22 желтоқсан 2018 10:10

Алматы жолдарында жаңа "Жолақ" камералары қалай жұмыс істейді

ПОДЕЛИТЬСЯ

Алматыда 25 желтоқсаннан бастап "Жолақ" камералары іске қосылады, - деп хабарлады "Алматы" телеарнасы.


Алматыда 25 желтоқсаннан бастап "Жолақ" камералары іске қосылады, - деп хабарлады "Алматы" телеарнасы.

Телеарнаның хабарлауынша, Алматыда кептелістен қашып, автобус жолағына түсіп жүйткитін жүргізушілерге тықыр таянды. Себебі, келер аптадан бастап қаладағы қоғамдық көліктерде "Жолақ" камералары іске қосылады. Жобаны жүзеге асырушылар қазір бейнетіркегіш кешенді жолаушылар көлігінің ішіне орнатып жатыр. Бастапқыда қондырғы тек 50 қоғамдық көлікке қойылса, келер жылдан бастап барлығына орнатылады. Егер айыппұл арқалағыңыз келмесе, ереже сақтауыңызға тура келеді. "Жолақ" камераларының жұмыс жүйесі қандай?

"Камералардың фокустық арақашықтығы 15 миллиметр, бұл қашықтық заң бұзғандарды 25-30 метрден-ақ анықтай алады", дейді полиция өкілдері.

Алматының ұзын-сонар кептелісінен қашып, автобус жолағымен жүйткігенді жөн көретін жүргізушілерді тезге салатын бірден-бір құрал осы. "Жолақ" камералары қоғамдық көліктің ішіне орнатылып, арнайы сызық бойындағы ережені бақылайды. Егер жүргізушілер тас жолды көлденең кесіп, автобус жолағымен жүретін болса, онда қоғамдық көліктің алдыңғы және артқы жағында орнатылған камералар бірден видеофиксация жасайды. Яғни, көліктің нөмірі, тіпті жүргізушінің түр-әлпеті де бейнетаспаға жазылып қалады. Ал ақпарат автоматты түрде полицияның арнайы орталығына жіберіледі. Одан кейін тәртіп сақшылары тиісті шешім қабылдап, жүгенсіз жүргізушіге тұрғылықты жері бойынша айыппұл жолдайды.

"Қоғамдық көлік таңертең жолға шыққанда камералар бірден іске қосылады. Жол бойындағы барлық деректерді мына борттық кешен жазып отырады. Ал кешке көлік жүрісін аяқтап, автопаркке келгенде күні бойы жиналған деректер полицияның ақпараттарды өңдеу орталығына жіберіледі. Видео онлайн режимде, ғаламтор арқылы беріледі. Сондықтан қоғамдық көлік жүргізушісінің жұмысына еш кедергі келтірмейді", - деді жүйені жасаушы компанияның техникалық директоры Алексей Чернов.

"Жолақ" камераларының өзі Қытайда құрастырылғанымен, оның жұмыс жүйесін отандық компания ойлап тапқан. Жоба авторлары қондырғының сапасы мінсіз дейді. Бейнетіркегіш ереже бұзған көліктерді тәуліктің кез келген уақытында да анық түсіреді екен. Бұған дейін коғамдық көліктерде біраз уақыт сынақтан өткен жүйе тиімділігін көрсетіп үлгеріпті. Мәселен, тек бір автобустың өзіне күніне 30-ға жуық жол ережесін бұзу дерегі жазылған.

"Камера кешенінде жүргізушіге арналған қосымша батырма да болады. Егер қоғамдық көлік жүргізушісі қандай да бір оқиғаның куәгері болса немесе жол апатына түсіп қалса, бірден сол батырманы басады. Қоңырау 112 қызметіне түсіп, ол диспетчермен тілдесе алады", - дейді Алексей Чернов.

"Жолақ" камералары қазір біртіндеп қаладағы қоғамдық көліктерге орнатылып жатыр. Бастапқыда мұндай кешен 50 автобусқа қойылады. Ал келер жылдың бірінші жартыжылдығында барлық автобус пен троллейбустар да қамтамасыз етіледі. Демек, енді ережені елемей, жолды көлденең кесетін жүргізушілерге тізгінді тартуға тура келеді.

"Қаңтар айының бірінен бастап "Жолақ" бағдарламасы іске қосылып, дәл сол күннен бастап хаттамалар толтырылып, айыппұл салынады. Бастапқыда 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген. Егер бір жылдың ішінде бірнеше рет осындай құқықбұзушылыққа жол берілетін болса, онда айыпұл мөлшері 15-20 айлық есептік мөлшерінде өседі", - деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Жаңа жүйе тек автобус сызығындағы тәртіпті бақыламайды, жолдың өзге де жолақтары бейнетіркегішке түсіп қалады. Сондықтан тыйым салынған жерге көлік қаңтару да қауіпті болмақ. Айта кетсек, "Жолақ" камерасы қоғамдық көлік жүргізушілерін де тәртіпке шақырады. Яғни, өз жолынан жөнсіз шығып, бәйге ұйымдастыратын автобус жүргізішілерінің де жүрісін камера жазып отырады.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.44   490.7   4.77 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети