Алматыда экологиялық аймақтар құру идеясы былтырдан бері айтылып келеді. Биыл бұл жоба қағаз бетінен іс жүзіне көшіп, тексеріс басталды. 28 сәуірден бастап пилоттық режимде алғашқы төмен шығарындылар аймағы (Low Emission Zone – LEZ) жұмыс істей бастады.
Tengri Auto тілшісі Алматыда LEZ аймақтарын енгізудің келесі кезеңдеріне қатысты жоспарды білді.
Бәрін камера бақылайды
"Eco Almaty" ЖШС мәліметінше, LEZ аймағына кіру фото және бейнетіркеу жүйелері арқылы автоматты түрде бақыланады. Сонымен қатар аймақ шекараларында қолмен тексеру үшін экобекет қызметкерлері тұрмайды.
"LEZ ақпараттық жүйесі ауаны зиян заттармен ластау дәрежесіне техникалық тексеруден өтудің міндетті техникалық байқау жүйесімен біріктіріледі. Камералар кіріп жатқан көліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлерін оқиды және нақты уақыт режимінде олардың техникалық тексеруден өткен-өтпегенін тексереді", - деп жауап берді компания ресми сауалға.
Яғни, жүйеге автомобильдің экологиялық нормаларға сәйкестігі тексерілгені туралы ақпаратты қосу жоспарланып отыр.
LEZ аймағына тегін кіру тек шығарындылар деңгейінің белгіленген талаптарға сәйкес екені туралы қолданыстағы растамасы бар көліктерге ғана қолжетімді болады. Мұндай растаманы сертификатталған техникалық байқау желісінен алуға болады.
Бұл ретте рұқсат берудің негізгі критерийі көліктің шыққан жылы немесе оның ресми экологиялық класы емес, пайдаланылған газдарды нақты тексеру нәтижелері болатыны айтылды.
Блокбекеттер мен шлагбаумдар
Сондай-ақ біз LEZ аймақтарына шығарындылары жоғары автокөліктердің кіруі қалай бақыланатынын және тәртіп бұзушылар үшін қандай шаралар қарастырылғанын анықтадық.
"Көше-жол желісінің өткізу қабілетін төмендетпеу және апаттық жағдайлар туғызбау үшін LEZ шекарасында физикалық блокбекеттер, шлагбаумдар немесе өзге де жасанды кедергілер орнатылмайды. Әкімшілендіру процесі тек цифрлық форматта құрылады", - деп жауап берді компания өкілдері.
Жоспар бойынша, LEZ аймағына кірген кезде көлік иесіне кіру дерегі және төлем жасау қажет екені (егер ол қарастырылса) туралы ақпараты бар SMS-хабарлама келеді.
Егер жолақы төленбесе, белгілі бір уақыттан кейін иесіне айыппұл салынуы мүмкін. Оның көлемі әлі бекітілген жоқ.
Еске салайық, қазіргі уақытта жоба пилоттық режимде жұмыс істеп тұр - пилот аясында жүргізушілерге айыппұлдар, кіру ақысы немесе өзге де шектеулер қолданылмайды.
Пилоттық режим аяқталғаннан кейін билік шектеулер енгізу-енгізбеу туралы шешім қабылдайды.
Ескі көліктер сатып алына ма?
Жоба идеяларының бірі бойынша, алматылықтардан ескі көліктерді сатып алу жоспарланған. Біз бұған қанша қаражат бөлу көзделіп отырғанын білуді жөн көрдік.
Бірақ бізге бұл ұсыныс әлі де қарастырылу сатысында екені айтылды.
"Сатып алуға бюджет бөлу және нақты есептеулерді қалыптастыру мәселесін уәкілетті мемлекеттік органдар тек пилоттық жобаның қорытындысы бойынша ғана қарастыратын болады", - деді компаниядағылар.
Тағы оқыңыз: Алматыда төмен шығарындылар аймағына белгілер қойылады: жүргізушілер нені білуі керек?