жоқ екенін түсіндірді: барлық қажетті нормалар қазірдің өзінде бар, ал мемлекеттің міндеті - олардың орындалуына бақылауды күшейту және уәкілетті органдардың жауапкершілігін арттыру.