21 қыркүйек 2014 16:03

Қарағанды облысында Бұқар жырау ескерткіші ашылды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Бүгін Қарағанды облысында халқымыздың біртуар перзенті — Бұқар жыраудың ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Алыстан көз тартатын асқақ рухты сәулет туындысының тұсаукесер рәсіміне жергілікті билік өкілдері, өнер және мәдениет қайраткерлері қатысты.


Бүгін Қарағанды облысында халқымыздың біртуар перзенті — Бұқар жыраудың ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Алыстан көз тартатын асқақ рухты сәулет туындысының тұсаукесер рәсіміне жергілікті билік өкілдері, өнер және мәдениет қайраткерлері қатысты.

- Төл тарихымызда өзіндік өшпес ізін қалдырған ардақты бабаларымызды әрқашанда мақтан етеміз. Солардың бірі – аты аңызға айналған Бұқар жырау Қалқаманұлы. Кезінде тамаша дарынымен «Көмекей әулие» атанған ардақты жырау бабамыз Алаштың айбынды Абылай ханының ақылшысы болғаны тарихтан жақсы белгілі.

Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен байтақ даламызды жаудан қорғап қалған батыр бабаларымызға, сол батырлардың ерен ерліктерін дәріптеген жырауларымызға қандай құрмет көрсетсек те артық болмайды. Бүгінгі игілікті шара осындай орынды құрметтің нақты бір көрінісі болып табылады,-деді Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков құттықтау сөзінде.

Бұл күні көрермен назарына С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры өнерпаздарының әзірлеген қойылымы көрсетілді. Сонымен қатар Ботақара кентінің қазақ мектебінде Бұқар жырау атындағы жыршы-жыраулар сыныбы ашылады. Мәдениет үйінің үлкен залында Бұқар жырау ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған фильмнің тұсаукесері болды.

Республикаға белгілі ақындар Балғынбек Имашев, Серік Дүйсенғазин, Мейірбек Сұлтанхан, Жансая Мусина, Дидар Қамиев және Айтбай Жұмағұловтың қатысуымен ақындар айтысы өткізілді. Сондай-ақ жыршы Алмас Алматов пен Бекболат Тілеухан жырдан шашу шашты.

Бұқар жырау ескерткішінің авторы – ҚР Суретшілер одағының мүшесі, мәдениет қайраткері, мүсінші Бейбіт Мұстафин. Ескерткіш мемлекеттік комиссия ұсынысына сәйкес, бетоннан жасалып, қола түстес бояумен боялған. Мүсіндік композиция барлық техникалық талаптарға сай. Биіктігі 8 м. 40 см., тұғыры – 4 м. 20 см., ал салмағы 16 тонна.

- Бұл сәулеттік туынды арқылы біз еркіндікке ұмтылу идеясын, Бұқар жыраудың хандарға ақылшы, халқына басшы болған өр рухты өжет тұлға екенін көрсеткіміз келді,- дейді ескерткіш авторы Бейбіт Мұстафин.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылы баба мүсінін жасау қолға алынып, республикалық конкурс жарияланған болатын. Жалпы саны 21 эскиз ұсынылған еді. Арнайы құрылған комиссияның қорытындысы бойынша Б.Мұстафиннің жұмысы лайық деп танылды.

Как вам дизайн сайта Tengri News?
Пройти опрос
Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 449.3   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети