Жамбыл облысында сақтандыру компаниясы жол апаты болған жерден кетіп қалған клиентінен төлемді қайтаруды талап етіп, сотқа арызданды, деп хабарлайды Tengri Auto.
Не болды?
Сот мәліметінше, 2024 жылы "ВАЗ" автокөлігіне азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру шарты жасалған. 2025 жылғы қарашада Сарыкемер ауылында жол көлік иесі жол апатына ұшырап, Hyundai автокөлігімен соқтығысқан. Ол кезде залал мөлшері 1,1 миллион теңгеге бағаланып, сақтандыру компаниясы шарт бойынша бұл соманы төлеген.
Алайда кейін клиент оқиға орнынан кетіп қалғаны белгілі болды, ал мұндай жағдайда компания сақтандыру төлемінің толық сомасын кері өндіріп алуға құқылы. Сотқа дейінгі шағым жіберілгеніне қарамастап, ол соманы ерікті түрде қайтарған жоқ.
Осыдан кейін сақтандыру компаниясы сотқа жүгінді. Сот жауапкерден 1,1 миллион теңге көлеміндегі соманы толық өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Шешім заңды күшіне енді.
Қандай жағдайларда сақтандырушы төлемді қайтаруды талап ете алады?
Сақтандырушы келесі жағдайларда төлемді кері қайтаруға (немесе мүлдем тағайындамауға) құқылы:
- жүргізуші сақтандыру жағдайын әдейі жасаса (көлікті әдейі соғу);
- жүргізуші алкогольдік, есірткілік немесе токсикоманиялық мас күйде болса;
- рөлде көлікті басқару құқығы жоқ адам болса;
- жол апаты жүргізуші білген немесе білуі тиіс болған техникалық ақаулар салдарынан болса;
- автокөлік өз мақсатында пайдаланылмаса;
- жүргізуші сақтандыру төлемдерінен келетін шығынды азайту үшін әдейі шара қолданбаса;
- жүргізуші жол апаты болған жерден кетіп қалса. Бір ғана ерекшелік - зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін оқиға орнынан кетуге рұқсат етіледі;
- жүргізуші дәлелді себепсіз медициналық куәландырудан өтпесе.
Тағы оқыңыз: Семей тұрғынына бояуы қабыршақтанып түсіп жатқан жаңа автокөлік сатылған
Қазақстанда кей жүргізушілер үшін автосақтандыру қымбаттайды