Алматыда әдеби "Оскар" табыс етілді

14 Ақпан 2018, 10:03
0
Алматыда әдеби "Оскар" табыс етілді - © Айтжан Мұрзанов
© Айтжан Мұрзанов

Алматыда "Алтын қалам" әдеби жүлдесі аясында әдеби кездесу өтті. Шара барысында "Алтын қалам" әдеби жүлдесі ұйымдастыру комитетінің шешімімен бірінші рет әдеби "Оскар" сыйлығы табыс етілді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"Оскар" сыйлығы бүгінгі заман әдебиетін дамытуға елеулі үлес қосқан қаламгерлерге берілді. Жеңімпаздар "Алтын қалам" байқауы мен Әлемдік экономика және саясат институтының әлеуметтанушысы Айман Жүсіпова бірлесіп жүргізген әлеуметтік зерттеудің қорытындысы бойынша анықталды. Зерттеуге әдебиет, ғылым, бизнес саласындағы беделді 50-ден астам сарапшы қатысып, қазақстандық әдебиеттің даму барысы мен бүгінгі кітап нарығының жағдайына байланысты жеке пікірлерін білдірді. Сарапшылар сондай-ақ, қазіргі таңда сұранысқа ие әдеби жанрларды, үздік авторлар мен үздік кітаптарды атап өтті.

Сауалнама нәтижесінде мына азаматтар жеңімпаз атанды: "Жылдың үздік баспасы - Мереке Құлкенов; Жылдың әдеби дебюті - Олег Червинский; Кiтап like (оқырмандар таңдауы) - Зира Наурызбаева; Әлеуметтік мәнге ие тақырыпқа арналған үздік кітап - Ерлан Қарин; Жылдың үздік меценаты (Әдебиетке көрсеткен қолдауы үшін) - Бауыржан Оспанов. Марапатқа ие болған 5 тұлғамен ұйымдастыру комитетінің мүшелері Айдос Сарым, Досым Сатпаев, Нұржан Жалауқызы, Расул Жұмалы және Қуат Домбай шағын сұхбат жүргізді", - делінген хабарламада. 

Жеңімпаздарға тапсырылған мүсіншелер "Эльдани" қайырымдылық қорының "Сәндік-қолданбалы өнер шеберханасында дайындалды. Бүгінгі таңда бұл ұстаханада 1-ші және 2-ші топтағы 15 шебер жұмыс істейді. Бұл мүсіншелерді мүмкіндігі шектеулі жандар бірлесіп жасады. Біреуі нобайын қағазға түсірсе, екіншісі безендірді, үшіншісі құрастырды.

"Жалпы "Алтын қалам" құлашын кең жайып келеді. Байқауға қатысушылар қатары да, жолданған жұмыстар саны да жыл өткен сайын артып барады. Бұл заманауи Қазақстан әдебиеті қарқын ала бастағанын, өз оқырмандарын таба бастағанын аңғартады. Сондықтан төл әдебиетіміздің дамуына өз үлесін қосып келе жатқан тұлғаларды марапаттауды жөн көрдік. Барлығы әділ болу үшін арнайы әлеуметтік зерттеу жүргізіп, таңдаулы қаламгерлерге құрмет көрсеттік. Оларға арнайы диплом мен кітапты басынан асыра көтеріп тұрған әйелді бейнелеген мүсіншені сыйладық. Бұл мүсінше білім мен рухтың белгісі іспеттес", - дейді ұйымдастырушылар.


© Суреттер ұйымдастыру комитетінен


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай