Головкин - Альварес жекпе-жегінің 5 мамырда өтпеуіне 5 себеп

30 Наурыз 2018, 09:15
0
Головкин - Альварес жекпе-жегінің 5 мамырда өтпеуіне 5 себеп - © Getty Images
© Getty Images
2018 жылдың басты спорттық сайысына баланған кәсіпқой бокстағы Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы екінші жекпе-жек 5 мамырда өтпеуі мүмкін. Осыған орай Vesti.kz тілшісі жекпе-жекке кедергі болып отырған бес негізгі себепті атады.
 
Бәріне кедергі болған кленбутерол қосылған ет пе?

Наурыз айының басында мексикалық боксшының допинг сынамасынан кленбутерол табылды. Бұл препарат адамға бұлшықет көлемін өсіруге және майды жоюға көмектеседі. Ал спорттан тыс бұл препарат жануарлардың салмақ қосуы үшін де пайдаланылады екен.

"Канело" қалай ақталды? Ол бұл препарат қанына ет арқылы түскенін айтты. Боксшы, болмаса оның дәрігер мамандары (диетолог) еттің зақымдалғанын білмеген. Шын мәнінде кәсіби спортшы не жеуді, қайдан жеуді білуі керек емес пе? Әлде мексикалықтың бұл бір құйтырқы әрекеттерінің бірі ме? Бәлкім, жекпе-жекке дайын емес пе екен?

Сауль Альварестің қанынан допинг табылғаны туралы ақпарат жарияланған сәттен бастап, спорт сарапшыларының ойы сан саққа кетті. Тіпті бұл жекпе-жек алдындағы "қара пиардың" бірі деп бағалағандар да болды.

Спорт жанкүйерлері қос боксшы арасындағы кездесу өтпей қала ма деп әу бастан алаңдаған. Билеттер де сатылып кеткен. Десе де спорт сарапшыларының көпшілігі бұл жекпе-жектің өтпей қалуына күмәнмен қараған-ды. Әйтсе де 5 мамырда өтпей қалуына себеп артып келе жатқандай...

1. Жекпе-жек НВО арнасының бағдарламасынан алынып тасталды

Қос боксшы арасындағы жекпе-жек НВО арнасының бағдарламасынан алынып тасталды. Себебі мексикалық боксшы қазір жарыстардан уақытша шеттетілген. Бұл - бокс кешінің өтпеу қалуына басты себеп болмауы да мүмкін. Әйтсе де телеарна үшін бұлай жасау тиімді де емес. Невада штатындағы Атлеттер комиссиясы (NSAC) Сауль Альвареске қатысты шешімді 10 сәуірде шығарады. Одан кейінгі аралық арна жарнамасы үшін аз болуы да ықтимал.

2. Билеттер кері қайтарыла бастады - БАҚ

Қос боксшы арасындағы билеттер жылдам сатылып кеткен еді. Бүгін Fightnights.com басылымы қос боксшы арасындағы жекпе-жек билеттерінің кері қайтарыла бастағанын хабарлады.

"Орта салмақтағы Сауль "Канело" Альварес пен Геннадий Головкин арасындағы ұзақ күткен жекпе-жектің болмай қалу қаупі бар.

Las Vegas Review-Journal шолуында MGM компаниясының ресми өкілі билет сатып алған жанкүйерлер оны қайтара алатыны туралы мәтіндік хабарлама таратқаны айтылған", - деп хабарлайды басылым.

Иә, билеттердің кері қайтарылуы - жекпе-жектің өтпеуінің айқын бір дәлелі бола алады. Әйтсе де БАҚ-та жарияланған ақпарат шындыққа жанаса ма, жанаспай ма, ол жағы әлі белгісіз.

3. Ұйымдастырушылар жарнама жұмысын тоқтатты

Қос боксшы арасындағы бокс кешін ұйымдастырушылар жарнамалық жұмыстарды тоқтатқан. Los Angeles Times ақпараты бойынша Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясы бокс кешіне қатысты іс-шараларды ұйымдастырып жатқан жоқ. НВО арнасы жарнамалары тізімінде де жоқ

4. "Канело" жарыстардан қанша уақытқа шеттетіледі?

Los Angeles Times хабарлағандай, мексикалық боксшы 1 жылға дейін спорттан шеттетілуі мүмкін. Кленбутерол мөлшеріне қарай жарты жыл болуы да мүмкін. "Канелоның" 17 және 20 ақпандағы допинг сынамалары сәтті болған жоқ. Сондықтан қандай да бір жаза қолданылуы тиіс.

5. Қос боксшы арасындағы жекпе-жек қайта күзде өтуі мүмкін
 
ESPN арнасының сарапшысы, танымал бокс маманы Дэн Рафаэль Головкин мен Альварес арасындағы жекпе-жектің 5 мамырда өтпейтініне сенімді.

"Мен көпжылдық тәжірибеме сүйенетін болсам, бұл жекпе-жек 5 мамырда өтпейді. Оған сенімдімін. Комиссия жекпе-жектің өтуіне рұқсатын бере қоймас. Альварес дәлелдей алмайды. "Канело" мен оның командасы допинг ережесіне салғырт қарады. Кем дегенде 6 айға спорттан шеттетілуі керек. Сонда жаза мерзімі 17 тамызға тура келеді. Ал Головкин болса, 5 мамыр күні өзге боксшымен жұдырықтасуы мүмкін. Болмаса жаз айларында бір жекпе-жек өткізеді. Ал екі боксшы тағы да Мексика елінің тәуелсіздігі (17 қыркүйек) күні жұдырықтасуы бек мүмкін, - дейді.

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай